КӨКБАСТАУДАҒЫ ТҰЛПАРЛАР ТАРТЫСЫ

Уақыты: 29.08.2017
Оқылды: 1939

Жексенбі күні «Көкбастау» ипподромында Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогы үшін ұлттық ат спорты түрлерінен жарыс өтті. Конституция Күніне және «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне арналған республикалық айтулы шараға облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ қатысты. Облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған бәйгеде кең-байтақ еліміздің әр өңірінен әкелінген екі жүзден аса жүйріктің тұяғы даланы дүбірге бөледі.

         Тамыз таңы бұл күні шапағын молынан төге атты. Көкбастау жазығына қарай жан-жақтан ағылған жұртта есеп жоқ. Көрермені бар, жүйрік баптап әкелгені бар, бәрі де бүгінгі болатын қызықтан құр қалмауға асығатындай. Атбегілер үкілеп қосар жүйріктерін дүбірлі додаға дайындаудың соңғы қамын жасауда. Ата Заң мен «ЭКСПО» құрметіне Елбасы жүлдесі сарапқа түсетін аламанды қызықтауға келгендер белгіленген уақытта тиісті орыннан табылды. Атшабар алаңы мерекеге сай безендіріліп, төбеде түрлі-түсті жарыс жалаулары желбірейді. «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің әртістері ән мен жырды құйқылжытты.

         Жарыстың салтанатты ашылуында дала төсіндегі мінбеден облыс әкімі Амандық ҒАББАСҰЛЫ сөз алып, ұлттық ат спорты ойындарының жанкүйерлерін мерекемен құттықтады. Көкбастау атшабарында Президент кубогы үшін биыл осымен он тоғызыншы жыл жалауын көтерген дәстүрлі жарыстың ұлттық құндылықтарымызды сақтап, салауатты өмір салтын қалыптастыруда алар орны зор екенін атап өтіп, ұлттық ат спортын дамытуда жетісулық атбегілердің еңбегіне  табыс, додаға түсетін шабандоздарға сәттілік тіледі. Жүйрік баптаудың қыр-сырын кейінгі буынға үйретіп жүрген белгілі атбегі, еңбек ардагері Нәркен Қалыбеков ақсақал жиналған қауымға ақ батасын берді. Ат спорты ойындарының ережеге сай өтуін ұлттық дәрежедегі төрешілер қалт жібермей қадағалап тұрды. Беткейге жайғасқан көрермен алдынан жарыстың бас төрешісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері Орынтай Әмірғалиев бастаған шабандоздар легі салтанатпен сап түзеп өтті.

         Бәйге тай жарысымен басталды. Шабандоз балалар тақымдаған 45 тай 5 шақырымға шапты. Нәтижесінде Жамбыл ауданы, Беріктас ауылының жүйрігі бірінші, Қарасай ауданының тайы екінші, Жамбыл облысынан қосылған екі тұлпар үшінші және төртінші, Қырғыз Республикасының қылқұйрығы бесінші болып келді. Одан кейін аш күзендей шиыршық атқан 62 құнан 11 шақырымға тізгін босатты. Бірінен-бірі оза шапқан жүйріктердің арасы айналым асқан сайын ұзай берді. Соңғы айналымды бірінші болып Жамбыл облысының тұрғыны Талғат Сәкеновтың қара құнаны аяқтап, «Лада Гранта» автокөлігін ұтты, үстіндегі шабандозы Жолаушы Дінмұхамед. Екінші болып алматылық Төреғали Төрәлінің жирен құнаны «Айару» өтті, үшінші орында Жамбыл ауданынан Асылбек Бөкебаевтың  «Томирисі», төртінші орында Талғар ауданынан Мерхат Бұлғыновтың қаракөк түсті жүйрігі, бесінші болып Қаратал ауданынан Жеңіс Смаиловтың «Хабары» келіп, ақшалай сыйлықтарға ие болды.

         Топ бәйгеде 16 шақырымға құйрық-жалы сүзілген кілең жүйріктің желмен жарыса жүйткуі де жанкүйердің жан-жақтан қиқу салуымен қызықталды. Бұл топқа тайдан бастап бестіге дейінгі 42 ат қатыстырылды. Қорытындысында Адыш Тұратұлының тақымында жұлдыздай аққан «Байторы» алдымен келіп, иесіне, көршілес қырғыз елінің азаматы Тұрсыналы Мамбетаитовке автокөлік сыйлады. Жамбыл ауданынан Ералы Мәулетханның астындағы төрт жасар торы «Толқын» екінші келді. Үшінші және бесінші орындарды тағы да қырғызстандық Қанат Долотбақовтың «Қарақұсы» мен «Асанбек ата» жылқы зауытының «Ақжолтайы» алды. Алматы қаласынан Артығали Миразовтың «Қаракөзі» төртінші жүлдені иесіне алып берді, тақымы суланған шабандозы Бекзат есімді өрен.

         Төрт аяғы тайпалған жорға дегенде желпінбейтін қазақ бар ма, сірә. Сусылдап ала жөнелгенде үстінде су төгілмес жорғаның жүрісі аса жайлылығымен ерекше. Он бес жорғаның аяқ алысы 9 шақырымдық қашықтықта сыналды. Шығыс Қазақстан облысынан ат арытып келген Николай Шапаровтың тоғыз жасар күрең жорғасының жылдамдығы бәрінен басым түсті. Тік отырып тізгін тартқан шабандозы – Руфат Жапашев. Жамбыл ауданынан Асылбек Бөкебаевтың жеті жасар «Жойқыны» екінші орынды еншіледі. Райымбек ауданынан Талғат Бектұрсыновтың қара жорғасы үшінші болып келді. Мәреден төртінші, бесінші болып Кеңесбек Оспановтың он екі жасар күрең жорғасы мен Қалқаман Қапсалаңовтың «Белесі» өтті, екеуі де Алакөл ауданынан.

         Көптен күткен аламанға да кезек жетті. Мұнда жарыстың Бас бәйгесі – Президент кубогы үшін тер төгілмек. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар деген 45 жүйрік атшабарда сегіз жарым айналымда 25 шақырымға бауыр жаза көсілді. Мұндай қашықтыққа тұлпардың тұлпары ғана шыдас берері анық. Осыны алдын ала сезген жұрт желдей ескен жануарлардың шабысына жан-жақтан қиқу салды. Бірін-бірі шаң қаптырып, алғашында топталып шықса, келе-келе түйдек-түйдегімен жүйткіген сәйгүліктердің жылдамдығы таң қаларлық. Айналым артқан сайын қылқұйрықтылардың қатары үздік-создықталып, артта қалғандары жарыс жолынан біртіндеп шығып жатты.

         Аламанда жеті атқа бәйге тігілген еді. Шын жүйрік екенін танытқан үш тұлпар о бастағы жылдамдықтарын жоғалтпаған күйі мәреден құйрық тістесе, іркес-тіркес өтті. Соңдарынан екпіні басылған жирен де жетті. Сөйтіп белгіленген межені төрт ат қана толық аяқтады.  Сонымен ұзаққа шапқаннан Қарасай ауданынан Әлнұр Назарбаевтың «Ақтабаны» озып, ресейлік жол талғамайтын «Уаз Патриот» көлігін иесіне тақымдатты. Осылайша нағыз бабындағы бесті қаракерге тақымын сулатқан шабандоз Жеткізген Бақытжанның мерейі үстем болды. Оңтүстік Қазақстан облысынан Құрманбек Аптауовтың алты жасар «Керідауылы» екінші, Жамбыл ауданынан Ерсұлтан Серіковтың «Багирасы» үшінші, алакөлдік Ербатыр Баймұхамбетовтың «Оқжетпесі» төртінші орындарды еншіледі.

         Жанкүйердің делебесін қоздырған бәйгелердің аралығында басқа да ұлттық ат спорты ойындары тамашаланды. Қыз қууға қатысқан Раушан Бейсенбиева мен Әбдуәлі Әшіровтың екеуі де боз ат мініп, әдемі ұлттық киіммен ортаға шыға келуі жарасымды болды. Өз кезегінде жігіт қызды ұзатпай қуып жетіп, үзеңгі қағыстырды. Кері қайтар жолда енді жігіттің соңынан қыз қуғанмен, Әбдуәлінің астындағы ақбоз ат ұшқырлығын көрсетіп, иесінің жотасына қамшы тигізбеді.

         Аттың белі мен үстіндегі жігіттің білек күші қатар сыналар аударыспақта 80, 90 келі салмақтарда Айдар мен Мұрат, Ринат пен Закир күш сынасты. Шеңбер ортасында ширыққандар бірін-бірі аттан аударып түсіріп, мықтылықтарын танытып жатты. Сондай-ақ Айтбек Дінмұхамет, Ноғайбек Дулат, Мейіржан Мәтжан теңге ілуде шеберлік байқасты. «Сұңқар» мен «Тұлпар» командалары арасындағы көкпар додасы 4:2 есебімен аяқталып, қазанға көк серкені сұңқарлықтар көбірек салды.

Бәйге жеңімпаздарына салтанатты жағдайда жүлделері табысталып, шабандоз балалар жеңіс тұғырында марапатталды. Облыстық мәслихат хатшысы Сұлтан Дүйсембінов аламан бәйгенің жеңімпазы, шабандоз Жеткізген Бақытжанға Президент Кубогы мен 1-дәрежелі диплом, ат иесіне темір тұлпар кілтін тапсырды. Облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Әлихан Тойбаев, еңбек ардагері Тұрарбек Асанов топ, құнан бәйгелер мен жорға жарысының жеңімпаздарына дипломдар мен бағалы сыйлықтарын тапсырды. 

Серік САТЫБАЛДИЕВ