"ТАБЫСТЫ ОТБАСЫ": 36 ҚАТЫСУШЫҒА СЕРТИФИКАТ ТАБЫСТАЛДЫ

Уақыты: 16.02.2023
Оқылды: 1323
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Самұрық қазына» АҚ қолдау көрсететін «Табысты отбасы» қайырымдылық жобасы желтоқсанда Ұлытау, Абай, Жетісу, Түркістан және Ақтөбе облыстарында бастау алып, аталған 5 өңірге 300 грант бөлінген еді. Бүгін Жетісу өңірінде білім алып, іс үйреніп, кәсіп бастауға ниетті 36 қатысушыға сертификат табысталды. Бұл – екінші кезең. Осының алдында бірінші толқынмен оқығандар цех ашып, өз кәсібін бастап кеткен.  

Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен шараға қоғамдық даму басқармасының басшысы Болат Керімбек қатысып, білім алып, іс үйренуде барын салып жүрген жоба қатысушыларына алғыс білдіріп,әр жан – өз кәсібінің нәсібін көрсін деді. Пилоттық жоба есебінде қарастырылған «Табысты отбасының» өміршең болуын тіледі. Басқарма басшысы онлайн қатысқан жоба амбассадоры Айжани Нұрлановаға, барша Zoom бейнебайланыс желісінде көріп отырғандарға қарата тағы да кәсіп бастауға арналған тың бағыттарды қосып, мүмкіндіктерді ұлғайту керегін, облыстағы «Табысты отбасына» деген көзқарас, оған белсенділікті бағамдай келе жобаны әлі де жалғастыру қажет екенін айтып, өз ұсынысын жеткізді. Бұл ұсынысты отырғандар да қолдады, уақыт еншісінде талай жоспардың бар екенін айтты. «Табысты отбасы» жобасы – азаматтар үшін өз ісін сенімді бастап, кәсіпкерлікке жол ашып, тұрақты табыс көзін табуға берілген мүмкіндік.
Тілек-ұсыныстан кейін екінші лекпен оқыған 36 қатысушыға сертификат берілді. Оның 16-сы бьюти индустрия, 5 – кондитерлік іс, 5 – тігін ісі және 10 – SMM бағыттары бойынша білім алды. 
– Мен үшін оқу айы өте қызықты және пайдалы болды. Ең алдымен, жобада дамуға ынталандыру алдым, бәрі де мүмкін екенін түсіндім. Барлығы біліміңіз бен дағдыңызды қалай қолданатыныңызға байланысты. Мен үшін, бала күтімінде отырған ана ретінде осы «Табысты отбасы» жобасы жылдың ең үздік бастамасы болды, – дейді көпбалалы ана        Меруерт Тұрарова.
«Табысты отбасы» жобасына көпбалалы және аз қамтылған, толық емес отбасылардың мүшелері, сондай-ақ, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған және табысы төмен отбасылардан шыққан жастар қатысады. Жоспар бойынша сәуірге дейін жалғасатын жоба әлі де талай жанның кәсіп бастауына көмектесіп, дамуына сеп болмақ. 

Серік ҚАНТАЙ,
Жетісу облысы