СИРЕК КЕЗДЕСЕТІН ҚАР БАРЫСЫН СУРЕТКЕ ТҮСІРДІ

Уақыты: 15.06.2022
Оқылды: 1109
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Елімізде сирек кездесетін әрі жойылып кету қаупі бар қар барысы «Алтын-Емел» ұлттық паркінде жақын жерден суретке түсірілді.

«Алтын-Емел» Мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Ғылыми ақпарат және мониторинг бөлімінің басшысы Марғұлан Мұсабековтың айтуынша, суреттер 50 метрлік қашықтықтан түсірілген.
– «Алтын-Емел» ұлттық табиғи паркінің аумағында барыстың тіршілік ететіні өткен ғасырдың ішінде айтылатын. Тек ел аузындағы әңгімелерден, «анау көріпті, мынау байқапты» деген сөздерден ілбістің бізде бар екенін білетінбіз, – деген Марғұлан Мұсабеков, қар барысының тіршілігін ғалымдар қазір бақылауға алғанын жеткізді. – Тек 2020 жылы фототұзаққа түсіп қалған барыстардың суреті көпшілік көңіліндегі күдікті сейілтті. Маусым айында Мыңбұлақ тауына арнайы тексеру жүргізген мемлекеттік ұлттық табиғи парктің қызметкерлері түнде суат басына келген қар барысын фотоға түсіріп алды. 
Ұлттық парктің қызметкерлері бұған дейін 3 қар барысының мойнына электронды қарғыбау тағып жіберіпті. Сол арқылы олардың жүріс-тұрысы бақыланып, жүрген жерлері анықталып отырады.

М. Әсетұлы