МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМА: КҮНГЕЙІ МЕН КӨЛЕҢКЕСІ. ШИҚАННЫҢ ДА ЖАРЫЛАТЫН КЕЗІ БОЛАДЫ

Уақыты: 06.01.2023
Оқылды: 1705
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Әлемді алаңға түсірген пандемиядан кейінгі жұрттың тыныштығын кетірген әр елдегі толқулар экономика, әлеумет, басқа да саладағы қиындықты ушықтырып жіберді. Кейінгі жылдары қаржы тапшылығы орын алып, жұмыссыздық, ақшаның құнсыздануы мен еңбек нарығында дау-шарлар көп болды. Бүгінгі таңда әлемдегі алпуыт елдердің өзі жүрісінен жаңылып, халықтың наразылығы жиілей түсті. Ресей мен Украина соғысын айтпағанның өзінде, Түркия, Қытай, Иран, Оңтүстік Америка мен Африка елдеріндегі толқулар экономикалық қатынасты реттеудің жаңа тәртібін орнату қажеттігін күн тәртібіне шығарды. Бұл жағдай Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Жыл басында жұрттың жағасын ұстатқан Қаңтар оқиғасының туындауы  да елдегі «еңбек қатынасының бүлінуінің салдары» деп қорытындылауға болады.

КӨЛЕҢКЕ

Тарихтан белгілі болғандай, қазақта өмір бойы шешімін таппаған «Жер және жесір дауы» деген екі үлкен дау бар. Енді оған «еңбек дауы» деген тағы бір жаңа термин қосылды. Әрине, Тәуелсіздіктің 30 жылдығында көптеген жетістікке жетіп, табысқа кенелдік. Алайда, еңбек қатынастарын дұрыс реттемеудің салдарынан біреулер шылқыған байға, енді біреулер сіңірі шыққан кедейге айналды. Өкініштісі, кедейлердің қатары көбейе түсті. Тіпті, Қазақстандағы байлықтың негізгі бөлігі 200-дей ғана адамның қолына топталғанын да естідік. Бұл теңсіздік адал еңбектің емес, көптеген адамның нәпақасын күшпен, қулықпен, аярлықпен иеленудің салдарынан туындағаны да анық.
 «Қысым артқан сайын кернеу күші де көбейеді» дегендей, байлықтың әділетсіз бөлінуіне, құқықтың аяққа тапталуына шыдамаған жұрт жиі наразылық білдіріп отырды. Бірақ күштік құрылымдар көптің мұңынан гөрі, ат төбеліндей қалталы адамдардың мүддесін қорғауға жұмыс істегенін де сезіп, біліп жүрдік. Халықтың талабын заңмен қорқытып, өктемдікпен басып, жұрттың аузын аштырмай келгенімізбен, «Халық қаласа, хан түйесін соятын»  жағдай ақыры бір-ақ күнде бұрқ ете қалды. Бірақ тағы да айран ішкендер құтылып, шелек жалағандар тұтылды. Егер елдегі еңбек қатынастарын реттей алмасақ, бұл жағдайда тіпті, үлкен толқулар шығып кетуі әбден мүмкін. Қаңтар оқиғасы экономикалық әлеуетті арттыруды көздеп, халықтың еңбегін қанаудан туындаған көз жасымен есептеспеудің нәтижесі қалай болатынын түсіндірді. Сондықтан саясатты (басқаруды, тәртіпті, заңды) алдыға шығарып, сосын экономиканы қолға алып, демократиялы, тең құқылы, елдің жағдайымен есептесіп отыратын мемлекет құрудың бағытына ауыса бастадық. Әрине, бұл мақсатқа жету үшін де асатын асу, өтетін өткел аз болмайтыны анық. Өйткені қатып қалған сеңді бұзу айтуға ғана оңай дүние.
Еңбекті қорғау – ғасырлар бойы көтеріліп келе жатқан мәселе. Бұған атүсті қарауға болмайды. Үлкендер бізге: «Кісі ақысын жеме?» деп ескертіп отыратын. Қазір кез келген жерде, ұйымда, мекемеде, мемлекеттік органда, бизнесте, кәсіпкерлік саласында қарапайым жұмысшысының нәпақасын иеленуге қатысты сан түрлі дәлелді келтіруге болады. Ақиқатында, «бір күн ши, бір күн туырлық жасырғанымен», елеп-ескерілмеген наразылықтың соңы үлкен қайшылыққа жетелеп апаратынын өмір талай дәлелдеді. Тіпті, ол мемлекеттің бет-беделіне нұқсан келтіруі де мүмкін. 
Кейінгі жылдары еліміздің әр өңірінде туындаған еңбек қатынасына байланысты наразылықтарды айтпағанның өзінде  жаңадан құрылған Жетісу облысында да бірде қату, бірде тату болған бірталай еңбек дауы орын алды. Әсіресе шетелдік инвесторлар мен жергілікті халық арасында туындаған еңбек даулары жерлестеріміздің пайдасына шешілгенімен, шетелдік инвесторлардың еліміздегі еңбек қатынасына деген сенімсіздігін туындатты. Оған Алматы – Өскемен – Қалбатау бағытындағы автобанды салу кезіндегі жағдайды, Кербұлақ ауданындағы «Alacem» ЖШС-нің цемент зауытындағы дау-шарды, тағы басқаларын айтуға болады. «Қол сынса жең, бас жарылса бөрік ішінде» дегендей, «Қайнар» АКБ» ЖШС-дағы кәсіпорын мен Алматы облыстық кірістер департаментінің арасындағы келіспеушілік, Ақсу ауданы, Қызылағаш ауылындағы миллиардтаған қаржы шығындалған асыл тұқымды сиырларға қатысты орын алған келеңсіздік, облыс орталығындағы  заңсыз берілген тұрғын үй мәселесі, Кербұлақ ауданындағы мектеп директоры мен ұстаздар арасындағы текетірес облысты аттап, республикаға жетті. Ал жуырда ғана Талдықорғанда мыңдаған жер телімін біреулердің заңсыз иемденіп отырғаны белгілі болды. Олардың бірде-бірінің құжаты жоқ. Бұл келеңсіздік арнайы аэроғарыш зерттеуі арқылы анықталған. Мұнан басқа білім, денсаулық, спорт, тағы да басқа салада орын алған еңбек даулары да қордаланған мәселенің көп екендігін көрсетуде. Ал ашуын сыртқа шығара алмай, ішінен тынып жүрген еңбек ұжымдарындағы наразылық қаншама? Шиқанның да жарылатын кезі болады. Сондықтан осындай талас-тартысты болдырмау үшін еңбек қатынастарын реттейтін, әр адам еңбегіне қарай нәпақа табатын тепе-теңдікті қалыптастыру керек.

КҮНГЕЙ

Елімізде осындай қайшылықтарды мемлекет, жұмыс беруші, кәсіподақ сияқты үшжақты келісім арқылы шешіп отыру мақсатында жұмыс жүруде. Мұнда әлеуметтік әріптестік, ұжымдық шарт, еңбек қауіпсіздігі, құқықтық жұмыс арқылы еңбек даулары шешіледі. Бүгінде облыстағы осындай жұмыспен айналысатын Алматы облыстық кәсіподақтар орталығында 12 салалық кәсіподақ, 708 кәсіподақ ұйымы, 92 мыңнан аса кәсіподақ мүшесі бар. Олар жыл бойы «Әлеуметтік әріптестік, «Нөлдік жарақаттану-Vision Zero» тұжырымдамасын, «Халықтық бақылау», «Қалың қалай, бастауыш?», «Татуласу орталығы», тағы да басқа жобалар бойынша  шиеленістерін реттеп, еңбек қатынастарын бақылап, жазатайым оқиғалардың алдын алуға тырысып келеді. Мысалы, өткен жылы облыста еңбек қызметімен байланысты 12 жазатайым оқиға орын алып, 26 жұмыскер зардап шексе, оның ішінде 2 адам қайтыс болған. Облыстық кәсіподақ орталығында әртүрлі сипаттағы 37-ден астам өтініш қаралып, 32-і оң шешімін тауыпты. Жалақы, әлеуметтік көмек сияқты түрлі сауал бойынша 61 адам жүгінген. Сондай-ақ, кәсіп- одақтар орталығына қарасты кәсіподақ ұйымдарында еңбек дауларының алдын алу бойынша әлеуметтік әріптестермен бірлесе 4 бастауыш ұйымдағы еңбек дауының сипаты сараланған. Өңірдегі кәсіподақ ұйымы бар мекеме-кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша 610 өндірістік кеңес құрылып, 932 техникалық инспектор қоғамдық негізде жұмысқа тартылған. Әрине, еңбек дауларын шешуде жұмыс жүргізілуде. Статистика деректері бойынша, өңірде 25129 жекеменшік кәсіпорын жұмыс істейді. Оның 125-і ірі, 535-і орта, 24469-і шағын кәсіпорын санатында. Солардың қатарында облыстық үшжақты комиссия тек 17087 шағын, орта және ірі кәсіпорынмен ұжымдық шарт жасасқан. Десе де, кәсіподақ орталықтарын шетінен судан таза, сүттен ақ дей алмаймыз. Олардың арасында да басқалардың қас-қабағын бағып, ыңғайына иіліп тұратындар жоқ емес.

ҚАЙТПЕК КЕРЕК

Нақтылы жағдайды сараптап көргенде, кәсіподақ орталығы жоқ немесе үшжақты комиссиямен келісімшарт жасаспаған әр деңгейдегі кәсіп- орындардағы жұмысшылар «қорғансыздың күйін» кешіп жүр.  Өйткені, олар көп жағдайда өздерінің құқығын қорғай алмай, еңбек жағдайында жарақат алу немесе басқа да келеңсіздіктерге ұшырағанда ақысын талап ете алмай, жалақы, әлеуметтік көмек, мемлекеттен берілетін басқа да жеңілдіктерге қол жеткізе алмай қиналады. Тіпті, еңбек қатынасындағы теңсіздік барған сайын ушығып барады. 
Басқасын айтпағынның өзінде, бір ұжымда 30 жыл еңбек еткен адам кеше ғана жұмысқа тұрған жас маманмен бірдей жалақы алады, ұжымдарда қызметшілерге емдеу-сауықтыру бойынша ешқандай да жеңілдіктер қарастырылмайды. Басшы мен қарапайым қызметкер арасындағы тұрғын үй, көлік,  жалақы, басқа да әлеуметтік көмектің парқы жер мен көктей. Мемлекеттік марапат алсаң да оның көк тиындық құны жоқ. Айта берсең, көбейе түсетін теңсіздіктер қазіргі қоғамның дертіне айналды. Қоғамда орын алған толқулар, ереуілдер, шерулердің түп төркіні осыдан шығып отыр. Сондықтан әр мекеме, кәсіпорын, ұжымда қызметшілдердің құқығын қорғайтын облыстық, аудандық үшжақты келісім комиссиясымен тікелей жұмыс істейтін, өз ұжымының басшысына бағынбайтын орталықтар  құрылып, олардың құқықтық негіздері тұрақтандырылғаны жөн. Сонда ғана Мемлекет басшысы тапсырған «Құлақ асатын Үкімет» орната аламыз.

Қажет АНДАС,
Жетісу облысы