Қарға туралы хикая

Уақыты: 29.05.2017
Оқылды: 3833

Терезеден далаға қарау арманым еді. Бойым аздап өскен соң, астыма бірдеңе қойып телміретін боп алдым. Бірде жұмыртқаны жаңадан жарып, жарық дүниені енді көрген балапанды тырнағына қысып, ұшып бара жатқан қарғаны көзім шалды. Неткен опасыз құс еді? Жанашырлық сезім мен өшпенділігім бірге оянып, сазайын тартқызбақ шешімге келдім. Болған оқиғаны бірден әжеме баяндап бердім де, қылт еткен ойымды жеткіздім.

Оным әжеме ұнамаған секілді. «Алла Тағала әр тірі жанды жаратқанда өз несібесімен бірге жібереді. Қарға болмаса әкең еккен егінді қоңыз бен шегіртке жеп бітірер еді, даладағы өлекселерді солар талғажау етеді. Тамақ таңдамайды, тұмсығына іліккенді шоқи береді», – деп тоқтады.
Қарныма бірдеңе барған соң, көшеге, көшедегі ойынға деген құмарым тыныш тапқызбайды. Сылытып кетудің сылтауын іздеп неше түрлі айлаға жүгінемін. Арықтан су тасуға немесе бақшадағы арамшөпті жұлуға кеткен Мәулен кеш батқанда бірақ оралады үйге. Күні бойы асық, ләңгі, қуаласпақ, тышқан мен мысық ойындарының қызығына әбден тойғаннан кейін, анамның ыстық тамағы мен шайы есіме түседі. Ондай кезде үлкендердің «үйге қарай жүгірме» дейтін бұйрығын ысырып қойып, көшенің шаңын бұрқыратып, жылқыша шапқылайсың келіп. Кісінеген дауысты салып, аяғыммен жер тарпып, бір сәт өзімді бойына шаң жұқпайтын нағыз жүйріктің сапына қосып қоямын. Жүгіргенде де ешкімді жеткізбей кететінім тағы бар.
Біздің үй ауылдың сыртында орналасқан. Жан-жағының бәрі орман, ағашпен қоршалған. Сондықтан болу керек жарық саябырси бастағанда қарға атаулының барлығы біздің үйдің жанындағы ағаштарға қонақтайтын. Қарға қарқылы әбден құлағымызға сіңіп қалған, келген қонақтардың тынышы кетіп: «қалай шыдайсыңдар мына дауысқа», – деп сұраулы жүздерімен қарайды. Ал, бізге ол дауыс мүлдем әсер етпейді. Бала кезде біреуден бірдеңе естісек соны жасауға құмартып тұратынымыз жасырын емес. Бірде достарымның: «білесіңдер ме, үстіңнен қарға ұшқанда жерге отыру керек, әйтпесе, анаңнан таяқ жейсің немесе екі аласың?», – дейтін ақылын естіп соны бұлжытпай орындайтын әдет таптым. Ойынның сәні мен мәні кетіп, кеш қарая бастағанда үйге қарай бет алсам, жаңағы аты өшкір қарғалар қаптап, аспанды жаулап алады емес пе? Орманды бірнеше рет айналып, қонақтағанша жер шұқып отырамын. Тіпті, басыма саңқытып жатса да тапжылмаймын. Олар тынышталғанша кеш қоюланып, көзің байланады. Қараңғы батқанда өз үйіме алып барар жол қорқынышты кинодағы эпизодтарға айналып, үрейімді ұшырады. Жаман ойды ысырып қойсаң да қорқыныш бойымды билеп, үйім алыстай беретін секілді.  Сонымен не керек, адасқан үйректің балапаны құсап үйге балпаң басып келемін. Қиялыңда «құлыншағым, балапаным менің, іше ғой, жей ғой» дейтін жылы сөздер мен ыстық тамақ. Әжемнің айраны мен құрт-ірімшігі. Ал, шындығында есіктің жанында қолына көк шыбығын ұстаған анаңды көресің. Содан соң өне бойың шымырлап, кеше естіген ұрыс пен жеген таяқ есіңе сап ете қалады. Ондай сәтте әжеңнің арқасына тығылып: «болды, қаңғырмаймын, ойнамаймын, ойбай арқам, аяғым» деп үйді басыңа көтеріп, жылайсың келіп. Әбден уәде беріп, жалынышты үнмен, мұрныңды тартып жатып, анамның бетін қайтарамын. Есіктен шығып, шыбықсыз келе жатқанын көргенде жерден жеті қоян тапқандай қуанамын.
Ертесі жеген таяғыңды ұмытып, көше кезіп қайта кетемін. Қарғаның кесірінен кешегі көрініс қайтадан қайталанып, көк шыбық көтенімді қайта көгертеді. Қиындықтың көкесі бұл емес еді, әжем о дүниеге сапар шеккен соң, паналайтын арқа таппай, көк шыбықтың дәмін жақсылап тұрып тататының. Әжем есіктен қайта кіріп келетіндей көрінеді. Ендігі кезде терезеге емес есікке телміремін. Ертегісін сағынып, көзімнің жасын моншақтатып та аламын. Анам менің «қашан келеді?», – деген сұрағыма кейде жауап таппай қипақтап қалады. Әне келеді, міне келеді деп жүріп, уақыттың да өтіп кеткенін сезбей қалдық. Есесіне, әже бейнесі есіңде өшпестей сақталып, әр сөзі құлағыңда жаңғырып тұрады. Шегі жоқ сан мыңдаған сауалдың астына алып жатсаң да бетіңді қайтармай ыждағаттылықпен жауап қайыратын еді. Түсінбесең қайталап айтудан да шаршаған емес. «Тауық неге ұшпайды, ұшпаса оның қанаты неге бар» сынды ақылға қонымсыз сауалдарды суша сапырамын келіп. Әжем болса, бір жымиып алады да, менің білуге, ұғынуға, түйсінуге деген құмарлығыма ырзашылығын білдіріп, маңдайымнан сипап «ақылдым менің» деп сүйсініп отырады. Сол сәтте менен ақылды адам жоқтай көрінетін. Басқа немерелерін солай атаса, бұртиып, ренжіп те аламын. 
Қарғаның қарқылымен ойға оралар оқиғалардың ішінде балапанға тиіскізбеу амалын жасағанымыз. Қолымыз ойылғанша тас атып, өлтірмекке бекіндік. Сұм әрі қу қарға оңай олжаға ілікпейді екен. Әбден терлетіп, шаршатып барып, біреуін ұстадық-ау ақыры. Өлі қарғаны сым темірге байлап, тауық қораның есігіне ілдік те қойдық. Содан соң бейкүнә балапандар ажалдан ада болып, бей-берекет күн кешті. Бір таңғалатыным қарғаның балапанын әлі кезіктіріп көрмедім. Үлкен ағаштың басына шығуға жүрексінесің де ол ойыңнан айнып қаласың. Қарлығып шығар дауыс иесі тек тауыққа ғана емес торғайдың жұмыртқасын да жемтік етеді екен. Айлакерлігі сондай, ағаштағы құртты жеу үшін бұтақтан бұйым жасап, тұмсық, тырнағын жарақаттап алмаудың амалын да ойлап табады. Қар еріп, күн оң қабақ танытқан сәтте ауыл тұрғындары қызу тірлікке кіріп кетеді. Әкем тракторына мініп алып, күнімен, түнімен жер жыртады. Сондағы жыртылған жерге қонған қарғаларды көрсеңіз, ұшып-қонып көз алдайды. Шылаушынға армансыз тойып алады да, жерден ауырлай көтеріп, ол аз дегендей бір екеуін іліп алып кетеді.
Сондықтан қарға көрсем жадымда сақталған естеліктерді парақтаймын келіп. Еx, қарға-ау не көрсетпедің десеңші?!. Әжемнің жайған құртын ұрладың. Жұмыртқадан жаңа шыққан балапанды тырнағыңмен тұмсығыңа қыстың. Ауылыма жолым түссе орман ішіндегі үйімді көріп қайтамын. Бәрі бәз қалпынша, көшенің шаңы да, орманның сыйқы да. 

Кеш қарая қарғалар да қонақтауға келеді. Саны да азаймаған, болмысын жоғалтпаған. Ол үйде қазір ертегі айтып отырған әже жоқ. Ығы-жығы болған балалардың дауысы естілмейді. Қарғаның қонақтағанын күтіп отырған бала Мәулен де көрінбейді. Күн болса ештеңе білмегендей сол Қотырқайық тауының саясына тығылып барады. Іштей ағаш басына қарадым да: «қаншама қарғыс естісеңдер де қадірлерің төмендемек емес, себебі, менің бал ғұмырымның дәміне айналдыңдар», – деп көлігімнің басын қалаға бұрдым.

Мәулен Әнербай