САРҚАН АУДАНЫНДА ШАҢҒЫ СПОРТЫНАН ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНЫҢ ЧЕМПИОНАТЫ ӨТТІ

Уақыты: 28.01.2023
Оқылды: 1526
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Сарқан ауданының Екіаша ауылында шаңғы спортынан Жетісу облысының чемпионаты өтті. Табиғаты сұлу, ауасы таза, тау бөктерінің көрінісі тіптенде керемет жерде чемпионат бірінші рет өткізілді. Өйткені, Алматы облысы болған кезде аталмыш жарыс, жыл сайын Кеген ауданы, Сарыжаз ауылында өткізу дәстүрге айналған еді.
Бірден айтайық, Жетісу облысы дене-шынықтыру және спорт басқармасына қарасты бұқаралық спорттан іс-шаралар өткізу мекемесінің мамандары жарыстың жоғары деңгейде өтуіне ерекше мән берген. Екіаша ауылында бұрын-соңды облыс деңгейінде жарыс өтпеген. Сайыс өтетін жерді таңдау, алаңды қардан тазалау, шаңғышыларға жол салу сияқты ұйымдастыру жұмыстарына тәжірибесі қажет еді. Аталмыш мекеме мамандары осындай ауқымды жұмыстарды жоғары деңгейде ұйымдастырды. Қорыта айтсақ, шаңғышылар сайысына барлық жағдай жасалды.
Жетісу облысының бірінші чемпионатына он ауданнан 120 шаңғышы қатысты. Жарыстың салтанатты ашылуында Сарқан ауданы әкімінің орынбасары Алмас Ажарханұлы Байғұнысов құттықтау сөз сөйлеп, маңызды жарысты Сарқан ауданының төңірегінде өткізуге шешім қабылдаған облыстық дене-шынықтыру және спорт басқармасы басшылығына алғыс білдіріп, спортшыларға сәттілік тіледі.
Дода жас мөлшері 60 жасқа дейінгі әйелдердің сынға түсуімен басталды. Содан кейін, одан төменгі жас мөлшерлеріндігі қыз-көліншектер жарыс көркін қыздыра түсті. Ерлер 1500 м, 3000 м және 5000 метр қашықтықта сынға түсті. Жалпы жарыс, әйелдерге қарағанда ерлер арасында өте тартысты өтті. Себебі, олардың арасында әр жылдары түрлі жарыстарда шыңдалған, тәжірибелі шаңғышылар аз болған жоқ.
Екі күндік дода қортындысында жалпыкомандалық есепте 1-орынды Кербұлақ ауданының шаңғышылары жеңіп алды. Оларға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының Кубогы және бағалы сыйлықтар табыс етілді. Екінші, үшінші орындарды Сарқан ауданы және Талдықорған қаласының командалары өзара бөлісті.
         

 Алуа ОСПАНЖАН,
Жетісу облысы