ЖАҢА ҚОНЫСҚА ИЕ БОЛДЫ

Уақыты: 14.02.2023
Оқылды: 893
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Үшарал қаласында «Нұрлыжер» бағдарламасымен салынған 5 қабатты 20 пәтерлік 2 тұрғын үй пайдалануға берілді. Үй кезегінде тұрғандар, соның ішінде көпбалалы отбасылар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, халықтың басқа да әлеуметтік әлжуаз топтары көптен күткен қуанышқа кенелді, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі. 


Қазіргі кезде Алакөл ауданында тұрғын үй кезегінде 1511 адам тұр. Солардың ішіндегі 40 адам салынып біткен екі тұрғын үйден пәтер кілтін қолдарына алды. Жаңа қоныс иелерін қуаныштарымен құттықтаған аудан әкімі Алмас Әбдинов жуық арада Үшарал қаласында тағы бір 60 пәтерлік жалгерлік үй салынатынын айтты. 

Іске қосылған көпқабатты үйлердің құрылысы 2022 жылдың мамыр айында басталып, былтыр қаңтар айында аяқталған болатын. Құрылыс-монтаж жұмыстарын «Бағалы – Алакөл» ЖШС мердігер компаниясы жүргізді. Үйлерде екі және үш бөлмелі пәтерлер саны 10-нан, бір бөлмелі пәтер саны 20. 

Жалпы Жетісу облысында тұрғын үй салу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Өткен жылы 295 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтерген. Биыл да құрылыстың осы қарқыны сақталады, атап айтқанда бюджет қаржысына 161,9 мың шаршы метр, сол сияқты коммерциялық тұрғын үй    21,1 мың шаршы метр салынады.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі