САРҚАНДА МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАРДЫҢ ҚОЛӨНЕРІН ДАМЫТАТЫН ШЕБЕРЛІК ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Уақыты: 15.02.2023
Оқылды: 923
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

 Ұлттық бірегейлікті сақтау, ұлттық өнерді жаңғырту мен өркендету мақсатында «Алтын адам» Жетісу шеберлері орталығы көп жұмыс атқарды. Осыған дейін Текелі қаласы мен Панфилов, Кербұлақ, Сарқан, Ақсу  аудандарынан филиалын ашқан орталық, өткен жылы Текелі қаласынан мүмкіндігі шектеулі жандардың қолөнерін дамытатын «Мамания» мектебінің шеберлік орталығын ашқан болатын. Енді, міне, сондай шеберлер орталығы Сарқан ауданының әкімі Ғалымжан Маманбаевтың келісімімен Сарқан қаласында жұмыс бастайтын болды. Бұл жаңалық Сарқан ауданы әкімінің орынбасары Алмас Байқонысов пен «Алтын адам» Жетісу шеберлер орталығы  өкілдерінің кездесуінде айтылды.


– Қашанда жаңа идеялар мен жаңа бастамаларды аудан әкімдігі тарапынан қолдау танытып келеміз. Әсіресе, қоғамның әлсіз тобы есептелетін көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандарды жігерлендіретін бастамалар болса, қуана құптаймыз.  «Алтын адам» Жетісу шеберлері орталығы «аудан орталығынан мүмкіндігі шектеулі жандарға ұлттық өнерді үйретіп, олардың жасаған, тіккен бұйымдарын жұртқа көрсетіп, елге қызмет, қам көңіл жандарға демеу берсек» деген өтініш түскен соң, аудан әкімімен бірге мұқият қарап, бұл ұсынысқа көмектесуді шештік. Сонымен аудандық Мәдениет үйінен кең де жарық әрі жұмыс істеуге қолайлы орын дайындап бердік. Енді  осы жерде аудандағы қолөнерге қызығатын жастар шеберлерден тәлім алып, өздерінің өнерін шыңдап, жұртқа қызмет ететін болады, – деді Алмас Ажарханұлы.

Ұсыныстарының осылай тез шешілгеніне ризашылығын білдірген «Алтын адам» Жетісу шеберлері орталығының төрайымы Динара Бакирова аудан басшыларына алғысын білдіріп, орталық құрылғаннан бергі 2 жылда атқарған жұмысына  есеп беріп, алдағы жоспарларымен таныстырды. Сондай-ақ, «Алтын адам» Жетісу шеберлер орталығының Сарқан аудандық филиалының төрайымы Кенжетай Тазабекова сарқандық қолөнершілердің бүгінгі күннің бәсекелестігіне төтеп, республикалық, облыстық байқаулар да топ жарып жүргенін тілге тиек етті. Сол қатарда көпбалалы ана, жас қолөнерші Назигүл Батырханқызының шеберлігін айрықша атап кетті. 

Саялы Сарқан төріндегі салиқалы іс бұл ғана емес. Осы айдың 26-жұлдызында Қойлық ауылында «Масленица» мерекесіне орай «Жетісу – ұлы Жібек жолының жаңғыруы» атты қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесін өткізуді ұйымдастырмақ. Осы ретте шараның демеушісі Қойлық ауылындағы іскер әйелдер бірлестігінің төрайымы Светлана Мұқашева дайындық  жұмысын таныстырды.

Аудан әкімдігінде өткен кездесуден кейін көпшілік аудандық Мәдениет үйінен берілген орынды көріп, көңілдері көтеріліп қайтты.

Қажет АНДАС
Сарқан ауданы