МӘМІЛЕГЕ КЕЛУДІҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

Уақыты: 14.02.2023
Оқылды: 962
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақстан Республикасының «Нотариат туралы» Заңына сәйкес нотариаттың негізгі қызметі азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету. Соңғы жылдары нотариустың азаматтық-құқықтық қатынастарды реттеудегі рөлі, атап айтқанда, міндетті нотариаттық куәландыруға жататын мәмілелер тізбесінің кеңеюі себебінен, сондай-ақ, нотариустың корпоративтік қатынастардағы рөлін күшейту нәтижесінде маңыздырақ бола бастады. Бұл азаматтардың мүлкі мен бизнестегі алаяқтық әрекеттерді, рейдерлік басып алуды азайтуға ықпал етеді.


Мәміленің нотариалды куәландырылуы оның заңдылығын білдіріп, тараптардың әрқайсысының оны жасау құқығының бар-жоғын тексеруге мүмкіндік береді. Мысалы, неке шартында ерлі-зайыптылардың ортақ мүлікті бөлу туралы келісімі; алимент келісімі; кәмелетке толмаған азаматқа немесе мүмкіндігі шектеулі деп танылған азаматқа тиесілі жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару жөніндегі жылжымайтын мүлікке ортақ меншік құқығындағы үлестерді иеліктен шығару жөніндегі мәмілелер; рента шарттары; жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару жөніндегі мәмілелер; қоғамның жарғылық капиталындағы үлесті иеліктен шығару немесе кепіл бойынша және басқа да бірқатар түрлер міндетті нотариаттық куәландыруға жатады. Нотариалды куәландыру арқылы жүзеге асырылатын жылжымайтын мүлікке иелік ету жөніндегі мұндай мәмілелер күшейтілген қорғауды қажет етеді. Нотариалды куәландырылған мәмілелер (қарапайым жазбаша түрде жасалғандардан айырмашылығы) бірқатар артықшылықтарға ие.

Мәмілені куәландыру кезінде нотариус тараптарға оның мәні мен мағынасын түсіндіріп, мәміленің заңдылығына және оны жасасуға тараптардың ерікті екеніне көз жеткізуі тиіс. Мүлікке мәмілелерді куәландыру кезінде осы мүліктің тұлғаға тиесілігін тексереді және мемлекеттік тіркеуге жіберіп, барлық мәмілелерді бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйенің электрондық тізіліміне тіркейді.

Мәміле жобасын және оны куәландыруды дайындау кезінде нотариустың барлық әрекеттері, ең алдымен, оны одан әрі жарамсыз деп тану ықтималдығын болдырмау мақсатында оның заңдылығын қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс. Сондықтан мәміленің нотариаттық нысанының маңызды артықшылығы қос тарапқа да құқықтық қорғау беру мүмкіндігі есептеледі. Өйткені олар мәміле қолданыстағы заңнама нормаларын сақтай отырып жүргізілетініне кепілдік алады. Осыған орай мәмілеге қатысушылар тарапынан алаяқтық, жосықсыз әрекеттер жасау ықтималдығы азаяды. Осылайша, нотариусқа жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату шартын жасасу үшін жүгінген кезде Тараптар оның қолданыстағы заңнаманың барлық ережелерін қатаң сақтай отырып куәландырылатынына сенімді кепілдік алып, шарт жарамды болады, орындалады: сатушы иеліктен шығарылған жылжымайтын мүлік үшін өзіне тиесілі ақшаның толық сомасын алады, ал сатып алушы қалаған жылжымайтын мүліктің иесі атанады, сондықтан мәміле туралы даудан қорғалған есептеледі.

Мәміленің нотариаттық нысанының маңызды артықшылығы «бір терезе» режимінде жатыр. Яғни нотариустың құқықтар мен ауыртпалықтарды мемлекеттік тіркеудің бар-жоғын тексеруді жүзеге асыру, сондай-ақ, мемлекеттік тізілімдермен және өзге де ақпараттық ресурстармен тікелей өзара іс-қимыл жасау есебінен ол жоғалған жағдайда құқық белгілейтін құжаттың мазмұны туралы тиісті үзінділер мен анықтамаларға тапсырыс беру мүмкіндігі саналады. Оның ішінде ұсынылатын ақпараттың объективтілігі мен дұрыстығын қамтамасыз ететін ведомство-аралық электрондық өзара іс-қимыл жүйесіне интеграциялау арқылы бірыңғай нотариаттық ақпарат арқылы жүзеге асырылады. Нотариус міндетті түрде өтініш берушінің жеке басын сәйкестендіруді жүргізіп, нотариаттық іс-әрекет жасауға өтініш білдірген адамдардың жеке куәлігі мен паспорттарының дұрыстығын, олардың банкроттық рәсімінің болмауын, адамды әрекетке қабілетсіз деп тану туралы сот шешімін және өзге де заңды маңызы бар мәліметтерді тексереді. Сұраулар тегін берілетіндіктен мәмілеге қатысушылар ешқандай қосымша шығын шығармайды және әртүрлі сатыларда құжаттарды өз бетінше жинау машақатынан құтылады.

Нотариус кез келген нотариаттық іс- әрекет жасау нәтижесінде адамның мүлкіне келтірілген зиян үшін толық жеке мүліктік жауаптылықта болады. Зиян нотариустың жауапкершілігін сақтандыру арқылы өтеледі, егер ол жеткіліксіз болса, нотариустың жеке мүлкі есебінен өтеледі, сондықтан нотариус әрқашан мәмілелерді куәландырудың дұрыстығы мен заңдылығына мүдделі.

Мәмілелерді нотариаттық куәландырудың тағы бір артықшылығы – тіркеуші органның мәміленің заңдылығын және тіркеуге ұсынылатын құжаттарды тексеру талабының болмауы есебінен жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу мерзімін бір жұмыс күніне дейін қысқартуда жатыр. Өйткені мұны нотариус мәмілені куәландырған кезде жасап қояды.

Мәміленің нотариаттық түрінің маңызды артықшылығы – нотариустың мәміле жасағысы келетін Тараптардың нақты ерік-жігерін белгілеу және олардың қабілеттілігін тексеру: олардың қаншалықты ерікті екендігі, қысымға ұшырағандығы, жасалған әрекеттердің маңыздылығын түсінетіндігі, олардың шынайы себептері және басқа да аспектілері ескеріледі. Тиісінше, нотариат куәландырған мәміле жасаған кезде Тараптар оның мәні мен жасасудың салдарын нақты түсінеді. Бұл тараптардың мәмілені жасасуды адастыруын немесе мәжбүрлеуін болдырмайды. Сондай-ақ, нотариус нотариаттық іс-әрекет жасаған кезде растаған мән-жайлардың дәлелді күші бар екенін атап өткен жөн. Шарттың данасы мен құқық белгілейтін құжаттардың көшірмелері нотариустың мұрағатында тұрақты сақталатындықтан Шарттың данасын жоғалтқан жағдайда құжаттың телнұсқасын нотариустан алуға әрқашан мүмкіндік бар екенін атап өткен жөн.
Нотариаттық қызметтердің қорытынды құны екі құрамдас бөліктен құралады: Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 611-бабы бойынша қандай да бір нотариаттық іс-әрекет жасағаны үшін мемлекеттік баж және «Нотариат туралы» Заңның 30-1-бабы құқықтық және техникалық сипаттағы қызметтер үшін төленетін төлемақы, оның мөлшері Қазақстан Республикасы бойынша бірдей.

Нотариустың қызметтері заңгердің немесе риэлтордың мәмілені сүйемелдеу жөніндегі қызметтеріне қарағанда қаржылық жағынан әлдеқайда тиімді болып көрінеді, алайда олар шарттардың жобаларын жасау үшін де, жасалатын мәміленің жарамдылығы үшін де, оның құқықтық салдары үшін де жауап бермейді.
Сонымен қатар, азаматтардың жекелеген санаттарында нотариаттық іс-әрекеттер жасау кезінде, атап айтқанда мәмілелерді куәландыру кезінде жеңілдіктер бар. Атап айтқанда, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер және басқа мемлекеттер аумағындағы әскери қимылдардың ардагерлері, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО-ның ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар, соғыс жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет еткен) адамдар, 1941 жылғы 22 маусым мен 1945 жылғы 9 мамыр аралығында Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін КСРО-ның ордендерімен және медальдарымен наградталмаған, мүгедек адамдар, сондай-ақ, бала кезінен мүгедек адамның, мүгедек баланың ата-аналарының бірі-барлық нотариаттық іс-әрекеттер бойынша; қандастар – Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға байланысты барлық нотариаттық іс-әрекеттер бойынша; «Батыр Ана» атағына ие болған, «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгісімен наградталған көпбалалы аналар – барлық нотариаттық іс-әрекеттер бойынша; ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен қорғаншылық белгіленген созылмалы психикалық аурудан зардап шегетін жеке тұлғалар – олардың мүлікке мұрагерлік туралы куәліктер алғаны үшін; «Қазақстанның мүгедектігі бар адамдардың ерікті қоғамы» одағы, Қазақ саңыраулар қоғамы, Қазақ зағиптар қоғамы, сондай-ақ, олардың өндірістік кәсіпорындары – барлық нотариаттық іс-қимылдар бойынша; жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар 18 жасқа толғанға дейін оларға мұрагерлік құқығы туралы куәлік бергені үшін нотариаттық іс-әрекеттер жасау кезінде мемлекеттік баж төлеуден босатылады. Ал, Мемлекеттік корпорация (ААҮ КЕ АҚ), құрылыс салушы компаниялар, банктер жеңілдік алушыларды өз қызметтерін толық көлемде төлеуден босатпайды.

Қоғамда цифрландыруға, ақпараттық технологияларды дамытуға байланысты «электрондық нотариат» қызметі өзекті бола түсті. Соңғы кезде нотариустың маңыздылығын күшейту қажеттілігі, оның жылжымайтын мүлікпен мәмілелер жасауға қатысуы және электронды түрде сенімді мәмілелер үшін қауіпсіз цифрлық орта құру мақсатында қашықтан және қашықтықтан нотариаттық іс-әрекеттер жасауды реттейтін заң жобасын қабылдау қажеттілігі жиі талқылануда.
Осылайша, мәмілелердің нотариаттық нысаны азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етудің неғұрлым тиімді және сенімді құралы және азаматтық айналым тұрақтылығының кепілі есептеледі. Нотариат мәмілелердің заңдылығын қалыптастырып, сот дауларының санын азайтуды, мемлекеттік тізілімдер мәліметтерінің дұрыстығын және соның салдарынан азаматтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін меншік құқығын қорғаудың сенімді институты саналады.

Арман БЕКІШБАЕВ,
Жетісу облыстық Нотариаттық
палатасының төрағасы