ҚЫРҒЫЗ АЗАМАТЫ 26 ЖЫЛДАН КЕЙІН ОТБАСЫМЕН ҚАУЫШТЫ

Уақыты: 04.01.2023
Оқылды: 1860
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Өткен жылы 8 қазанда түннің бір уағында Талдықорған қаласындағы әлеуметтік бейімдеу орталығындағы түнгі қоңырауы қағылды. Мезгілсіз уақытта есікті ашқан түнеу бөлімшесінің меңгерушісі Бағлан Ордағұлов дірдек қаққан адамды көреді. Жас шамасы 60-65-тегі ақсақалдың кеудесінде жаны бар дегенің болмаса, жүруге де, сөйлеуге де шамасы жоқ. Суықтан, аштықтан, ауыр жұмыстан сілесі қатқан қарт кісіні мекеме қызметкері ішке кіргізіп, жылы орынға жайғастырады. Бұл бірінші рет емес, бұған дейін де сан мәрте қоңырау қағылып, далада қалған азаматтар келіп, түнеп кететін. Олардың көбісі тағдырдың тауқыметін көп көріп, ішімдіктің соңына түскен, болмаса, қылмыс жасап, жаза арқалап, дұрыс жолын таба алмай, өмірден баз кешіп кеткендер. 

Отбасын тәрк етіп, қаңғыбас атанғаны көп. Мұндай кезбе жандарды мемлекет далада қалдырмайды. Қоғамның бір мүшесі ретінде қанатының астына алып, қамқорлық танытады. 
Жұмыстың тәртібі бойынша қалжырап тұрған ақсақалды тіркеуге алады. Қалтасында төлқұжаты жоқ, өзінің кім екенін де толық білмейді. Сөзі түсініксіз, дауысы қарлығып, үні де шықпайды. Сөйлеуге шамасы да жоқ. Өзін Коля Орловпын деп таныстырады. Одан басқа мәлімет айта алмады. Мекеме қызметкері сөйлесе келе Коля Орловтың есте сақтау қабілеті нашар екенін байқап, жекебасын анықтау мүмкін еместігін түсініп, «белгісіз тұлға» ретінде тіркейді.
Жуындырып, таза киіммен қамтамасыз етіп, медициналық тексерістен өткізгеннен кейін жайлы төсекке орналастырып, сол күні түнгі болу бөлімшесінде түнетеді.
Адам баласының бұндай жолды өз еркімен таңдамайтыны белгілі. Түрлі себептермен осындай күйге душар болып, өмірдің бұралаң жолына түседі. 
9 қазан, таң атты. Көп уақыт жайлы орын көрмеген Коля әлеуметтік бейімдеу орталығының жұмсақ төсегінде қатып ұйықтапты. Күн ұясынан әлдеқашан көтеріліп кетсе де төсектен тұрмады. Тұруға да шамасы жоқ, дәм-тұзы таусылатын уақытты күтіп жатқан науқас секілді дыбыссыз жата берді. Тек мекеме қызметкері келгенде ғана басын көтеріп, тұруға ыңғайланды. Қос тізесі дірілдеп, құлаған талдан сындырып алған ирек ағашына қол созды. Өздігінен тұра алмайтынын білген мекеме қызметкерлері оны қолтығынан демеп, орталықтың негізгі бөліміне жеткізіп, сол жерге орналастырды. Алдына ас қойып, тамақтандырды. Ыстық тамақты соңғы рет қай уақытта ішкені белгісіз, саусақтары қасық ұстауға келмей дірілдеп, шамасы жеткенше таңғы асын ішті. 
Жаңа түскен «белгісіз тұлғаны» әлеуметтік бейімдеу орталығының директоры Сұлтамұрат Бекпенбетов арнайы көріп, аз-кем әңгімелеседі. Ұзақ уақыт ауыр жұмысқа жегілген Коля Орлов, орталық директорына мардымды жауап қайтара алмады. Тумысынан сөзге жоқ адам ба әлде бейтаныс адамға сырын ашқаннан жасқанама, белгісіз, әйтеуір көп сөзге келмеді. Сол күннен бастап, мекеменің бар қызметкері Коля Орловпен жұмыс істейді. Әлеуметтік бейімдеу орталығы болғасын психолог, дәрігерлер, заң бөлімінің адамдары жан-жаққа іздеу салып, белгісіз тұлғаның жекебасын анықтауға кіріседі. Оңай шаруа емес, қандайда бір мәлімет болса соның соңына түсіп, нәтижеге жеткенше қазбалай беру керектігі белгілі. Бұл ретте бір ғана мәлімет «Коля Орловтан» басқа ештеңе жоқ. Оның Коля еместігі түсінікті. Өйткені азияттық, сөзі де қазақша. Толық есімі белгісіз болғандықтан хат жіберген жерлерінен нақты жауап келмеді. Ақыры облыстық «Жетісу» телеарнасына жүгініп, арнайы бағдарламаға шығаруға бекінеді. Бұқаралық ақпарат құралдары сауапты іске білек сыбана кірісіп, ақпарат таратады. Жан-жақты іздестіру жұмысы қарқынды атқарылады. Бұл аралықта орталықтың әлеуметтік қызметкерлері Колямен әңгіме өткізіп, диалогқа шақырады. Алғашқыдағыдай емес, жайлы орыннан біраз әл жинаған белгісіз жан сөзге келіп, әр нәрсені айтады. Денсаулығы да жақсарып, таяққа сүйенгенін қойып, жүрісі де түзеледі. Орталықта бекер жатпай, ауланы тазартуды міндетіне  алады. Әр ісін тиянақты істейтіні жасаған жұмысынан көрінеді. Есік алдын тазалап, өзімен-өзі күн кешеді. Күндердің-күнінде психологпен әңгіме барысында өзінің қырғыз екенін айтып қалады. Сол сәттен бастап, бір жаңалықтың шеті шыққанын аңғарған мамандар көрші елге хабар жіберуге бекінеді. Телеарна, радио хабар таратса, блогерлер әлеуметтік желіге суретін салып, қоғам белсенділері еріктілер де өз үлесін қосуға бар күшін жұмсайды.
Сондай еріктінің бірі Ғазиз Аманжолұлы көп еңбек етеді. «Жетісу» арнасынан көзі шалып қалған Ғазиз, ақсақалға көмектесуді өзінің басты міндеті санап, қол ұшын созады. Қырғыз мемлекетіне хат жолдап, ҚР Парламенті Мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспанның ұйытқы болуымен елшілік арқылы іздеу салады. Ақыры іздегендері табылып, Қырғызстандағы тіркеуден оның Коля Орлов емес Кенжебек Арунов екені анықталады. Қырғызстан Республикасы, Ақбұлақ ауылында 1957 жылы 18 желтоқсанда дүниеге келгені, 2 ұл, 1 қыздың әкесі, жоғалып кеткеніне 26 жыл болғаны белгілі болады. Екі жақ хабар алысып, орталық қызметкерлері туыстарының келуіне мүмкіндік жасайды. Сауапты іске бірлесе кіріскен барлық атсалушылар бұл жаңалықты естігенде қуаныштан бөркін аспанға атып шаттанды.
Әкесін өз қолынан жоғалтып алған ұлы – Жеңишбек хабарды алған бетте бірден Қазақ-станға тартады. Әкесінен көз жазып қалғанда Жеңишбек небәрі 15 жаста болған екен. Оның айтуынша Кенжебек Арунов ауылында ұжымшардың көлік жүргізушісі болып еңбек еткен. Өте жұмыскер, көп сөзге жоқ, тұйық, істің адамы болған. Оқыстан көлік апатына түсіп, басынан зақым алған әкесі жұмысқа жарамай қалады. Есін жоғалтып, ауытқу басталады. Ауыл ішінде өзінше күн кешіп, ешкімге зияны жоқ, көпшіліктің ортасында жүре береді. Бір жолы баласы екеуі қырман басындағы карта ойнап отырған жүргізушілердің қасында тұрады. Жеңишбек әкесінен алшақтап, ойынның қызығына түсіп кетеді. Қайтып келген уақытта әкесінен көз жазып қалғанын біліп, іздегенімен еш нәтиже шықпайды. Сол кеткеннен мол кеткен, әкесін 26 жыл бойы көрмейді. Туыстары, отбасының іздемеген жері қалмады. Сағыныштан көз жастары таусылып, өлдіге санап отырғанда өшкені қайта жанып, Кенжебек тірі деген хабар алады. Ұлы әкесіне келіп, құшағына басты. Көз жасына ерік берген әке мен баланың қауышуы мекеме қызметкерлерінің жүрегін елжіретіп, көздеріне жас үйірді. Екі-үш күн қасында болған Жеңишбек әкесінің құжатын дайындауға өз еліне аттанады. Ұлы кеткен күннен бастап Кенжебек Арунов, бұрынғыдай сыртқа көп шықпайтын болды. Терезеге телміріп, ойға көп шомады.  26 жыл тартқан тауқыметін есіне алама, ұлы келмей кете ме деген қорқыныш ойын билей ме, ол жағы беймәлім. Бірақ терезеге көз тастап, бір нүктеге қадалып отырған кезі жиілей түсті. 
Рас, 26 жыл қайда жүрді? Қырғыз елінен қазақ жеріне қалай келді? Коля Орлов деген есімді кім берді? Ол жағы бәрімізге жұмбақ. Шипасы таусылғасын орталықтың алдына тастап кеткенге қарағанда ширек ғасыр құлдықта болғаны белгілі. Иә, ол күндер артта қалды. Енді туған ауыл, отбасы, ұл-қызының қасына оралады.
Көптен күткен күн де келді. Айыр қалпақты ағайындардың елінен Кенжебек Аруновты алып кетуге бауыры Құттыбек, ұлы Жеңишбек және сыныптас досы Есенкелді Абдиев келіпті. Тылсым бір күштің бары анық, бауырлардың табысу күні Халықаралық еріктілер күніне сәйкес келуін қарасаңызшы. Бір туғандардың табысу сәтіне қала әкімінің орынбасары Бауыржан Әбибеков арнайы келіп, қонақтарды қарсы алды.
Бауырларды табыстырмас бұрын, қырғыз ағайындардан аман-саулық сұрасып, қуаныштарымен құттықтады. Одан кейін орталықтың директоры Сұлтамұрат Бекпенбетовке алғысын айтып, жігерлі жұмысына ыстық ықыласын білдірді. Сондай-ақ, үлкен жұмыс атқарған ерікті Ғазиз Аманжолұлына, «Жетісу» телеарнасына ризашылығын айтып, Алғыс хат табыс етті. Өз тарапынан Алатау асып келген Құттыбек аға да алғысын айтып, ризашылығын білдірді. Енді ең тәтті де жүрек тебірентер сәтке келді. Мәжіліс залына бауыры Кенжебек Аруновты алып кірді. Қос бауырдың құшақтары айқасып, көрісіп жылағанын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Отырғанның бәрі егіліп, «адамзат баласын мұндай күйден, бір-бірінен ажырап қалудан аман сақтасыншы» деген сөздер айтылып жатты. Бір туғандардың құшағы әзер ажырап, талай жылғы іште қатқан шер шықты-ау! Соңынан бауыры Құттыбек қазақ халқына басын иіп, алғыс айтты. Ширек ғасыр әкесін көрмеген ұлы биыл Құран бағыштап, ас берем дегенде Құттыбек тиып тастайды. «Әкең тірі, менің түсіме кіріп жүр, есіктен кіре алмай тұрады, біз оны табамыз», – деп. Сол күнге жетті, құшақтасқан бауырлар, бар қызығы бірге өткен сыныптас досы, жанарындағы жасы құрғамай зарыға күткен ұлы әкесін қолынан ұстап, есік алдындағы көлікке қарай бет алды. Есіктен шығып бара жатып, бір жыл жайлы мекен болған орталыққа қарт Кенжебек ақсақал соңғы рет қарап, қош айтысты. Жүйіткіген көлік Ақбұлақ айылын бетке алып, Алатаудан ары асып кете барды.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ,
Жетісу облысы