Желдің қуаты елге қызмет етеді

Уақыты: 13.09.2022
Оқылды: 1355
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Еңбекшіқазақ ауданына жұмыс сапарымен барып, Шелек ауылындағы Мәдениет үйінде өңірдегі 11 ауылдық округтің әкімдерімен кездесті. Елді мекендердегі өзекті мәселелер сөз болып, алдағы уақытта атқарылар жұмыстардың жоспары жан-жақты талқыланды.

Әкімдердің айтуынша, қазіргі таңда ауылда дәрігерлік амбулаторияның жетіспеушілігі, тозығы жеткен мектеп ғимараттарын қайта жөндеу жұмыстары, көшелерге асфальт төсеу, ауызсу құбырын тарту күн тәртібінде тұр. Мәселен, Қаражота, Қаратұрық, Малыбай, Масақ, Тескенсу және Сөгеті ауылдық округтерінде амбулатория ауадай қажет. Дәрігерлер ескі ғимаратта қызмет көрсетуге мәжбүр болып отыр. Тіпті, Нұрлыда амалсыздан мектептің ішінде тұрғындарға ем-дом жасап жатқан жайы бар.
Сонымен қатар мектеп мәселесі де әңгімеге арқау болды. Ауылдарда күрделі жөндеуді қажет ететін білім шаңырақтары аз емес екен. Облыс әкімі құрылысқа керек құжаттарды дайындап,мемлекеттік бағдарлама бойынша бой көтеретін нысандардың тізіміне тездетіп енгізуді ұсынды. Сондай-ақ, ғимарат салуға арналған жер телімі ауыл тұрғындарына қолайлы болуы керектігін де ескертті. 
– Жаңа мектеп ауылдың шетіне салынғанын да көзіміз көрді. Ол мұғалімдер мен оқушыларға, ата-аналарға өте ыңғайсыз. Сондықтан мұндай келеңсіз жағдайға жол бермеңіздер. Мектеп елді мекеннің орталығында бой көтеруі қажет, – деді Марат Елеусізұлы.
Кездесуде ауыл әкімдері полиция пунктін салуды да сөз етті. Бірақ аймақ басшысы сақшыларға жеке ғимарат жасаудың ешқандай қажеттілігі жоқ екенін қадап айтты. «Полиция қызметкерлеріне Мәдениет үйлерінен, әкімшілік ғимараттардан орын бөлінсе жеткілікті. Ал оған кететін қаражатты әлеуметтік салаға жұмсаған тиімдірек» деді.
Жиын соңында аймақ басшысы ауылдық округ әкімдерін сынға алды. Себебі, олар ауыл ахуалын тізбелеп айтқанымен, бизнесті дамытудың, жергілікті тұрғындарды қалай жұмыспен қамтудың нақты жолдарын көрсете алмады.
– Сіздер тұрғын үй салу керек деп айтып жатырсыздар. Көшіп келушілер саны жылдан-жылға артып жатқанын тілге тиек еттіңіздер. Сол үшін жер телімін үлестіреміз дедіңіздер. Бірақ, оларға жұмыс тауып беру мәселесі туралы ой-пікірлеріңізді ортаға салмадыңыздар. 
Алдағы кезде осы мәселеге баса назар аударған дұрыс. Одан ұтпасақ ешқашан ұтылмаймыз. Бұрынғыдай тұрмыс қажетін өтеу үйін салып, халықты сол жерге шоғырландырып,оларды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуді жан-жақты ұйымдастырған жөн, – деді Марат Сұлтанғазиев.
Бұдан кейін облыс әкімі Шелек ауылындағы индустриалдық аймаққа айналатын орынға барып, мамандармен тілдесті. Кәсіпкерлерді тарту үшін мұндағы инфрақұрылым жұмыстарын тездетуді тапсырды. 
Спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысына да назар аударды. Құрылыс жобасының қайта-қайта өзгеріске түскенін, соның салдарынан жұмыс қарқыны азайғанын атап көрсетті. Біліксіз мамандардың дұрыс жоспар құра алмағанын, жүйесіздікке ұрынғанын ескертті.
Сапар аясында аймақ басшысы қуаты 60 МВт. болатын жел электр стансысын іске қосу шарасына қатысты.
Шелек – ЖЭК әлеуетін дамытуға қолайлы өңір. Жобаны «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы «Power China» қытай корпорациясымен бірігіп іске асырған.
Электр стансының ашылу салтанатында облыс әкімі сөз сөйлеп, желден электр қуатын алу облыста қарқынды дамып келе жатқанын айтты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2030 жылға дейін баламалы энергия көздерін 15 пайызға көбейту жоспарланған. Аймақта 19 баламалы энергия көзі бар. Соның жетеуі жел электр стансысы. Бүгін біз өңірдегі сегізіншісін ашып отырмыз. Келешекте бұл электр стансысының қуаты одан әрі ұлғайып,  300 МВт. болады деп жоспарланған, – деді Марат Елеусізұлы.
Іссапар барысында аңғарғанымыз, Шелек өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы алдағы уақытта ерекше қарқын алатыны анық байқалды.

 

Болат МӘЖИТ,
Еңбекшіқазақ ауданы
Алматы облысы