"КЕКЕКТІҢ" КЕСІРІ: ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНДА УЛЫ ШӨПТЕН МАЛ ҚЫРЫЛЫП ЖАТЫР

Уақыты: 04.01.2023
Оқылды: 2051
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жылдан-жылға қуаңшылық орын алып, шаруаларға зиянын тигізуде. Мал жайылымы тарылып, өзен суының деңгейі төмендеп барады. Осының салдарынан жайылым тозып, шабындыққа су жетпей, мал азығы  азайды. Әсіресе, құмды жердегі шаруаларға бұл қатты білініп отыр. 

Сонымен қатар малшыларды алаңдатып отырған тағы бір жайт, «Кекек» шөбінің қаптап кетуі. «Кекек» шөбі құмды жерде өседі. «Кекіре» деген шөп те бар. Бірақ екеуінің атауы ұқсас болғанымен жапырақтарында, айырмашылық бар. Жалпы «Кекек» бұрыннан бар, тек соңғы уақытта оның  қуаты артып, жылқы малына кесірін тигізуде.    
Сөзім дәлелді болу үшін нақтылап айтайын, кекек – жылқы малының жүйкесін зақымдайтын зиянды өсімдік. Оны жеген малдың көзі көрмей, жүйкесі зақымдалып, азып-тозып өліп қалады. Нағыз «анашаның» бір түрі. Бір ғана жылқы малына емес, төрт түлікке түгел кесірі тиіп отыр. Мал бір рет дәмін татса болғаны, сол өсімдікті қуып жүріп жейді. Артынан есінен адасып, нашақор секілді кекектің соңына түседі. Бойына уыты дарығасын теңселіп, айналма секілді бір жерді айнала береді. Көзіне қос көрінгендей алдындағы қылдай шыбықтан бөренеден қарғығандай секіріп, жынданады.
Мұны неге айтып отырмын, Қаратал өзеннің Балқашқа құяр тұсы ен дала. Шөлі мен шөлейті көп, ну қамысы да мол. Міне, сол құмы мен қамысы аралас аймақта аталған шөп қаптап келеді. Төрт түлігін өргізіп отырған ағайындардың бірлі-жарым малы шығынға ұшырап, «кекектен» құтыла алмай әлекке түсуде. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, шөптің соншалықты улы болуы қуаңшылыққа байланысты екен. «Көктемгі қар суынан кейін тұқымы өніп, ала жаздай жауын мен өзеннен су жайылмағасын ыстық құмның қуатымен өз күшіне әбден енеді. Содан барып, жеген малдың жүйкесін зақымдайды», – дейді.
Дәл осындай жағдайды естігесін интернетке үңіліп, «Кекек» жайлы мәлімет қараған едік. Онда былай деп жазылып тұр. «Жайылымда өсетін бұршақ тұқымдас өсімдіктердің барлығы да мал азығына жақсы жарайтын шөптер деуге болады. Дегенмен олардың ішінде малшылар қауіптенетін улы өсімдіктер де кездеседі. Іле өзенінің аңғарында жатаған, шырынды сабағы бар кекек көп кездеседі. Кекек – жоңышқаға ұқсас, бірақ мұның жапырақтары мен шашақ гүлдері аздап ірілеу келеді. Кекек жылқының жүйке жүйесін бүлдіріп, оны ауруға шалдықтырады». 
Өкінішке қарай, онымен күресу жолдары жазылмаған. Енді қайтпек керек? Ауыл тұрғындары өз қалінше күресіп көрген. Шамалары жеткенше «кекек» шыққан жерге өрт қойып, көзін жоюды амалдаған. Бірақ барлық жерді өртеп тазарту мүмкін емес. Жергілікті мал мамандары бұл жағдайды жақсы біледі. Тиісті орындарға хабар беріп, зерттеу-зерделеу жұмыстары жүріп жатқанға ұқсайды. Сонымен қатар, мал иелеріне төрт түлігін қараусыз жібермей қадағалауды да қадап айтып жатыр. Әйтсе де, төрт аяқты мал емес пе, алысқа ұзап кетеді. Оның үстіне бір рет дәмін татса болды, нашақор секілді кекек өскен жерді қуалай жөнеледі. Бұл расымен де нағыз тажал болып тұр. Жауын-шашынды молайту қолдан келмес, бірақ өзен суларын көбейтуге мүмкіндік жасау керек секілді. Ол үшін Қаратал, Іле өзендерінің арналарын тазалау керек. Арнайы техникамен өзеннің табанындағы лайды аршыған жөн. Сол кезде өзен суы жайылымға да, жер мен көлге де толық жетеді. Мүмкін қуаңшылық пен аталған зиянды шөптің уытын бәсеңдетерміз. Әрине, зиянкеспен күресу дәрісі де табылып қалар, бірақ оны ен даланың қай бұрышына жеткізесіз. Мұны да естен шығармаған дұрыс. Қалай болғанда да, малшылардың жағдайына қарайласып, бұл кесапаттың жолын кесуді назардан тыс қалдырмай, қазірден ауыздықтаған жөн. Оған арнайы мамандар барып, жағдайдың белең алып кетпеуіне тосқауыл болып, нақты шешім шығарса, жергілікті малшылар да бірлесе күресетіні анық. Бұл атүсті қарайтын жайт емес, үлкен қауіп! 

Ришад ТҰРҒАНБАЙ, 
Жетісу облысы