«АУЫЛ ҰЛАНДАРЫ» АЛДАН КӨРІНДІ

Уақыты: 04.07.2022
Оқылды: 1196

«Әлем қырандары» республикалық қоғамдық  бірлестігінің 15 жылдығына орай орыс бильярдынан ұйымдастырылатын халықаралық жарыс биыл Павлодар қаласында өтті. Жарысқа еліміздің облыстарынан, Ресей мен Қырғызстаннан 24 команда қатысты. Бір командада жеті адамнан ойнады. Екі күнге созылған бәсекеде Нұр-Сұлтан қаласының «Тарлан» командасы 1-орын алды. Ал 2-орынды жарысқа тұңғыш рет қатысқан «Ауыл ұландары» командасы еншіледі.

Елімізге танымал спорт қайраткері Несіп Жүнісбайұлы ағамыздың республикалық «Ауыл» спорттық қоғамының төрағасы және «Ауыл» партиясының мүшесі ретінде жасақтап, дүбірге қосқан командасы ауылдың туын желбіретті. 
Жыл сайынғы жарыста жүлдесіз қалмайтын «Астана қырандары» командасы 3-орынды жеңіп алды. «Ауыл ұландары» командасының мүшесі Марат Тоқтарбеков 63 жастан асқан бильярдшылар арасындағы жекелей сында қола жүлдегер атанды. Бәсекенің шарты бойынша сынға түскендер екі топқа бөлінді. 50 мен 63 жас арасындағы топта 1-орынды Павлодар облысының командасы иеленді. «Ауыл ұландары» командасы алдағы жарыстарда Алматы облысының намысын қорғайтыны жайлы команданың ұйымдастырушысы, жетекшісі Несіп Жүнісбайұлы ағамыз хабарлады. Орыс бильярды шын мәнінде ардагерлердің және зейнеткерлердің сүйікті ойынына айналды. Тағы бір айта кетерлігі, Керекуді дүбірге бөлеген бәсеке қыркүйек айында жаңадан құрылған Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында өтпекші. 

Әмір САНА