Жент жасайтын жігіт

Уақыты: 18.03.2017
Оқылды: 1888

Алтай аймағы, Шіңгіл ауданы, Ағашоба ауылынан ата жұртты аңсап, 2004 жылы елге оралып, Көксу ауданына   қарасты Мұсабек ауылына орналасқан Сабырбек отбасы дәнді дақылдар саудалаумен айналысып келеді.

Таза әрі артық қоспасыз дайындалған тағамдарды әр шаңырақтың ақ дастарқанына қою үшін тер төккен әулет елге оралмай тұрып та осы кәсіппен айналысқан. Алтайда жүргенде жайлауға барып, дүкен ашып, сауда-саттықты да кәсіп еткен. Елге оралған соң шағын дүкен ашып, жексенбілік базарға тары, талқан өнімдерін шығарып жүрген отбасы азын-аулық табыс көзін қанағат тұтып жүреді. Көзіне көрінген үш қарғасының болашағы үшін қолдан келген жұмыспен айналысқан әке-шеше ең әуелі ұлттық дүниелерді басты назарға ала отырып, «Ата дәм» атауымен отандық өнімді өндіруге білек сыбана кіріседі. Бұл жұмыстың басы-қасында жүрген үйдің тұңғышы Таланттың да еңбегін ерекше атап өткен жөн. Ол ес білгелі ата-анасы саудамен айналысқан. Ара-тұра дүкен тізгінін өзі де ұстап қалатын. Кәсіпкер болуды жасынан қалаған жас жігіт студенттік кезде мықты кәсіпкерлерден дәріс алған. Соның жемісін бүгінде өзі көріп келеді. Әкесі Сабырбек пен анасы Айгүл өздері де соңдарынан ерген балаларына саудадағы тазалықтан аттамауды өсиет етеді. Сол отбасылық қағида әлі күнге дейін бұзылған жоқ. Бұзылмайды да. 
– Біз қазір он екі өнімді дайындаймыз. Қызылорданың, Нүкістің қызыл, сары тарыларын жеткіземіз. Ал бидай, жүгері өнімдерін өз өңірімізден аламыз. Осы өнімдерді қосып, анам жент дайындайды. Бұрындары ауқатты отбасылар бұл дәмді қысқа әзірлеген. Женттің құны да, құнары мен қасиеті де сары майдан жоғары тұрады. Сондықтан оны құрметті қонақтарға той, мереке күндерінде ғана дастарқанға қояды. Барлық дәнді дақылдың денсаулыққа пайдасы зор. Елдегі әрбір жанның дені сау болуы үшін ұлттық тағамдармен айналысуды қолға алдық. Ертеңгі елімізді дені сау ұрпақпен толықтырамыз десек, түрлі химиялық қоспа қосылған астан бас тартқанымыз жөн,  – дейді жас кәсіпкер. 
Өткен жылы «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасына қатысып, 1 миллион теңгенің грантын ұтып алған. Мемлекет қолдауын сезінген Сабырбек отбасы Балпық би ауылынан тары-талқан жасайтын шағын зауыт ашқан. Қажетті техникалық құрал-жабдықтың барлығын аспан асты елінен жеткізген. Ең бастысы – әке-шеше бастаған отбасылық кәсіптің биік шыңға жеткені көпшілікті қуантады. Халық назарына әсіресе, мектепте ұлттық тағамдарды жарнамалау жұмыстарын да жүйелі өткізуде. Мұндағы басты мақсат – жас өркендерді таза әрі сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету. 
Шаттығы жарасқан шаңырақтың аяулы анасы, ақылшы енесі бола білген отан-асының дастарқанынан дәнді дақыл өнімдері ешқашан үзілген емес. Күнде таңертең тары-талқан ботқасынсыз ас бермеуді келіні де әдетке айналдырған. Тіпті, қонаққа бара қалса өз өнімдерін сарқыт қылып алып бару бұл үйдің бұлжымас заңына айналған. 
Тұтынушылар қызылордалық тарыны көп алады. Бізді қуантқаны – алушылардың ішінде өзге ұлт өкілдерінің көптеп кездесуі. Әсіресе, егде жастағы жандар келіп, қазақтың ұлттық дәміне деген сұранысты арттырып жатқанына олар да риза. Олай болса, ақ дастарқанның сәнін келтіретін ұлттық тағамдарды ұлықтап жүрген Сабырбек отбасы кәсібінің тасы өрге домаласын дегіміз келеді. 

Еңлік КЕНЕБАЕВА
Көксу ауданы.