САЯБАҚТЫ ӘТКЕНШЕКПЕН ӘРЛЕДІ

Уақыты: 21.06.2022
Оқылды: 1304
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Күнделікті тірлікте жұмыстың жоқтығын сылтауратып, ішімдікке салынатын, босқа ас ішіп, аяқ босататын, отбасында жанжал тудыратын жігіттер бар қоғамда. 

Отбасынан береке қашырып жүрген осындай жандарға Нұршат Нұғыманұлының мына бір тірлігін үлгі ретінде ұсынуға болады. Шағын қаладағы «Жастар» саябағындағы балалар әткеншегі қолдан жасалған. Ал оның 1-топтағы мүмкіндігі шектеулі жанның қолынан шыққанын естігенде бастапқыда сенбегеніміз рас. Орайы келгенде Нұршат Нұғыманұлымен танысып, әткеншекті көріп қайттық. Алыстан қараған адам оны  зауыттан шыққан әткеншек деп ойлайды әрі қарапайым адам жасағанына мүлде сенбес еді.
– Балаларды қуанышқа бөлейтін осындай әткеншектің қажеттілігін көріп, саябақта балақайларға қызмет көрсететін Рақым Байқожаға өзім ұсыныс айттым, – дейді шебер қолды Нұршат. – Тапсырыс иесінің келісімін алған соң ғаламторға үңіліп, үлгілерге қарап, 15 күннің  ішінде жасап шықтық. Темірлерді қажетті қалыпқа иіп, оны дәнекерлеуге, бояуға достарым көмектесті. Орындықтарды арнайы тапсырыспен Алматыдан алдырдық. Түрлі түсті болып жанатын жолақ шамдар орнаттық. Қауіпсіздік жағына да баса мән бердік. 
Үйінде тұрмыстық техникаларды жөндейтін шағын шеберханасы бар Нұршат Қытайдан 2006 жылы  келген. Үкіметтің қайтарымсыз қаржысына қол жеткізіп, қолдан келетін кәсібімді кеңейтсем деген ниеті де бар.  Арнайы тапсырыс түссе бұдан басқа да дүниелер жасауға дайын  Нұршаттың талпынысын қуаттап, ісіне сәттілік тіледік.

П. Жеңісхан
Сарқан ауданы
Жетісу облысы