Жансақтау бөліміне жеткізілді: Энергетикалық сусынға әуес болған

Уақыты: 28.05.2023
Оқылды: 1086

Осы бір темір қалбырдың ішіндегі дәмі тәтті болғанымен серті қатты сусынға әуестенушілер қатары өсіп келеді. Оны мен өз құрбы-құрдастырымның күнделікті өмірінен көріп келемін. Энергетикалық сусын арқылы шөлін қандырып, шаршағанын басып, жаңа бастамаларға күш-қуат аламын дейтіндер өздерінің алданып жүргенін басында білмейді.

Қоғамда энергетикалық сусынды тұтынатын азаматтардың көбі такси жүргізушілері. Сондай-ақ, түнде демалмайтындар мен   сынаққа дайындалатын жастар. Сусынның қалбырын жинап, оны әлеуметтік желіге жүктеп, мақтанатындардың қылығы ұялтады. Осындайларға  мақтаншақтықтың соңы азапқа апарып соғатынын айтып,  тәуелділіктен сақтандырып, пікір жазып жататындар да бар. Бірақ, замандастарымның сол кеңесті тыңдамайтындары алаңдатады. Тіпті кейбіреулер тәуелділіктен арыла алмай жүргендерін айтып, көптен кеңес сұрайды.

Дәрігерлердің айтуынша, энергетикалық сусынды күніне  екі қалбырдан артық ішпеу керек. Мөлшерден артық пайдаланған жағдайда қанның қысымы көтеріліп, ағзада  қант мөлшері көбейеді. Дегенмен де тұтынушалардың саны көбеймесе азаймай тұр.  Ұзақ уақыт  энергетикалық сусынды қолданған «Д» есімді қыздың асқазаны ауырып, «Жедел жәрдеммен»  жансақтау бөліміне жеткізілді. Ол ұзақ емделді. Құр сүлдері қалып, оқудан кетуге мәжбүр болды. Осы жағдай оның хәлінен хабардар басқаларды ойлантуы керек еді. Жоқ, олай болмай тұр.

Зиянды сусын кейбір елдерде дәрі есебінде қолданылады. Ол көңілдің көтерілуіне де әсер етеді.  Қолданушылар энергетикалық сусыннан күш аламын, ұйқым ашылады деп ойлайды. Табиғаттың заңы бойынша, адам уақытымен ұйықтап, миы тынығуы керек. Әйтпесе, көзі ұйықтамағанмен миы ұйықтап кетеді. Сондықтан, жол-көлік оқиғысына шалдығуы жиі орын алады.  Медицина жүкті әйелдер, жас  жеткіншектер, жүрегі ауыратын, кофеинді көтере алмайтын адамдардың ішуге болмайтынын ескертеді. Бір қалбыр энергетикалық сусынның құрамында 12 қасық қант пен 7 кесе кофе бар. Көп мөлшердегі қант пен кофенің ағзаға тигізер зиянын есептей беріңіз. Сондықтан, энергетикалық сусыннан күш аламын деп денсаулығыңызды әлсіретіп жатқаныңызды ұмытпаңыз. Айтар бізден, тыңдар сізден.

Айнұр РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,
Жетісу университетінің гуманитарлық факультеті,
журналистика  кафедрасының студенті.

Сурет ғаламтордан алынды