"ҚАРАЛЫ ҚАҢТАР": КЕРЕГЕМІЗДІ ОТЫН, ТУЫРЛЫҒЫМЫЗДЫ ТОҚЫМ ЕТЕ ЖАЗДАДЫ

Уақыты: 04.01.2023
Оқылды: 2048
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Тыныштықтан асқан нығмет жоқ екен-ау, мынау жарық дү-ниеде! Дәл осы бірауыз сөздің қасиетті ұғым екенін жақсы білсек те, пенделік бейғамдықпен аса мән бере бермейтініміз рас. Ақиқатында тыныштық кетсе, күтпеген дүрбелеңнің берекемізді қашырып, ырысымыздың шашылып қалатынына өткен жылдың осы уақытында көзіміз тағы да жеткен. Тарих бетінде «Қаралы қаңтар» деген атпен қалған сол бір күндер «бейбітшілікің бесігі» деп әспеттелетін еліміздің шаңырағын ортасына түсіріп, керегемізді отын, туырлығымызды тоқым ете жаздағанын әлі ұмыта қойғамыз жоқ. Жаппар иеміз «бір тілегіңді орындайын, сұра» десе, есті адамның есіне бірден «ел ішін тыныш, іргемізді бүтін қыла гөр» деген дұға орала кетері сөзсіз. Осылай тілейік!

ҚАРАЛЫ ҚАҢТАР! Азаттықтың ақ таңын жақындатып, тәу етер тәуелсіздігімізді тұғырына қондыруға себепкер болған 1986 жылғы желтоқсанның сызы жүректен, ізі тарихтан әлі кеткен жоқ. Кетпейді де! Әр жыл сайын бодандықтың бұғауын бұзу жолында құрбан болған боздақтарымызды еске алып, солардың рухының алдында қарыздар екенімізді айтып, тірілеріне құрмет көрсетіп, өткендеріне Құран бағыштап, тәуелсіздік мерекесін өткізгеннен кейін, әлемдік күнтізбемен келген жаңа жылымызды қарсы алып, қаңтардың аппақ қарындай ақ тілегімізбен алға қадам басатын едік. Өткен жылғы қаңтар да босағамыздан солай аттағанымен ары қарай тіршілік көшінің ырғағы бұзылды. Жаңаөзенде бейбіт шеру басталып, әлеуметтік желі арқылы желдей есіп, төрт тарабымызды түгелдей өре түрегелтті. Осы тұста ұлт руханиятының тұғырлы тұлғасы Шерхан Мұртаза ағамның: «Алтын сандықтың үстінде жалаңбұт отырған халықпыз» деген қорғасын сөзі ойымызға оралып, санамызға салмақ салып та жіберген. Ұлт перзенті айтса айтқандай-ақ, басқа байлығымызды сөз қылмағанның өзінде, қарт Каспийдің астындағы мұнайдың үстінде отырсақ та, көлікке құятын газдың бағасын шамадан тыс өсіріп, шектен шыққандардың кесірінен ашынған жұрт айғайға басты. Мұны бұрынғылар «Ашынғаннан шығады ащы дауысым» деп текке айтпаса керек.
Газдың қымбаттауы қурап тұрған шөпке тұтатып тастай салған бір тал шырпы еді. Ал қураған шөп – құлазыған халықтың көңілі емес пе?! Әп-сәтте лаулай жөнелді. Мәселе газ бағасының көтерілуінде ғана емес. Азық-түлік, киім-кешектен бастап, ел-жұрт тұтынатын барлық тауардың бағасы ертегідегі сәт сайын өсетін алып батырдай күн санап шарықтаған. Ауыздық салдырмас асаудай бас бермей кетіп бара жатқан бағаға құрық салатын Үкіметтің еш пәрмені байқалмады. «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайдының» керін келтірді. Құлақ асатын Үкіметтің құлықсыздығынан бейбіт шерудің соңы бүлікке айналды. Бұған дейінгі митингілер сияқты арнайы жасақпен келіп, баскөтерлерінің қолын қайырып, көлікке күштеп салып, айып төлетіп, 10-15 тәулікке қамап, ашынған елдің ашуын басамыз дегендер қателесті. Бұл жолғы елдің жанайқайы жартасқа тиіп жаңғырып, қайта кері қаңғырып келген дауысқа мүлдем ұқсамады. Тағы да Шерағаңның сөзі еске оралады. Осыдан 20 жылдай бұрын бір топ зиялы қауыммен кездесуде: «Құрметті Елбасы! Халық бүй дейді. «Жаралы бүркіт не аңды алады, не аңшының өзін алады. Осы жағына аса мән берсеңіз дейді!», – деп еді Алаштың алдаспан ұлы. Ақиқатында жемқорлық жайлаған қоғамнан әділетсіздік көп көрген жұрт жаралы еді. Тәжтажал келіп дүниенің астаң-кестеңін шығарып, бейқам жұрт қынадай қырыла бастаған тұста Үкіметтен бұрын халық өзі жылу жинап, бір-біріне болысқан! Көз алдымызда өткен оқиға ғой, несіне жасырып, жабамыз! Өз жарасын өзі жалап жазатын бөрінің күйін кешкеніміз рас қой! Жемқорлық, парақорлық, жылпостық, жағымпаздық жайлап, бармақ басты, көз қысты шегінен асқан кезде ел толқыды. Ал халықтың асау толқындай тулағанда үстіндегі алып кемені де төңкеріп, алдынан кездескенді жұтып жіберетін теңіздей күші бар екенін естен шығармаған ләзім! 

БІРТҮЙЕР

Қай бір жылы Алматы қаласындағы Республика сарайында аламан айтыс өтті. Екі бірдей аппақ «Волга» жүлдеге тігілді. Жүрсін Ерман ағамыз екеуін де сахнаға шығарып қойды. Айтыстың көрігін қыздырып отырған Жамбыл ауданының ақыны Ермек Жұматаев: «Қос бүйірден қос «Волга» қысып тұрса, қай жеріңнен келеді ойын күлкің», – деп әдемі әзілмен елді күлкіге қарық қылып еді. Бұл мысалдың мақалаға қатысы болмағанымен, осы жердегі «қос бүйірден қысу» сөзі бүгінгі қоғамның ащы шындығы. Жемқорлық пен қымбатшылық қос бүйірден қысып тұрса, бұқараның қай жерінен ойын-күлкісі келсін?! Байлығымен басынан төмен алтын құйып тастайтындай байлар мен айлығы шайлығынан аспайтындай қарапайым жұрттың һәм жең ұшынын жалғасқан жемқорлықты кәсіп қылған шенді-шекпенділер мен Құдайдың бұйыртқанын нәсіп қылған халықтың арасы алшақ екені ақиқат. Дәл осы екіара бір-біріне құшағын ашқан, бауырына басқан туыстардай жақындасқанда ғана әділеттілік орнап, Жаңа Қазақстанға жарқын жол ашылары сөзсіз!


ЖАРАЛЫ ЖҮРЕК! Қаңтарды қаралы күнге айналдырған араны ашылған жемқор жүйенің кесірі екені тайға таңба басқандай көзге ұрып тұрды! Арандатушылар арамыздан емес, ұлттың қауіпсіздігін ойлап, тыныштығын сақтайды деген құзырлы орыннан табылды. 86-ның желтоқсанында бас көтерген қазақтың қайсар ұл-қыздарын «нашақор, алқаш, бұзақы» атандырып, жалын жүрек, жас кеуде жастарды жазықсыз жазғырғанын ешкім бүгіп, жасыра алмайды. Бұл жолы ортаға от тастап, май құйып, алаулатып жібергендердің әрекеті желтоқсанның желінен бөлек еді. Артында алып тірегі тұрғанын білмесе, шаңқай түсте ашықтан-ашық халықтың көп жиналған  жеріне келіп, қару-жарақ тарату не қылған жүрекжұтқандық?! Яғни, арнайы ұйымдастырылғаны айдан анық. Арандатудың алғышарты осылай басталды. Аш арыстандай алдына келгенін азуына басуға ұмтылған жұрттың ұрымтал тұсын сәтті пайдаланды. Бір уақытта, белгілі бір нысандарды (әкімшілік пен ішкі істер органдарының ғимаратын) жаулап алу қойылымның бас режиссерінің сценарийі бойынша жүзеге асты. Сәтті қойылымды сырттай тамашалап отырған режиссер: «Қанды басың бері тарт! Үрит, үрит! Соқ! Соқ!» деп алақанын ысқылап, мұртынан күліп қана отырмай: «Елге 20 мың террорист кіріп кетті! Ие бола алмаймыз!» деп үрей сеуіп, үмітсіздік отын үрлей түсті. Осы тұста «ескертусіз оқ атуға» рұқсат берілді! Қаңғыған оқ алпысты алқымдаған аға буынның да, өрімдей жастар мен қаршадай баланың, қызғалдақ ғұмыр қыздардың өмірін жалмап, талай қара шаңырақ қара жамылды. Ол қаңғыған оқ па, әлде билік пен халықтың арасын одан сайын шиеленістіруге бағытталған әу бастағы жоспардың жалғасы ма?! Әсілі төңкеріс жасаушылар өздерінің арам ойын іске асырғанша төңірегін типыл қылуға дейін баратыны анық қой. Әйтпесе он екіде бір гүлі ашылмаған періште көңіл ұл-қыздың қақ маңдайынан ату неткен қатыгездік! Мұндай әрекетке құдайынан безген, қағынан жеріген қаныпезер бармаса, ақыл-есі дұрыс пенденің қолынан келе қояр ма екен?! 
Қатты зардап шеккен қаланың ішіне Талдықорған да кіреді. Облыстық әкімдіктің ғимараты тас-талқан болды. «Ескертусіз атылған оқ» бір отбасының шаңырағын ортасына түсіріп, әкесі, анасы, қызы үшеуі қорғасын оқтың құрбаны болды. Дүрбелеңде қолға түскендер жаппай таяққа жығылды. Арнайы комиссия құрылып, ішінде заң тұрғысынан қорғаушылары бар азаматтар тергеу орындарына келіп, бетпе-бет жүздесіп, жазықсыз жабылып, азаптаудың ащы дәмін татқандарға араша түсіп, босатқанын да көрдік. Жазалаған осы екен деп – жағын қаусатып, тісін түсіріп, қабырғасын сөгіп, бауырын езіп, үтікпен шыжғырғандардың да болғанын жасыра алмаймыз. 86-ның желтоқсандағы көтерілісі түсінікті. «Қазақты қазақ басқарсын» деген ұлттық мүдде үшін бас көтерді. Сол үшін отарлаушы ел қазақ халқының ұлын да, қызын да қынадай қыруға бұйрық берді. Аяусыз жазалады. Ал тәуелсіз елде қазақтың қазаққа осынша қаны қатып, қатыгездік танытуы еш ақылға сыймайды. «Қаралы қаңтарда» Отанын қорғап жүрген әскери адам да, билікке өкпелі бұқараның ішінен де, арандату үшін араға кірген арам пиғылдылар да мезгілсіз ажал құшты. 
АЛАТЫН САБАҚ. Тарихтан сабақ алмағанның тағдыры талапайға түсетінін ғасырлар керуенімен жылжып келе жатқан жылдар жылнамасынан анық байқауға болады. «Қаралы қаңтардан» дұрыс сабақ ала білсек, алар асуымыз әлі алда! Ең алдымен тыныштық кеткен қоғамда ырыс-құт құтаймайтынын ұққанымыз ләзім. Оған былтырғы қаңтарда куә болдық. Әділеттік іздеп шыққан жұрттың ғимараттарды қиратып, сауда үйлерін тонап, өздері сияқты қатардағы пенденің қарап тұрған көлігін күл-талқан етіп, өртеп жіберуін қалай жақтауға болады. Әуелдегі мақсат – ұлтының жағдайын ойламай, құлқынның қамын күйттеген билікке талап-тілегімізді айту емес пе еді?! Орта жолда ойымыздан айнып, «көршінің үйі өртенсе, қойының басын үйтіп алғысы келетіннің» керін келтіріп, мемлекет мүлкінің ойранын шығару әділеттік пе?! Қираған ғимарат та, өртенген көлік те, тоналған сауда үйлері де биліктің емес, біздің мүлкіміз еді ғой түсіне білсек. Рас, әділ билік орнаған жерде, жетістікке ел болып жетеріміз кәміл. Бірақ өзіміз әділ талап етіп, әділеттілік орнатуға үлес қоспасақ – тонау, қанаудың соңы қараулыққа апарып соғатынын көрдік. Арада жыл өтті...
«Жаңа Қазақстан!», «Әділетті қоғам!» деп алдымызға мақсат қойдық. Кесел батпандап кіріп, мысқалдап шығады. Жемқорлық жайлаған қоғам бүгін-ертең өзгере қалып, қолымызға аспандағы айды аламыз деу де жаңсақтық. 
Өткен жылдың желтоқсан айындағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы: «Жалпы жаңа жылға Үкіметтің осы құрамымен аяқ басуға бола ма? Бұл Үкіметтің қолынан іс келе ме?» деп сын-қатерлерде сыр беріп, халықтың үмітіне сызат түсіріп алған Үкіметке сенімсіздік танытты. Жиында бағаның да қарыштап өсіп, бұқара жұрттың жүйкесін жұқартқанын да қадап айтты. Осыдан-ақ Үкімет үйіндегілер әділетті Қазақстанды құру – әдемі ғимаратта отырып алып, әйбәт сөйлей білумен шешілмейтінін түсінсе игі еді. «Қаралы қаңтармен» басталған барыс жылының соңы қарашаның қара суығында сыр берген Екібастұздағы дүрбелеңмен аяқталды. Әлеуметтің әлеуетін жақсарту – бейнелеп айтсақ, жылы ғимаратта отырып, жылу жүйесі істен шыққанда «жылу» жинаумен ғана бітпейтінін билік есінен шығармаса екен!

ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ

Бейбіт күннің қадірін сол кездері шынайы сездік. Таңертең жұрттың жұмысқа асыққанын, балаларын балабақшаға, мектепке апара жатқанын, кешке отбасына қайтқанын, жастардың жарқырап жүргенін көрудің өзі бір бақыт екен ғой. Ал қаңтардағы қасіретті күндері қала қаңырап қалғандай болды. Шақыруға шыққанда сүреңсіз көріністерді, үрейлі адамдарды көріп жүрегіміз ауырды. Бір-бірімізді жұбатып, берекелі күндер келетініне сендік.  Адамдарды аман алып қалуға тырыстық. Бір күнде 20-дан астам шақыруға бардық.  
 

Кабир Рафиков, 
Жетісу облыстық «Жедел жәрдем» 
стансысының фельдшері

 

 

 

Біздің қызмет былайғы кезде де қауіптілігімен ерекшеленеді. Бірақ жылдар бойы осы салада жүргендіктен бәріне үйреніп, күнделікті тірліктің бір бөлігі ретінде қабылдайтын дәрежеге жетесің. Алайда, қаңтардағы апас-қапаста нағыз сынаққа түскенімізді сезіндік. Сол күні кезекшілікте едім. Облыстық әкімдіктің ғимаратындағы өртті өшіруге бардық. Үн-түнсіз өз міндетімізді атқардық. Одан кейін «Нұр Отанның» ғимаратындағы өртті ауыздықтадық. Облыстық және қалалық полицияның қызмет жайларындағы жағдайды реттегендей болдық. Көшелерде жанып жатқан техникалар мен автокөліктерді өшірдік. Адамдарды құтқарып, қауіпсіз жерлерге жеткіздік. Бірнеше күн тыным таппадық. Ондай күндер енді оралмаса екен. 
 

Болат Нұрсейітов, 
Жетісу облыстық 
1-МӨСБ бөлімше командирі, 
азаматтық қорғау старшинасы

 

Жұматай ӘМІРЕ, 
Жетісу облысы