Айырылмасқа қайырылмас сөз айтпа

Уақыты: 10.04.2017
Оқылды: 1962

Санада сан сауал бар. Олардың барлығының жауабы о баста адам жаратылысымен айқындалып, Тәңірден түскен төрт кітаппен келген. Ол аз десек, астарын шежірелі қарттарымыздың өмірлік қағидасынан аңғара аламыз. Бірақ біз соның баршасын өмірімізде қамти аламыз ба деген күмәнді сұраққа иек артып, айылымызды нықтауға енжарлық танытамыз. Мұның себебін «мойындамау» деген жалқы сөзбен өрнектей салсақ, шындықтан шет кетпеспіз.

Рас, әз басыңызға сан сауалдың не екені және оларды қалай мойындамай жүрміз деген ой келген шығар. Онсыз да бір нәрсені бастан аяқ оқып шығуға құлықсыз кезеңде көп созбақтамай, тұлпардың төске өрлегеніндей – турасына көшкен жөн. Тарқатып көрелік. Әуелі біз жаратқанның заңдылығын тұтасымен, одан кейін дана халықтың өмір салтындағы ғибратты дүниелерді түгелдерлік мойындай алған жоқпыз. Соның салдарынан соқыр сенімге ерген қандас, туыс, бауырларымыз басыбүтін бүлік салмаса да, өз керегесін отын, туырлығын тоқым етіп жатқаны бар. Бұл әр шаңырақта орын алмағанымен, бір қарын майды құртатын құмалақ секілді, бір мемлекетті алаңдатып отырған мәселе. Өйткені қазақ нақылында «Отан – отбасынан басталады», –  деген тамаша тәмсіл бар. Сол қасиетті Отанның қайнар көзі іспеттес шаңырақтардың шайқалуына дәстүр мен дінімізге деген шала сауаттылық себеп емес пе?!
Әлқиссада әке мен ана, ұл мен қыз, туыс пен көрші тақырыбында әңгіме өрбітіп, қасиетті қос құндылықтан мысал келтіріп өткен едік. Ал бүгін тамыр-таныс пен дос мәселесін алға тартқанды жөн санап отырмыз. «Ақыл жастан» деп асып-тасқаннан емес, адамды адам құрметтеуге құлықсыз болып бара жатқан уақытта, ойлы оқырманмен жазба арқылы үндесу, мезгіл мәселесіне айналған дүниеге перзенттік үн қосу мақсатында.
ТАМЫР-ТЫНЫС. Бүгінгі таңда осы бір сөздің мағынасын әркім әрқалай жориды. Жең ұшынан жалғасқан дүниелерге қарасақ, әрі ағайынның: «шаруа танысың болмаса бітпейді ғой, ә?!», – деп отыратын әңгімесін ойға оралтсақ, ішің жыли қоятын сөз емес екенін ұғынасың. Ал әдеби шығармаларды оқысаң керісінше. Бір ғана Сәкен Жүнісовтың «Жапандағы жалғыз үй» шығармасындағы Бектұр атанған Викторды ауыл ақсақалдарының «тамырымыз» деп төбесіне көтергенін алға тартсақ, алдыңғы пікірдің қате екенін ұғынамыз. Сонда қайсысы дұрыс?! Тақырыпқа арқау ретінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмірінен бір қисса айта кетелік. Бірде Алла елшісін мақтаған, балағаттаған, ризашылығын білдірген үш түрлі адамға Мұхаммедтің (с.ғ.с) жадыраған жүзін өзгертпестен бірдей жауап бергенін көрген жанындағы сахабалары: – Уа, Алланың елшісі, сіз келген үш кісіге бірдей жауап беріп, оларға Алладан рахым тіледіңіз, неге? – деген сауал қояды. Сонда ғаламның рахым нұры: – Әркім өз бойындағыны айтты, – деп жауап берген екен. Дәл осы бір хадиске мән беретін болсақ, бүгінгідей заманда әр адам «таныс-тамыр» деген сөзге өзінің пайымы бойынша баға беретінін аңдаймыз. 
«Бір көрген біліс, екі көрген таныс», – деп жататын қауға сақалды аталар мен кимешегі қарқарадай әжелердің осы бір сөзіне аса мән бермейміз-ау. Сол салғырттықтың арқасында, бүгінгідей бармақ басты, көз қысты әрекеттерге қарап мағынасы терең дүниені шолақ өлшемге салып, ауызға бас пайда үшін ғана алатын болдық. Алпыс екі тамырыңдай жақын сезініп «тамыр» деп құрметтеген кешегілердің тіркесі тітірентер дүниеге айналды, осылайша. Ал енді діннен ой суыртпақтасақ жаратқан иеміз: «Алланың жібін бекем ұстаңдар да, бөлінбеңдер», – деп жол нұсқаса, Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Расында, мүмін мүмін үшін (біртұтас) құрылыс сияқты, бірін-бірі бекітіп тұрады», – деген өсиет айтқан. Осы бір қос ғибратты дүниеден тамыр-таныс, туыс, бауырлармен өте жақын қарым-қатынаста болып, бөлінбей ғұмыр кешу керектігін аңдаймыз.
ЖОРА-ЖОЛДАС. Бесіктен басталып бейіттен аяқталар бес күндік өмірде адам жанына серік болар дүние жетерлік. Солардың бірі – дос. Атауы көп болған осы бір қасиетті ұғымды «жолдас» деп жатады. Бұл өмір деген ұлы сапардағы жаныңа серік болар жанға айтылар сөз. Алайда, біз мұның астарын түсінгенімізбен, достықтың қадірін сезініп жатырмыз деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Жоғарыда аталған шала сауаттылар мен бас пайдасын ойлайтын бауырларымыз достықты да бес күндік жалғанның жылтырағы үшін ұстанатын секілді көрінеді. Бәлен деп мысал келтіріп жатудың қажеті де шамалы. Көкірек көзі бар оқырман мұның мағынасының қайдан шыққанын біледі.
Дәстүрін қазық етіп, арқандалған арғымақтай құндылығынан қарға адым ұзамаған қайсар халқымыздан қалған даналық жетерлік. Соның бірі – «досы көпті жау алмайды». Бүгінгідей иманның негізгі шарттарын орындамақ түгілі, исламның исі бармаған, дәстүрін дәріптемек тұрмақ, ол құндылығымыздың мағынасын да білмейтін бауырларымыз жолдасын жаудан қорғау былай тұрсын, дауға қалдырып жатқаны сіз бен бізге мәлім. Ал кеудесі кен бабаларымыздың өміріне зер салсақ, тілегі бір танысы, ниеті бір жолдасы үшін жанын пида етуге барғанын аңдаймыз.
Ақылдың дариясы болған ақындар «қорқамын дос болуға жаманменен, тар жерде ер тоқымын сұрай ма деп», – деген жырды жүрегінен жолдайды. Осы бір сөзден туралыққа бастамаған, жақсылыққа үндемеген, қиыншылықта демеспейтін жандармен дос болудың зор өкініш екенін аңдаймыз. Аз ғана болса да адам баласы үшін аса қымбат дүниеде оны ұғынар жандар көп болғанымен, ойға алмағандар да баршылық. Ал енді Алла елшісінен жеткен хадиске зер салсақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Алланың дәргейінде жолдастардың ең қайырлысы – жолдастарына қайырлы бола білгені. Алла жолында көршілердің ең қайырлысы – көршілеріне қайырлы бола білгені», – деген мәні терең сөз қалдырған. Осындай ғибратты дүниелерді саралай келе, айырылмастай досқа қайырылмастай сөз айтудан сақтанып, әуелгідегі таныс-тамырдың қадірін білген, дін мен дәстүрімізге құрметпен қараған жандардың санатынан табылуға қам қылуымыз керек-ақ. Сонда ғана, текті жұрттың пейіліндей кең дүниеде берекелі де мерекелі ғұмыр кешеріміз хақ. 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ