Көк тас пен көңіл жібіген

Уақыты: 18.03.2017
Оқылды: 2854

Көктемнің тұмса табиғатымен жарыса жігіттер шапанын, арулар камзолын киіп, таңсәріден көрші-қолаңды жиып, аналарымыз наурызкөже дайындап мәре-сәре болып жатады. Бұл күні даланы Қызыр ата аралайды деп барлық үйдің есігін ашық ұстап, жақындарына наурыз- көжеден дәм татырады.

Ұлттық ойынды жаңғыртып, ұлан асыр той жасап, мыңжылдық құдаларымен қауышқандай төс қағыстырып көрісуінің өзі татулықтың бір нышаны емес пе? Татулық мерекесінде ренжісіп қалған адамдар бір-бірінен кешірім сұрайды. Бір-біріне ақ тілектерін жаудырады. Оған даналарымыздың қанатты сөздері  дәлел. 
 Наурыздың «Ұлыстың ұлы күні» «Жер бетінде жақсылық қонған күн», «Жер ананың тоң кеудесі жібіп тас емшегі иген күн», «Самарқанның көк тасы еріген күн» деп атайды. Сондықтан Ұлы күнде ренжіскен адамдардың көңілінде қылаң тұрмауы тиіс деген қағида бар.  Бағзы дәуірде бабаларымыз бір-бірімен ренжісіп қалған жандарға «Самарқанның көк тасы да Наурызда жібіген, сендердің де татуласатын күндерің келді», – деп отыратын. Енді қайдан шыққан көк тас дейсіздер ғой? Ол жайлы айтылып жүрген аңыз әңгімеге құлақ түрсек. 
«Самарқандағы Әмір Темірдің немересі, өз заманының ұлы астрономы Ұлықбектің обсерваториясындағы аспан денелерін белгілеген үлкен көк тасқа Наурыз айында күн сәулесі тікелей түскенде әлгі тас бір сәтке ериді екен». Иә, бұл жай ғана аңыз. Әйтсе де тас жібіткен ай аңыз арқылы, адамдардың жүрегін жібітуіне септігін тигізіп тұр. Осының нәтижесінде әр адам бір-бірінің жіберген ағаттықтарына түсіністікпен қарап,  жылы лебізін білдіруде. Татулықты ту еткен мерекенің соңы наурызкөже, наурыз бата секілді дәстүрмен жалғасып, ән-күйге ұласады. 
Татулықты ту еткен, береке-бірлікті жыр еткен Ұлыстың ұлы күнінің өзге мерекелерден айырмашылығы елімізді кешірімді болуға баулиды.  Ең бастысы халықты араз болмасын деп барлығын татулыққа тартатын күніміз таусылмасын! Осындай ынтымақты, береке-бірлігі жарасқан күнде бабалар салтын сақтасақ, болашағы нық мемлекетке айналарымыз анық. Үлкен мен кіші арасындағы сыйластықты орнатып, қателікке кешіріммен қарауды, даналық пен ұлағаттылықтың үлгісін көрсетуді, салт-дәстүр мен әдет ғұрыпты сақтай білген күн баршаңызды шаттыққа бөлесін. Мәңгілік Ел болуға қадам басқызған татулық тойы құтты болсын!

Айдар  ҚАЛИЕВ