МАЛШЫЛАР ТОЙЫ ДҮРКІРЕП ӨТТІ

Уақыты: 21.06.2022
Оқылды: 1321
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Алакөл ауданының Лепсі ауылында  «ZНERSU» корпорациясының ұйымдастыруымен республикалық малшаруашылығы өнімдерінің көрмесі өтті. Екі күнге созылған шара аясында алыс-жақын шетелден келген қонақтар мен жетісулықтар халықаралық конференцияға қатысып,  шаруашылықтардың тыныс-тіршілігімен танысты, ат спорты мен балуандар сайысын тамашалап, мал шаруашылығы өнімдерінің көрмесін көрді. Үздіктер марапатталып, дүбірлі той болды. 

Үйренер нәрсе көп

Үшарал қаласындағы З. Қойшыбаева атындағы Мәдениет үйінде өткен халықаралық конференцияны «Қазақстанның ет одағы» бірлестігінің басшысы Асылжан Мамытбеков жүргізіп, шетелдік сарапшылар тәжірибесімен бөлісті. 
Расында, 2020 жылдан бастап еттің бағасы үнемі өсіп, биылғы мамыр айында ең жоғары көрсеткішке жетті. Еліміздегі сиыр еті бағасының өсуіне жем-шөптің қымбаттауы, тасымал құнының артуы әсер етті. Бірақ Жетісу жеріндегі жағдай қалыпты көрінеді.
Алайда мал өнімдерін шетелдерге экспорттаудағы қиындықтар салдарынан шаруалар қаржыдан қағылып жатыр. Ол үшін шетелдердің ет экспорты саласындағы тәжірибесін үйренуге тура келеді. Бұл жайлы Чехиядағы етті мал шаруашылығы қауымдастығының атқарушы директоры Камил Малат, Румыния Абердин-ангус тұқымы қауымдастығының жетекшісі Марчелли Олтеану, Ресей сиыр етін өндірушілер ұлттық одағының бас директоры Роман Костюк және басқа да сарапшылар ұтымды ұсынысымен бөлісті. 
– Іра қараның Ангус тұқымын әлемнің біраз елі өсіреді. Олардың жағдайын жақсы білемін. Бірақ етті бағыттағы сиырларды өсіруді қазақстандықтар кешігіп қолға алғанымен, аз жылдың ішінде жақсы жетістікке жетті, – дейді халықаралық сарапшы Фрэнк Грэвс.
Дегенмен де, елімізде асыл тұқымды мал өсіру және оның өнімін экспорттауда шешуге тиісті түйін жетерлік.
– Бағаның өсуі, ет экспортына қойылған шектеу салдарынан фермерлер өз мүмкіндігін толық іске асыра алмай келеді. Осыған дейін Қазақ ақбас және Әулиекөл тұқымдарын көп өсіріп едік. Енді етті бағыттағы ірі қара тұқымын жерсіндіріп, мол пайдаға кенеліп отырған шаруашылықтар көбеюде. Алайда, мен ірі қараның ана тұқымы пайдалы, мына тұқымы нашар деп бөліп-жармаймын. Бірақ шаруалар жер жағдайы, ауа райы, тағы да басқа мүмкіндікті қарастыра отырып, өзіне үйлесімді тұқымдарды өсіргені жөн. Оған мемлекеттік қолдауды аямаған дұрыс, – деп қорытты сөзін Асылжан Сарыбайұлы. 

Оспановтардың тәжірибесі

Конференциядан кейін «ZНERSU» корпорациясының төрағасы Бауыржан Оспанов қой, жылқы, сиыр түлігін өсіретін шаруашылықтарды аралатып, оларды бағып, асылдандырудың қыр-сырымен бөлісті. Көпшілік алдымен Шынжылы ауылындағы «Шынжылы»  шаруашылығына ат басын тіреді. 

«Мал баққанға бітеді» дегендей, «Шынжылы» шаруашылығы австриялық әдіспен ірі қара өсіріп жатыр. 
– Сиыр шаруашылығы – өте қиын сала. Бұрын сүт бағытында жұмыс істедік. Ет бағытына ауысқалы ірі қара басы жылдан-жылға өсіп, қөбейіп жатыр. Оның саны бүгінде 20 мыңға жетті. Кейінгі жылдары Ангус сиырын өсіруді жоспарлы түрде қолға алдық, – дейді Бауыржан Кеңесбекұлы.
Қара малдың етті тұқымы «Абердин-Ангус» деп аталатын асыл тұқымды табын түстіктің климатына бейімделіп алыпты. Бұзауы тез өсіп, жылдам салмақ қосады. Бабына келсе, әр ірі қара бір тоннаға дейін таза ет береді. 
– Мамандардың есебінше, әрбір сиыр жыл сайын төлдеп отырса, 5 жыл көлемінде мал басын 4-5 есеге көбейтуге мүмкіндік бар. Шаруашылық бүгінде мал басын көбейтіп, жаңадан туған бұқаларды бордақылап, етін сатып пайда табуда. Осы арқылы ауданның ет өндіру әлеуетін ұлғайтуды мақсат етіп отырмыз, – дейді «Шынжылы» шаруашылығының бас мал дәрігері Бауыржан Сиқымов.
Тентек өзенінің бойындағы тепсеңде үйіріліп тұрған «Аlakol Asyl Zhylkisy» ЖШС  өнімдерін көргенде таңдай қағып, тағы да тамсандық. 
Бауыржан Оспанов жылқыларды асылдандырудағы басты мақсат – қазақ жылқыларын ірілендіру екенін жеткізді. Мәселен, тұқымынан жорғалығы үзілмеген жылқыларды бір бөлек сұрыптаса, ақалтеке, бәйге және спорттық ойындарға қатысатын жылқылар бөлек күтімге алынған. 
Қазіргі кезде Қазақстанда қазақы тұқым, Маңғыстау, Атырау облыстарында өсірілетін жеңіл типті «Адай» жылқысы, спорттық бағыттағы «Қостанай» тұқымы, ет-сүт бағытындағы «Көшім» және Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда облыстарында шығарылған «Мұғалжар» тұқымы сияқты төрт отандық жылқы тұқымы бар. Міне, енді оған Алакөл асыл жылқысы қосылды. Тынымсыз еңбек үлкен жетістікке жетелеп келеді. 
Қой өсірудің де көпжылдық тәжірибесінен өткен корпорация жүн бағытындағы «Меринос», «Қазақтың биязы жүнді қойы», ет бағытындағы Дорпер, Еділбай, Тексель, тағы басқа тұқымдарын өсіруде. Бүгінде корпорацияда 50 мыңға жуық қой бар. Селекциялық жұмыстардың арқасында қой тұқымын асылдандыру ісі де назардан тыс қалмаған. Нәтижесінде, екі айлық қозының салмағы 30-32 келі тартатын жағдайға жетіп отыр.
 – Егер етті бағыттағы қошқарларды еліміздегі шаруашылықтар сатып аламын десе, қолжетімді бағада беруге дайынбыз. Сондай-ақ, ұсақ шаруашылықтарды қолдай отырып, өнімдерін шетелдерге сатуға да көмектесеміз. Сондықтан ұсақ шаруашылықтарды бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз, – дейді Бауыржан Оспанов. 

Алакөлдегі аламан

Таң атпастан атшабарға жиналған халық бәйгенің басталуын асыға күтті. Атшабардың бір жағында топ бәйге, аламан бәйгеге шабатын жүйріктер мен су жорғалар тізімделсе, екінші жақта белдесетін балуандар ретке тұрып жатты. Шараның ең қызықты тұсы – күн арқан бойы көтерілгенде басталды. Алдымен жұрттың қуанышын Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың құттықтау сөзі еселеді:

– Қымбатты шетелдік қонақтар, қадірменді жерлестер, айдынды Алакөл өңірінде өтіп жатқан республикалық мал шаруашылығы өнімдері көрмесіне қош келдіңіздер. Ата-бабаларымыз ежелден мал бағудың қыры мен сырын терең меңгеріп, төрт түлікті шөбі шүйгін, суы таза жайлауда өсірген. Жетісу облысы – ауылшаруашылығына қолайлы, мал шаруашылығын дамытуға ыңғайлы өңір. 
Алдағы уақытта алыс және жақын шетелдерге мал өнімін экспорттауға қатысты жоспарлар бар. Ол өз ретінде орындалады деп сенем, – деді ол. 
Марапаттау салтанатынан кейін топ бәйге, жорға сайыс, аламан бәйге  басталып, боз кілемнің үстінде еліміздің әр өңірінен келген балуандар белдесті. 
Ат – қазақтың қанаты ғой. Бәйге біткенше жиналған қауымның делебесі қозып, балуандар күресін қызыға тамашалаған көпшіліктің көңіл күйі көтеріңкі болды. Желмен жарысқан жүйріктер жарысының қорытындысы бойынша 1-орынды Жамбыл ауданы, Көкбастау ауылының тұрғыны Тастан Әбдібайдың сәйгүлігі жеңіп алса, балуандар белдесуінде Қызылорда облысының балуаны Мақсат Исағабылов қарсыластарын шаң қаптырды. Екеуі де «ZНERSU» корпорациясы жүлдеге тіккен автокөліктің иесі атанды. 

Мал шаруашылығы өнімдерінің көрмесі

Көрмеге еліміздегі асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын шаруашылықтардың ірі қараның етті бағыттағы Абердин-ангус, лимузин, Қазақ ақбас, герефорд, Қалмақ, Әулиекөл тұқымдары мен ұсақ малдық етті және жүнді бағыттағы Еділбай, Тексель, Қазақтың биязы жүнді қойы, Ақ дорпер, Қарабас дорпер, Суффоль тұқымдары, сондай-ақ, Алакөлдің асыл жылқылары  қойылды.

Сонымен қатар, көрменің бір тұсында мал азығы мен жем-шөптің де түр-түрі көпшілік назарына ұсынылды. Ал оған қарсы шатырларда мал шаруашылығына керекті бұйымдар өндіретін шеберлердің дүниесі жинақталса, бір қатарға ара шаруашылығымен айналысатындардың бал өнімдері жайғасты. Көрме орналасқан орталық пен атшабардың айналасына ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, онда ұлттық тағамның түр-түрі пісіріліп, көрмені тамашалай келген ауыл тұрғындары мен шетелдіктерге қазақтың қонақжайлығын танытты. Түс ауа бағдарлама бойынша шаруашылықтардың асыл тұқымды малдары арасында байқау өткізілді. Байқаудың бас төрешісі америкалық, халықаралық сарапшы Фрэнк Грэвс болды. Жан-жақты сараптау және салыстыру арқылы төрешілер бұл жолғы мал шаруашылығы өнімдері көрмесінің абсолютті жеңімпазын анықтады. Сонымен Солтүстік Қазақстан облысының «Мамбетов и К» шаруашылығы «Лепсі–2022 республикалық мал шаруашылығы өнімдері» көрмесінің жеңімпазы болып танылды.  
Екі күнге созылған шара Алакөл ауданының Ақши ауылындағы «Koktem Grant ResoRt» демалыс айлағындағы кешкі Гала-концертпен аяқталды.

Қажет АНДАС