ҚОЖА АХМЕТ ЯССАУИ - 930. АШЫҚ САБАҚ ӨТТІ

Уақыты: 08.02.2023
Оқылды: 3807
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Аты әлемге әйгілі, сопылық әдебиеттің ірі өкілі, кемеңгер, ойшыл ақын Қожа Ахмет Яссауи туралы   Оқушылар сарайының   Тарихи-өлкетану үйірмесінің жетекшісі, ұстазымыз Ж.С. Турганбекова Қожа Ахмет Яссауидің туғанына 930 жыл толуына орай “Қожа Ахмет Яссауи ұлы тұлға” тақырыбында ашық сабақ өткізді.


Осы сабақта Қожа Ахмет Яссауидің  ақын, ойшыл, ұстаз, түркі жұртына имандылық нұрын шашқан діни ағартушы, сопылардың пірі (ұстазы) екеніне тағы да көз жеткіздік. Артына мән-маңызы өшпейтін елеулі де асыл мұра қалдырған екен. «Диуани хикмет» атты өлең тілімен жырлайтын туындысы қанша ғасырлар өтсе де, өзінің өміршең құндылығымен мұсылман әлемінде жарық жұлдыздай ел-жұртқа аумас бағыт беріп келеді. Яссауидің әкесі - Шайхы Ибраһим сопылық жолды ұстаған діндар адам болыпты. Ахметтің анасы Қарашаш пен әкесі Ибраһимнің мазары - Сайрамда. Ұстазы - Арыстанбаб (Арыстан баба) пен Яссауи жөнінде ел арасында көптеген аңыздар тараған. Онда: Мұхаммед пайғамбар Арыстан бабқа бір түйір кұрма беріп, оны Қожа Ахметке табыс етуін сұраған. Арыстанбаб сол құрманы ұртында 600 жыл сақтап жүріпті. Яссауи Арыстан баб ұстазына деген зор құрметін өзінің "Хикметтер" ("Диуани хикмет") кітабында баяндағанын бізге ұстазымыз таныстырды. Сабақты бекіту мақсатында “Жамбо ату” әдісі арқылы бүгінгі сабаққа байланысты сұрақтар қойылды. Маған қойылған сұрақтар аса қиындық тудырмады. Өйткені, Қожа Ахмет Яссауи туралы тың деректердің барлығын саралап, өз ойыма түйіп отырдым. Келесі кезекте Ахмет пен Абайдың даналық сөздерін жасырылып тұрған ұяшықтардан тауып, оларды сәйкестендірдік. Абай мен Ахмет ілімінің үндестігінің бар екеніне көзіміз жетіп, жақсылық пен адалдық жолын нұсқайтынын байқадық. Сабақ соңын “Бүгін мен….” әдісімен ұстазым қортындылатты. Мен сабақ барысындағы өзіме ұнаған әсерлерді және өзіме тәрбиелік мәні бар құнды ақпараттарды қорытынды ретінде оқушылар мен ұстазыма жеткізе алдым. Маған Қожа Ахмет Яссауиге байланысты өткізілген ашық сабақ өте қатты ұнады. Ұстазыма алғысым шексіз.

                    Амина ЕРЖАНОВА  
«Оқушылар сарайы» МКҚК
 «Тарихи-өлкетану» үйірмесінің оқушысы
                                              Жетекшісі: Турганбекова Ж.С