БЕЙБІТ ИСАБАЕВ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗІП, ТҰРҒЫНДАРДЫҢ КӨКЕЙКЕСТІ МӘСЕЛЕСІН ТЫҢДАДЫ

Уақыты: 16.02.2023
Оқылды: 1276
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев тұрғындарды жеке қабылдап, көкейтесті мәселелеріне құлақ асты. Аймақ басшысына кірген барлық азамат өзін мазалаған сауалын қойып, ұсыныс-тілегін жеткізді. Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдың басым бөлігі жеке және әлеуметтік мәселелерге арналды. 

Мәселен, баспана жағдайы мазалаған адамның көп екені байқалды. Оның ішінде тұрғын үй кезегі жайлы, үй құжаттарын заңдастыру, заңсыз берілген пәтерлер туралы проблемалар көтерілді. Әлеуметтік көмек алу мәселесі де көп өтініштің қатарынан табылды. Ауыл шаруашылығы саласы да назарға алынып, кәсіпкерлікті қолдау мәселелеріне ден қойылды. 
Әкім қабылдауына алғаш болып Жаркент қаласынан келген Мұхтар Ақынов өзінің шаруашылығының бүгінгі жай-күйін айтып, саладағы проблемаларды қозғады. 
Айтуынша, оның «Шүкейт ата» деп аталатын жеке шаруа қожалығы бар. Онда бүгінде асыл тұқымды мал өсіріледі. Шаруашылық жетекшісін қазір несие, малшы тапшылығы сияқты мәселе алаңдатады. Мысалы, ол шаруашылығының жұмысын жандандыру үшін алған несие пайызының жоғары екенін айтты. Жеңілдетілген несие 4 пайыздан аспауы керек. Сонымен бірге, ол шаруашылығына электр желісін тартып беру, қожалықта еңбек ететін малшыға төленетін жалақыны ішінара субсидиялау, дәрігерлік қызмет атқарып жүрген қызының қызметтік баспанасын газға қосу және оны тұрып жатқан үйіне тіркеуге тұруға көмектесуді сұрады. 
Аталмыш шаруашылық иесінің сауалдарына құлақ асқан аймақ басшысы барлық талап-тілектің ескерусіз қалмайтынын, олардың орындалуына барынша күш жұмсалатынын, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жалақыны субсидиялау, нысанды белгіленген тәртіппен электрмен жабдықтау желісіне қосу, қызының да проблемасына қол ұшы берілетінін түсіндіріп, талап-тілегінің орындалуы үшін салаға жауапты лауазымды тұлғалардың қолдау шараларын жан-жақты қарастыратынын жеткізіп, осыған байланысты тапсырмалар берілді. Облыс әкімі таяуда ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің Панфилов ауданына баратынын, несие мәселесін сол кезде көтеруге болатынын айтты. 
Бұдан соң Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен 1950 жылы туған Халел Татанов мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға кезекке қоюды сұрады. Өйткені, ол қолданыстағы заңнамаға сәйкес келетін санатқа жатады. Құжаттарды ұсынған кезде мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтерді тегін алу үшін 2014 жылдан бастап кезекке қойылады. Сондай-ақ, ол курорттық емделуді сұрады. Бірақ бұл қызмет 1-топтағы мүгедектерге жүктелгендіктен, оған өтінішті қанағаттандырудан бас тартылды. Сондай-ақ, ол денсаулығын нығайту үшін спортзалға тегін барғысы келетінін айтты. Облыс басшысы бұл мүмкіндікті қарастырып, Талдықорған қаласының әкіміне мәселені шешуді тапсырды. Ал жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы материалдық көмек беруі тиіс екені міндеттелді.
1995 жылы туған 3-топтағы мүгедек Талғат Дауылбаев облыс әкімінің қабылдауында 2012 жылы Жаркент қаласында тұрғын үй алу үшін кезекке қойылғанын, ал 2019 жылы Талдықорғанда осындай кезекке тұрғанын хабардар етті. Бейбіт Өксікбайұлы бұл туралы растайтын құжаттың болмауына байланысты, оған 2021 жылдан бері құжатталған кезегін шыдамдылықпен күтуді ұсынды. Аймақ басшысы қала әкіміне пәтерлерді бөлу кезінде Талғат Дауылбаевтың жетім ғана емес, 3-топтағы мүгедек екенін ескеруді тапсырды. Сондай-ақ, оған білім басқармасының басшысы Айжан Адамбекованың алдына денсаулық деңгейіне сәйкес келетін мамандыққа оқуға ұйымдастыру міндеті қойылды.
Келесіде өзін мазалаған мәселе бойынша Талдықорған қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Назира Нұрғалиева кірді. Медбике болып жұмыс істеген. Айтуынша, 2 жылдан соң жұмыстан еш себепсіз шығарылған. Қазір жұмыссыз. Ендігі мақсаты – 11 жастағы қызын қалайда емдету. Баласына қойылған дәрігерлік диагноз – қоян ерін. Оны емдету үшін біраз дәрігерге қаралған. Пластикалық ота жасау үшін Алматы қаласындағы «Ақсай» клиникасының қызметіне де жүгінген. Бірақ еш нәтиже болмапты. Енді ол жеке клиникаға қаралып, ақылы медициналық қызметке жүгінсем дейді. Сол үшін әкімнен 1,5 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек сұрады. 
Бейбіт Өксікбайұлы көпбалалы ананың мұң-мұқтажын, жан айқайын тыңдай отырып, ақыл-кеңес берді. Әкім салаға жауапты мамандарға емнің не себепті оң нәтиже бермегенін бүге-шігесіне дейін анықтауды тапсырып, жеке клиникаға қаралғаннан гөрі, квота арқылы мемлекеттік клиникаға қаралудың әлдеқайда тиімді болатынын түсіндірді. Осы ретте Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаевқа баланы емдеу үшін материалдық көмек көрсету мүмкіндігін қарастыруды, облыстық денсаулық сақтау басқармасына баланы емдеуді бақылауға алуды тапсырды. Назираны тұрғын үй мәселесі де қинайды. Ол көпбалалы ана ретінде 2019 жылдан бастап, 768-ші болып үй кезегінде тұр. Әкім үй беру тәртібін түсіндіріп, уақыты келгенде баспана заң аясында берілетінін жеткізді. Аймақ басшысы, сондай-ақ, Назираның жұмыстан не себепті босатылғаны туралы істің ақ-қарасын ажыратып, мән-жайды анықтауды міндеттеді. 
1965 жылы туған Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушы Асқар Кенжебай да мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер сұрады. Оның айтуынша, Талдықорған қорғасын аккумуляторлар зауытында 10 жыл еңбек етіп, кәсіпорыннан тұрғын үйге кезекте тұрған. Тізім сол кездегі жергілікті атқарушы органға берілген. Қазіргі уақытта ол кезекте тұр, бірақ ол бұл үдерісті тездеткісі келді. 
Бұған Бейбіт Өксікбайұлы тұрғын үйді бөлу тұрғын үй заңнамасына сәйкес жүзеге асырылып жатқанын және оны сақтау қажет екенін айтты. Оларға Талдықорған қаласының әкіміне 1988 жылдан бастап Асқар Кенжебайдың кезекте тұрғанын растайтын құжаттарды ресімдеуге жәрдемдесуге тапсырма берілді. Ал жер учаскесіне кезекті сот арқылы ретке келтіру ұсынылды. Ескелді ауданында бизнесті бастау үшін инвестор табу туралы өтінішке де облыс әкімі тапсырмасын берді.
Тұрғындардың талап-тілегін тыңдаған облыс әкімі қолдан келер көмектің берілетінін, бәрі де заң аясында шешімін табатынын назарға салды.

 

Айгүл БАЙБОСЫНОВА,
Жетісу облысы