БІРІ ЖАЗЫМ, ЕКІНШІСІ ЖАЛАЛЫ БОЛМАСЫН ДЕСЕК

Уақыты: 13.02.2023
Оқылды: 1421
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ауылдағы ағайынның айтар арызы көп. Өңірдің қай елді мекеніне барсаң да, ұсыныс-тілегімді жоғарыға жеткіз деген тұрғындар алдыңнан шығады. Біз барған ауылдың тұрғындары жоғарыға жеткізе алмай жүрген жанайқайын да, ұсынысын да айтып, тілшілерден көмек сұрады. Сөзіміз жүйелі болсын деп, барлығын басынан бастайын. Редакцияға  Қаратал ауданындағы Көпбірлік, Қарақұм, Байшегір, Дөңши, Ақжар ауылының тұрғындары хабарласып,  көмек сұрады. Ауылдағы ағайынның талап-тілегі мен тұрмыс-тіршілігін өз көзімізбен көріп қайттық.

Халық пен балық

«Өзен жағалағанның өзегі талмайды» дегенді халық бекер айтпаған болар. Көпбірлік ауылы Қаратал өзенінің Балқаш көліне құяр сағасында орналасқан. Ауылдың негізгі тіршілігі – балық. Заманында Киров балық ұжымшары (колхоз) болған. Округтің аты да өзіне сай, Қызылбалық ауылдық округі деп аталады. Міне, сол ауылдың тұрғындары Балқаш көлінен нәпақасын тауып, күн көріп келеді. Ауылда одан басқа тіршілік көзі жоқ. Қолдағы азын-аулақ малынан көп қайыр жоқ. Сондықтан  балық аулаумен жан бағып, бала-шағасын асырап отыр. Кеңес заманында аталған ауыл балық аулаудан алдыңғы қатарда болып, талай мәрте өкіметтің жоспарын орындап, озат балықшыларымен мақтанатын. Ол кезде ауылда 9 бригада, 18 моторлы қайық бар еді. Өкінішке қарай, қазір оның бірі де жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы жылы тоқырауға түскен Көпбірлік ауылы содан бергі кезеңде қолда бардың барлығынан айырылды. Жеке кәсіпкерлік, кооператив құрамыз деген желеумен сырттан келген азаматтар ауылдағы барды ұқсатамыз, көркейтеміз деген-ді. Есесіне ауылдағы бар техниканы сатып, айрандай ұйып отырған ауылдың берекесін қашырды. Дамытамыз дегені бос болып, тоз-тозын шығарды. Міне, сол кезден бастап ауыл тұрғындары балықшы деген абыройлы аттан да айырылды. Күнкөрістің қамы деп, жеке-жеке балық аулап, шамалары жеткендері кішірек  қайық алып, осы күнге дейін амалдап күнелтіп келеді. Бұл ақпараттардың барлығын ауыл ақсақалдарының аузынан естідік. Бастан өткерген қиындықтары мен тартқан ауыртпалықтарын айтып, өткенге көз жүгіртіп, ескіні аңсай еске алды. Ол заманда балықшының қадірі бар, екінің бірі  бұл кәсіпке бел байлай бермейтін. Жүрегінің түгі, білегінің күші, шыдамдылығы мол жан ғана балықшы атанатын. «Табысы мол, жетістігі мен марапаты көп маман иесі едік» деп күрсінген қарт балықшылар алдағы күнге алаңдайды.
Расымен де, ауылдың ажары кетпеген, сол кездегі қаз-қатар салынған үйлер  қаз қалпында. Тек, тұрғындарының қадірі қашып, көздерінде үрей бар, іштері налаға толы. Төрт ауылдан жиылған ағайынның базынасын естіп, біздің де жүрегіміз ауырды. Ауылдағылардың айтарына құлақ түрдік, жанайқайын естідік. Өзен жағалап отырып, өзегі талған халықтың мәселесіне үңілдік. 

Балықшы едік, браконьер атандық 

Көпбірлік ауылындағы жиылған жұрттың негізгі шағымы – күнкөріс мәселесі. Басында айтқанымыздай, мұндағылардың негізгі тіршілігі – ба-лық аулау. Одан басқа жұмыс жоқ. Осы орайда балықшы қауым бүгінгі күнге дейін қашып-пысып жүріп, заңсыз балық аулап келді. Олардың арнайы тіркеліп заңды балық аулауына ешқандай мүмкіндік жоқ. Сонымен қатар, ау-құралдарына  да заңмен тыйым салынған. Күнкөрістің басқа амалы қалмағасын, қара қазан, сары баланың қамы үшін  рұқсатсыз балық аулауға мәжбүр болып жүргендерді соңғы кездері табиғатты қорғау полициясы тырп еткізбеуге айналыпты. Шетінен ұстап, қылмыстық іс қозғап, шырылдатады.  Бүгінгі күнге дейін бірнеше балықшыны қылмыстық жауапкершілікке тартып, істері сотқа жөнелтіпті. Ашынған халық не істерін білмей отыр. 
Мен Байшегір ауылының тұрғынымын, екі баламды Бағлан деген жігіт ұстап алып, қылмыстық іске тартты. Әрине, оның істеп отырған ісі заңды, табиғатты қорғап, өз жұмысын атқарып отыр. Бірақ, ауыл тұрғындарының басқа жұмысы жоқ. Қайтіп күн көреді? Ұры-қары секілді заң қызметкерлерінен қашып жүріп, балық аулауға шығады. Байлыққа белшесінен батып жатқан ешкім жоқ, барлығы да бала-шағасын асыраудың қамы. Олар айыппұл салса бір жөн, бас салып, қылмыстық іс қозғағаны бізді қатты алаңдатады. Барлығының бала-шағасы бар, олардың ертеңгі болашағы не болады? Әкелері балық аулап сотталған балалар  ертең жұмысқа да орналаса алмайды. Бұлай жалғаса берсе, бүтін ауыл сотталып шығады. Енді бұлар қайда барады? Бізге осы мәселені шешіп берсе, біз заңды балықшы деген атқа ие болып, рұқсат қағазымызбен балық ауласақ. Осыны жоғары жаққа жеткізіңіздер деген тілекпен сіздерді шақырдық, – дейді Түгелбай Әрін. 
Рас, қарап тұрсақ ауылда басқа жұмыс жоқ. Олар екі қолға бір күректі қайдан тауып, бала-шағасын қалай асырайды? Заңды тіркелетін мекеме де жоқ. Ұстағанын қылмысқа тарта берсе, ауылда таза адам қалмайтыны анық. Заң талабын орындаймыз деп елдің бәрін қылмыскер атандыру жергілікті жұртты  ашындыру емес пе  деген сауал туады. Онсыз да титықтап отырған ауыл тұрғындары ашынып кетіпті. Ашынған халық заң қызметкерінің жағасына жармасып, бірі жазым, екіншісі жалалы болса, арты жақсылыққа апармасы анық. Осы жағы өте қауіпті. Бір адамды басарсың, төрт ауылдың адамын тоқтату қиын. Осының алдын алып, ауылдағы ағайынның талабына құлақ асқан жөн болар. Осындай әңгіменің тиегін ағытқан тұрғындардың ішінен тағы бір ағамыз ұсынысын айтты.
– Біздің құрып отырған ауымыз (балық аулайтын сетка) қытайда шығарылған. Ел арасында «қытай сеткісі» деп аталады. Бұл ау-құралмен балық аулауға рұқсат жоқ. Негізінен рұқсат етілген жібек жіптен тігілген ау-құрал Қазақстанда шығарылмайды. Ресей мемлекетінен келеді. Амалсыздан осы «қытай сеткісін» пайдалануға мәжбүрміз. Егер мемлекеттен оған тыйым салынса неге еліміздің нарығында еркін сатылады? Бұл да қылмыстық жолмен елге келіп жатыр емес пе? Рұқсат етілген құрал болса, заңсыз дүниені тұтынып неміз бар. Жоқ болғасын аламыз да. Осы мәселені де шешіп берсе. Бүгінгі аулап жүрген құралымызбен балық инспекциясы, табиғатты қорғау полициясының қолына түсеміз, олар қылмысқа тартады. Біз заңнан қашпаймыз, ол құралдың зиян екенін жақсы білеміз. Елімізде жібек жіптен тоқылған ау-құрал шығаратын кәсіпорын ашылғанша осы құралмен балық аулауға рұқсат берсе деген ұсынысымыз бар, – деді Мұратхан Құдайбергенұлы.
Шынымен де ел аузында «қытай сеткісі» деп аталатын құрал өте зиян. Оған 2004 жылы Үкіметтің қаулысымен тыйым салынған. Бірақ, сол кезде рұқсат етілген ау-құралдың жоқтығын неге ескермеген деген сауал туады. Екінші мәселе, Үкімет тыйым салса, нарықта неге еркін саудаланады? Кеденнен неге өткізіледі? Осы жағы да  беймәлім. Жоғарғы басшылық мұны ескеруі керек деп санаймыз және балықшы қауымның ұсынысына құлақ асқандары дұрыс. Тіпті уақытша болса да, полимитті ау-құралын қолдана берсе деген өтінішті біз де айтқымыз келеді. Осы тұста сөз алған Еркін Қыдырбекұлы басты себептің бірін айтты:
– Менің әкем де, әкемнің әкесі де балықшы болған. Мына тұрған азаматтардың барлығының ата-бабасы балық аулаған. Біз басқа кәсіптің ыңғайын білмеуіміз мүмкін, балықтың жағдайын жақсы білеміз. Сондықтан да атакәсіптің иесі атанып отырмыз. Біздің  заңсыз балықшы атануымыздың басты себептерінің бірі – көлден балық аулау үшін белгіленген учаске алуға қол жеткізе алмауымыз. Өкінішке қарай ол мүмкін емес. Неге? Өйткені барлығы аукцион арқылы өтеді. Бәссауданың  бастапқы төлемі 1 млн. теңгеден басталады. Кім көп береді, сол ұтады. Бізде ондай қаражат жоқ. Мұнымен қоса бүгінгі күнге дейін Қаратал ауданына жататын учаскелерде бірде-бір аукцион өткен жоқ. Оның себебін білмеймін, өтетін болса сырттағы адамдар ұтады. Көлден бір телім алған адам бар болғаны 10 адамды жұмыспен қамтиды, қалғандары тағы да сол браконьер атанып жүре береді. Осы жағдайды да ескерсе. Табиғат байлығының барлығы сол елде тұрып жатқан халықтың игілігіне жаратылу керек. Барлығын заңды етіп шешіп берсе, біз де заң талабына сай салығымызды төлеп, жұмыс істегіміз келеді. Жаңадан тағайындалған Қаратал ауданының әкімі іскер азамат екенін аңғардық. Елге келіп, ауыл халқымен кездесу өткізді, ол жерде де ұсынысымызды жеткіздік. Әрине, бір ғана ол кісінің қолынан келетін іс емес, дегенмен де жоғары жаққа жеткізсе дейміз. Балықшылардың көлге шығуы қиындап кеткен болатын. Көлдің аузы бітеліп, көліктің өтуіне кедергі келтірген. Мұны естіген Ұлан Әлдибекұлы арнайы техника жіберіп, қазір қазу жұмыстары жүріп жатыр. бұл көмегіне балықшылар атынан алғысымызды айта отырып, біздің тілекке де назар аударса. Қашанғы браконьер деген атпен қашып жүреміз. Жоғары облыстық, республикалық  басшылыққа жеткізсеңіздер деп өтініп тұрмыз, – деді.
Иә, аукцион дегеніміз – нағыз бәйге. Оған қарапайым балықшының шамасы жетпейді. Тапқаны шайлықтан аспай жүрген балықшылардың аукционға қатысуға қауқары жоқ. 2014 жылға дейін конкурс арқылы берілген. Кейін өзгеріс еніп, осындай болды. Оның үстіне бәссаудаға  қатысудың арнайы талаптары бар. Қатысушының үлкен тоңазытқышы, үлкен моторлы қайықтары болуы шарт. Тағы да сол шырылдайтын қарапайым ауыл тұрғыны.

Бірі жазым, екіншісі жалалы болмасын десек, балықшы ауылына көңіл бөлейік. Ауыл тұрғындарының ашынып айтқан сөздеріне құлақ түрдік, шамамыз жеткенше жеткізуге тырыстық. Расымен де заңды балық аулау үшін мемлекет тарапынан кооператив секілді бір арнайы ұжым құрылса заңға бағынып, жұмыс істер еді. Әйтпесе, бүтін ауыл «сотталған» аталайын деп тұр. Талап ету үшін, бірінші жұмыс істеуге жағдай жасау қажет. Содан кейін барып,  заңға сай сұрау салған, орындалмаса жауапқа тартқан жөн.  Елді жұмыспен қамтымай тұрып, өз күшімен күн көріп, бала-шағасын бағып отырғандардың соңына от алып түсу жақсылыққа апармайды. Қараталдық балықшылардың өкпе-наласын естігенде  заманымыздың заңғар жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тер» трилогиясындағы аралдық қаратабан балықшылардың жағдайы көз алдыңа келгендей болады. Онда да теңіз жағалаған балықшылардың отбасы үшін алатын күнделікті бір асымдық балығын бермей, зорлық көрсеткен «Тентек Шодыр» ақыры Еламанның қолындағы сүйменнің соққысынан ажал құшады. Қаратал ауданындағы асқынған жағдайдың алдын алып, билік тарапынан нақты шаралар атқарылмаса, мұның соңы да асқынып кетуі әбден мүмкін...

Ришад ТҰРҒАНБАЙ
Көпбірлік ауылы
Қаратал ауданы