ШАҒАН ТАУЫН БАҒЫНДЫРДЫ

Уақыты: 30.06.2022
Оқылды: 1652

Көксу ауданы, Ақтекше ауылында «Шаған тау марафоны – 2022» жарысы өтті. Желаяқтар бәсекесіне республиканың барлық аймағынан 300-ге жуық жеңіл атлеттер жиылды. Әуесқой жеңіл атлеттермен бірге халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жасы 72-ге келген Биебай Тілемісов, Юрий Пащенко да  бақ сынады.

Жалпы, Жетісу жерінде тау марафоны тұңғыш рет өтіп отыр. Дүбірлі доданы Ақтекше ауылының азаматтары ұйымдастырды. Жарыс 2 кезеңнен тұрды. Бірінші болып жарысты 6,5 шақырымға жүгірушілер бастады. Теңіз деңгейінен 1500 метр биіктіктегі Шаған тауына жүгіргендердің ішінен белгіленген межені бірінші болып 15-34 жас аралығында ақтөбелік Ислам Аманқос бағындырды. Елордадан келген Әкім Еркебай күмісті иеленсе, аягөздік желаяқ Сергей Талканов 3-орынға жайғасты.
35-49 жас арасында Дәулет Бекқожаев ешкімге дес бермеді. Мұрат Саурықов 2-орыннан көрінсе, Ержан Жазылбеков қолаға қол созды.  Бәсекенің қызығы 13 шақырымға жүгіргендер арасында болды. Бағын сынағандардың басым көпшілігі тау шыңына шыға алмады. Жүлдеге қол созғандардың арасында талдықорғандық Данияр Орманғали 1-болып Шаған тауын бағындырды. 2-орыннан алматылық Аман Нұргелді көрінді. Ақтөбеден келген желаяқ Нұрысбек Сексенбай қоланы қанжығаға байлады. Бұлар – 15-34 жас аралығындағы спортшылар.
Ал 35-49 жас арасында Зайсанның спортшысы Манат Әмет алдына жан салмады. Талдықорғандық Александр Сысов бұл жолы күмісті қанағат тұтты. Алматыдан келген Денис Власов қола медаль иеленді.
Жеңімпаздарға арнайы диплом, медаль және қаржылай сыйлық табысталды. 
Биыл алғаш рет жалауын көтерген жарыс алдағы уақытта дәстүрлі түрде өтпек.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ
Көксу ауданы
Жетісу облысы