ЖЕТІСУ ЖҰРТШЫЛЫҒЫМЕН ЖҮЗДЕСТІ. МИНИСТР САПАРЫ

Уақыты: 27.12.2022
Оқылды: 1770
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров арнайы сапармен Жетісу облысына келіп, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып, тұрғындармен және кәсіпкерлермен кездесті. 

Әлібек Сәкенұлы ресми сапарын Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылынан бастады. Кездесуде жергілікті тұрғындар министрден ауылға кәріз желілерін тартып, ауызсумен қамтуға қаржы бөлуді сұрады. Бұл мәселе бойынша аудан әкімдігіне қаржы бөлу үшін тиісті бюджеттік өтінім жолдау қажеттігі айтылды. Ол алдағы жылы бюджетті нақтылау және қалыптастыру кезінде қолданыстағы бағдарламалар аясында қарастырылмақ. Сондай-ақ, ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды дамытудың негізгі құралы «Ауыл – ел бесігі» жобасы екенін атап өтті.
– Жобаны іске асыру тетігін қайта қарау жоспарлануда. Әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілерін күрделі және орташа жөндеу жөніндегі іс-шаралар жалпы сипаттағы трансферттер және жергілікті бюджеттер шеңберінде жүзеге асырылады. Келер жылдан бастап ағымдағы жөндеуге кететін шығындар облыс әкімдіктерінің қарамағына өтеді. Әр аудан облыс әкімдігіне өтініш береді. Тиісінше, қаржыландыру үшін нысандарды әкімдік өзі таңдайды, – деді министр.
Бұдан соң Кербұлақ ауданы Жоламан ауылында 2016 жылы пайдалануға берілген 3000 басқа арналған мал бордақылау кәсіпорнына барды.Жылына 1373 тонна сиыр етін өндіре алатын кәсіпорын «Қаз- АгроҚаржы» АҚ алдындағы қарызына байланысты 2019 жылдан бері жұмыс істемейді. Нысан қазіргі уақытта сатылымға шығарылған. Дегенмен, инвесторлар кәсіпорынның құны төмендеген жағдайда ғана сатып алып, бордақылау кешенін дамытып, іске қосуға дайын екен.
Ұлттық экономика министрі «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ құрылымына кіретін «ҚазАгроҚаржы» АҚ-на аталмыш мәселені шешу жөнінде тиісті тапсырма берді.
Осыдан кейін Әлібек Қуантыров цемент шығаратын «Аласем» ЖШС-ның жұмыс барысымен танысты.Жылына 1,2 млн. тонна цемент өндіре алатын зауытты 2020 жылы «Alacem» Қазақ-стан-Сингапур компаниясы іске қосқан.
Келесі кезекте министр Көксу ауданына барып, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Сонымен қатар, Қызылтоған ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттің жұмысымен танысып, «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік жобасы аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген мектепке бас сұқты. Спорт кешенін және Балпық би кентіндегі демалыс кешенін де көрді.
Сапар соңында Талдықорғандағы Салтанат сарайында облыс кәсіпкерлерімен кездесті. Басқосуда Жетісу өңірінде кәсіпкерлікті дамытуға қатысты мәселелер талқыланды.Қатысушылар салық саясаты, шағын және орта бизнесті қолдау, мемлекеттік сатып алулар сияқты сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды. Кәсіпкерлер Ескелді ауданы, Қарабұлақ ауылындағы тоқтап тұрған қант зауытының тағдырына да алаңдаушылық танытты.
Бұл жөнінде министр қазіргі уақытта нысанды пайдалануға беру жоспарланбағанын жеткізді. Жиын соңында Әлібек Қуантыров шағын және орта бизнес субъектілеріне көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларына кеңінен тоқталып, кәсіпкерлер тарапынан айтылған кейбір ұсыныстар мұқият қаралатынын жеткізді. Ал Ұлттық экономика министрлігінің құзыретіне жатпайтын мәселелер тиісті министрлерге берілетінін айтты.

Айдар ҚАЛИЕВ,
Жетісу облысы