Қарттардың да өнерге бар таласы

Уақыты: 30.03.2017
Оқылды: 1698

Қариялар – қазына, ағып жатқан  дария. Халқымыздың шежіресі, салт-дәстүрі мен тағылым-тәрбиесін ұрпаққа жеткізуші қойнауы құт қарттарымыз ұлттық өнерді де ұлықтаушы.  Оған біз ардагерлер ұйымының 30 жылдық мерекесі аясында І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында «Қарттардың да өнерге бар таласы» атты өнер байқауының гала-концертінде көз жеткізе түстік. Облыс әкімі Амандық Баталов, Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов арнайы қатысқан шара ата-әжелеріміздің ән-биімен өрнектелді.

Концертте Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай аудан, қалаларда өткен «Қарттардың да өнерге бар таласы» атты байқаудың үздіктері өнер көрсетті. Шараның шымылдығын Ақсу аудандық Мәдениет үйі жанынан құрылған ардагерлер хоры «Қазақстан» әнімен ашты. Сондай-ақ, аудандардағы Әжелер халықтық ансамбльдері айрықша өнер көрсетіп, қазақтың халық әндерін шырқады. Атап айтар болсақ, алакөлдік әжелер «Ақ дариғай, Қапшағай қаласының «Әжелер» вокалдық» тобы «Ақкөгершін» әндерін әуелетсе, жеке дауыста ән салған Жамбыл аудандық ардагерлер ансамблінің әншісі Сарагүл Машакова бұлбұлша сайрап, тамсандырды. Ал, ілелік Людмила Коласкова Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін шырқап, көпшілікті тебірентті. 
Биімен де таңғалдырған ата-әжелеріміз ерекше ықыласқа бөледі. Әсіресе, Жамбыл ауданынан келген 86 жастағы Үмітжан Ботбаева әжеміз «Ата толғауы» биін билеп, ширақ қимылы, әсем биімен көрермендерді таң-тамаша етті. Ұйғыр биін билеген Панфилов ауданының қарт өнерпаздары Именжан, Гүлнұр Мұсаевтар да ырғақты биімен көпшіліктің көңілін көтеріп, бір серпілтіп тастады.  
Жаркент қалалық Мәдениет үйінің «Ерлер вокалдық тобы» да патриоттық әндерімен елдің рухын көтерсе, Қаратал ауданының «Аталар» вокалдық ансамблі халық әндерін попурри орындап,  бір желпінтті. Қарасайлық Таухидин Заманұлы домбырамен «Балқадиша» әнін, кербұлақтық Тілеуқабыл Күдербаев «Сұрша қыз», Еңбекшіқазақ ауданынан келген Тоқтасын Әбзелов «Айбозым» әнін шырқап, құлақ құрышын қандырды. Ерекше жанрда өнер көрсеткен қараталдық қария Руслан Цой сиқырымен жұртшылықты таңғалдырды.
Концерттің шымылдығы облыстық ардагерлер үйінің жанынан құрылған ардагерлер хорының орындауындағы әсем туындылармен жабылды.  
Осындай тамаша кешке куә болған  Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов өнерлі елдің оты сөнбес дегендей, Жетісу жұртшылығының руханияты өрістей беруіне тілектестігін білдірсе,  облыс әкімі Амандық Баталов ата-әжелеріміз шындығында ән-биімен таң-тамаша етіп, ерекше әсерге бөлегенін айтып өтті. Әлі де жалынды, жігерлі, бойларында өнер шырағы маздаған жетісулық ардагерлердің өнерін республикаға танымал етсек, деген де ойын да жеткізді.
Кеш соңында облыс әкімінің ықылас гүлі табыс етілді.

Алма Есенбаева