БАЛҚАШ АУДАНЫНЫҢ ЕҢ МЫҚТЫ БАЛУАНЫ КІМ? ТОЛАҒАЙЛАР ТУРНИРІ

Уақыты: 30.04.2022
Оқылды: 1606

Аудандық дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінде қазақ күресінен «Балқаш бөрісі» турнирі өтті.

Спорттық шараның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Ғалым Тоқпейісов өңір абыройын республика көлемінде асқақтатып жүрген қазақ күресінің жас балуандары жайына кеңінен тоқталып, аудан көлемінде спортпен шұғылданатын жасөспірімдерге барлық жағдай жасалғанын айтты. Сонымен қатар, Ғалым Қасымұлы Талдықорған қаласында өтетін жарысқа іріктеу мақсатында ұйымдастырылып жатқан аудандық турнирге қатысушы спортшыларға сәттілік тіледі. Мұнан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев турнирге қатысушы балуандардың бозкілемде белдесіп, жеңіс тұғырынан көрінулеріне жүрекжарды тілегін арнап,  батасын берді.

Аудан әкімінің жүлдесі үшін ұйымдастырылған «Балқаш бөрісі» турниріне 15 ауылдық округтен 2 балуаннан қатысып, өзара бозкілемде бақ сынады. «Күш атасын танымас» демекші, белдесуге қатысқан балуандардың жас ерекшеліктері мен салмақ дәрежелері әртүрлі болса да жеңіс тұғырынан көріну мақсатында еш аянбастан қарсыластарын қапыда қалдыруға тырысып бақты.

Кіл мықтыдан кім мықтыны анықтайтын ақтық сайыста өнер көрсеткен көкталдық балуан Әлімжан Жұмахмет пен Бақанас ауылының намысын қорғаған Айбол Айтбай арасындағы белдесу тартысты өтті. Белдесудің аяқталуына соңғы минуттар қалғанда Әлімжан аса шеберлікпен айласын асырып, Айболдың жауырынын жер иіскетті. Сөйтіп, «Балқаш бөрісі» атағын Көктал ауылының балуаны Әлімжан Жұмахмет жеңіп алды. Ал бақанастық балуан Айбол Айтбай ІІ орынға табан тіресе, жүлделі ІІІ орынды Жиделі ауылының балуаны Ержан Кәрібай қанағат тұтты.

Жеңіс тұғырынан көрінген балуандарды аудан әкімінің орынбасары Бөріхан Нарымбетұлы марапаттады.

Бақтығали ДӘУІТБАЕВ

Балқаш ауданы

Алматы облысы