Түйе балуандар белдеседі

Уақыты: 07.09.2017
Оқылды: 1404
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте 8 қыркүйек күні Астанадағы «Барыс Аренада» қазақ күресінен «Әлем Барысы» атауымен түйе балуандар арасында өтетін әлем чемпионаты жайлы сөз болды.

ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында ұйымдастырылып отырған беделді бәсекеге 40 елдің балуаны қатысады. Шетелдік спортшыларға Қазақстанның төрт балуаны қарсы шығады. Еске сала кетсек, 22 тамыздан бастап қазақ күресінен Қазақстан Ұлттық құрамасы Астанада оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Жиын нәтижесі бойынша бас жаттықтырушы Ерлан Естек бастаған бапкерлік кеңесінің шешімі бойынша бұл додаға Айбек Нұғымаров, Мұхит Тұрсынов, Айбат Сейтен және Дәурен Нұралинов, сонымен қатар, биылғы «Қазақстан Барысы» жеңімпазы Еламан Ерғалиев, танымал түйе балуан Ержан Шынкеевтің қатысуы бек мүмкін.

 «Әлем Барысы» осымен екінші рет өткелі тұр. 2014 жылы алғашқы турнирге 35 елдің апайтөс балуандары қатысты. Осы реткі біріншіліктің жалпы жүлде қоры 30 миллион теңге. Оның 15 миллионы жеңімпазға тиесілі. Дәстүр бойынша, алтын, күміс және қола белбеулер де қарастырылған. Жанкүйерлер де жүлдесіз қалмайды. Көрермендер арасында Renault Logan автокөлігі ойнатылады. Сондай-ақ, жарыс шарты бойынша, барлық қатысушыға қазақ күресіне арналған спорттық күртеше мен аяқкиім беріледі.

Балуандарға фото-сессия ұйымдастырылып, шетелдік төрешілерге қазақ күресінің ережелері бойынша семинар өткізу жоспарланған.

Қажет АНДАС.