Сөйлеспеген сайын сөйлемейді

Уақыты: 10.04.2017
Оқылды: 1466

Қоғамдық көлікке баласын жетектеген қазақ әйелі жайғасты. Жыбырлаған құбылыстың барлығына таңданатын бала көңіл анасына былдырлап сұрақты қарша боратты. Бірақ анасы: «Тыныш отыр. Көп сөйлей бермеші. Басымды ауырттың ғой тегі», – деп қабағын шытты. Бір кездері көзі күлімдеп отырған балада үн жоқ. Төмен қараған бойы көліктен түсіп кетті. Келесі аялдамадан шамамен бес жасар қызымен орыс әйелі мінді. Қызы тақылдап, көліктегі адамдармен емін-еркін сөйлесіп, радиода айтылып жатқан әуенге биледі. Балабақшада үйренген тақпағын айтып, көліктен түскенше көпшіліктің кішкентай әртісіне айналды. Оған қараған көпшілік те, үлкендердің алдында өнерін көрсеткен өзі де мәз. 
АНА мен БАЛАНЫҢ екі бірдей көрінісі. Бірақ оқиға кейіпкерлері басқа. Оқиғаның бірі ЖЕР болса, екінші КӨК. НЕГЕ?

Мойындауымыз керек, кішкентай күнімізде көптеген дүниені білгіміз келсе де біле алмадық. Ата-анамыздың бетіне қарап, білгіміз келген затымызды сұрай алмайтынбыз. Ал орыс халқының тілі жаңа шығып келе жатқан балаларымен қалай сөйлесетініне бір мәрте назар аударып көріңізші. Өзіңіз қызығасыз. Олар қаршадай балаларымен үлкендерше сөйлеседі. Қойған әр сұрағына шаршамай, талмай жауап та береді. Көп сөйлеседі. Бұрыс болса дұрысын түсіндіргенше бар күшін салады. Баласы үшін бар жұмысын ысырып, әңгімеге араласады. Сондықтан да, олардың баласы бізден бірнеше есе пысық. Өздерін қоғамдық орында болмаса басқа да жерде еркін ұстайды. Ал бізде көп сұрақ қоя бастаса: «Қақсамай аузыңды жапшы. Үндемей тыныш отыр. Жұмыстан шаршап келе жатқанда сен де қоймадың ғой сөйлеп», – деп талпынған баланы жаншып тастаймыз. 
Танысымыздың қызы бес жасқа толса да әлі күнге дейін тілі дұрыс шықпаған. Былдырлап әр нәрсені бір айтады. Анығы «папа», «мама» деген сөзі ғана. Өзіне қажеттіні сұрағанда ымдап, сұқ саусағымен бағыттайтын көрінеді. Шырылдаған әке-шешесінің баспаған тауы, бармаған жері жоқ. Уақыт өткен сайын ата-анасының да мазасы қашып, мықты мамандардың көмегіне жүгінуде. Тіпті, үлкендердің айтуымен тәуіп, балшыларға да барған. Олар: «бала шошынған» дегеннен аса алмаған. Үміт жібін бірден кесіп тастауға жүректері дауаламаған ата-анасы әулеттің үлкендері айтқан сөзге құлақ асып, кішкентайды нағашыларына алып келіп, арнайы қой сойдырып, малдың тоқ ішегімен қылқындырып, дұға жасаған. Бірақ ол істің де нәтижелі болмайтынына көздері жеткен соң қайтадан дәрігердің көмегіне жүгініп жүр. Баласының осындай болғанына тек өзін кіналаған анасы көз жасына ие бола алмады. Жас ананың айтуынша, бала тілінің әлі күнге дейін шықпай тұрғаны телефонның кесірі. Босанып келісімен бесігіне әдемі әуенді қосып, телефон қойса нәресте жыламаған екен. Алғашқы күннен бастап осы айласы әдетіне айналған. Сол уақыт аралығында келіншек үй шаруасымен, одан қалды телесериал көріп мәз болып жүре бергеніне бүгін өкінеді. Кейінге таман енді ғана бүр жарып келе жатқан балапанға «планшет» алып беріп, алдаусыратқан. Алақандай ғана құрылғы оның ата-анасына, досына айналып үлгерген. Жұмыстан келген кезде мейірлене бір иіскеп, қу тіршіліктің кемесіне мініп, өз жұмыстарымен жүре берген әке-шешенің қазір өкініш өзегін өртеп бара жатқанымен қайтар жол жоқ.  Десе де, үміт жібін үзбей, әлі де болса ақ халаттылардан үлкен көмек күтеді.
Еркетайыңыздың тілі әлі шықпаса да, сізге жауап қайтармаса да, онымен сөйлесіп, айналаңыздағылардың бәрін түсіндіріп, ненің не екенін айтып отыруыңыз маңызды. Кішкентай бала жан-жағын тек үлкендер арқылы, олардың айтуы бойынша таниды. Демек, әр зат пен құбылыстың атын, түр-түсі мен іс-қимылын сол қалпында, анық, еш бұрмаламай, тура жеткізу керек. Ал білуге деген құштарлық баланы сөйлеуге ынталандырады. Балаға деген мейірімділікті ЖАНАШЫР ӘКЕ мен АЯУЛЫ АНАДАН артық ешкім бере алмайтыны ақиқат. 


Еңлік БАУЫРЖАНҚЫЗЫ.