ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Уақыты: 17.06.2022
Оқылды: 1461
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев облыстық мәслихат депутаттарымен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру бағытында атқарылатын жұмыстарды саралады. Әсіресе, ауылшаруашылығы, туризм саласын өркендету, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, жұмыспен қамту сынды маңызды мәселелер кеңінен талқыланды.

Алдымен облыстық мәслихат хатшысы Гүлнәр Тойлыбаева Жетісу облысын басқару схемасын бекіту, облыстық аумақтық сайлау комиссиясы құрамын қалыптастыру, тексеру комиссиясының, қоғамдық қеңестің төрағасын бекіту секілді жоспарларды таныстырды. Келесі кезекте өңір басшысы Бейбіт Өксікбайұлы сөз алып, депутаттарға шынайы ризашылығын білдірді.

– Алдымен менің кандидатурамды қолдап, облыс әкіміне келісім берген көпшілік депутаттарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Екінші кандидатты қолдаған депутаттардың пікіріне құрметпен, түсіністікпен қараймын. Әр азаматтың ой-пікірін, шешімін еркін айтуға мүмкіндік беру – еліміздегі жаңа саяси мәдениеттің қанат жаюына жол ашады. Өңір басшыларының баламалық негізде мәслихатпен келісілуі – референдумда қабылданған Ата Заңымызға енгізілген саяси өзгерістердің нақты жұмыс істей бастағанын көрсетеді, – деп референдумға Алматы облысындағы 1,4 миллион сайлаушының ішінен 1 миллионнан астамы қатысып, 79 пайызы Конституцияға ұсынылған өзгерістерді қолдағанын айтты. Бұл республика бойынша жоғары көрсеткіш екеніне ерекше тоқталып, елдегі реформалардың маңызын түсіндіру жұмысын белсенді жүргізген өңірдегі барлық деңгейдегі депутаттарға ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, халықтың әл-ауқаты мен лайықты өмір сүруіне барынша жағдай жасау, жаңа жұмыс орындарын ашу, ауылшаруашылығын дамыту, өңірге жаңа инвестициялар тарту керегін баяндаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев:

– Сіздермен кездесудегі мақсатым – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарын ақылдаса отырып айқындау. Жетісу жерінде ауылшаруашылығы, туризм саласының әлеуеті жоғары. Түгін тартсаң май шығар, таяқ қадасаң тал болатын өңірде өңдеу өнеркәсібін дамыту, суармалы жерлердің көлемін ұлғайту, суару жүйелерін жөндеу, газбен қамту, жол жөндеу сияқты басым бағыттарды қолға аламыз, – деді.

Өңір басшысы елде орын алып жатқан саяси реформаларға,  соның ішінде, ауыл әкімдерін сайлауға да тоқталды. Биылғы жылдың І жартысында аудандық маңызы бар 7 қала мен ауылдық округтер әкімдерінің сайлауы өткізілді. 2022 жылдың ІІ жартысында осы деңгейдегі 13 әкімнің сайлауы жоспарлануда. Сонымен қатар, Президенттің халыққа арнаған Жолдауында аудан әкімдерін сайлауды 2023 жылы пилоттық режимде өткізуді, 2024 жылы барлық аудан әкімдерін сайлауды өткізу жоспарлануда.

Сөз соңында Бейбіт Өксікбайұлы Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Ұлытаудағы Ұлттық Құрылтайдың маңыздылығын, онда айтылған ұтымды ұсыныстарды айта келе, депутаттарды Жаңа Қазақстанды құру бағытындағы бастамаларға үлес қосуға шақырды.

Кездесу барысында облыстық мәслихат депутаттары ойларын ортаға салып, өңірді дамытуға арналған ұсыныстарын, облыстағы өзекті мәселелерді жеткізді. Айталық, қант тапшылығы, қант қызылшасын егетін шаруалар кезігетін қиындықтар, облыстағы жолдардың сапасы, туристік нысандардағы қызмет, жарық тарту, интернеттің нашарлығы және тағы басқа мәселелер сөз болды.

Жиын соңында облыс әкімі Бейбіт Исабаев көтерілген барлық мәселелерді қадағалап, оларды біртіндеп шешу жолдарын қарастыратынын айтты. Ол үшін бірлесіп жұмыс істеу керегіне баса назар аударды.

Мәулен Әнербай
Жетісу облысы
Талдықорған қаласы