ҚАУІПТІ ОЙЫНШЫҚТАР

Уақыты: 19.02.2023
Оқылды: 1027
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Санитарлық дәрігерлер дүкендердегі қауіпті ойыншықтар мен өнімдерді анықтады. Аталған өнімдердің 19 пайызы техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтінін көрсетті.

Сәйкессіздіктің ең үлкен пайызы басқа елдерден (56%) және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден (36%) әкелінетін өнімдер болды. Аймақтың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің деректері бойынша барлығы 496 тамақ өнімінің сынамасы зерттеліп, оның 6 пайызы балық, 5 пайызы құс, 4 пайызы сүт және ет өнімдеріне тиесілі екені белгілі болған. Сондай-ақ, тауарлардың өнеркәсіптік тобының 59 сынамасы зерттеліп, сәйкессіздіктің 23%-ы ойыншықтар, 19%-ы жеңіл өнеркәсіп, 16%-ы балалар мен жасөспірімдер киімі және 6%-ы жас жеткіншектерге арналған тауарлар. Сонымен бірге, зерттелген өнімдер мен тауарлардың 94%-ы таңбалауға сәйкес келмеген. 
– Ойыншықтардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Өйткені зерттелген ойыншықтардың 63%-ы техникалық регламент талабына сәйкес келмеді. Барлық зерттелген үлгіде таңбалау бұзылған. Зерттелген ойыншықтардың 7%-ынан балалардың денсаулығына теріс әсер ететін қауіпті химиялық заттар анықталды. Бұл формальдегид, стирол, ксилол және бензол. Балалар мен жасөспірімдерге арналған зерттелген тауарлардың 31%-ы техникалық регламент талабына сәйкес келмеді, – дейді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі. 
Анықталған бұзушылық деректер бойынша кәсіпкерлік субъектілерінің атына бұзушылықты жою туралы 53 ұйғарым берілген. Сәйкес келмейтін өнім өндірушілер мен импорттаушыларға 25 хабарлама, облыстардың техникалық реттеу және метрология департаментіне «сұр» сертификаттарды жою үшін 3 материал жіберілген. Осындай жұмыс нәтижесінде шаруашылық жүргізуші субъектілер сатудан алынып, жеткізушілерге 149 096 теңге сомасына 117 келі тамақ өнімі қайтарылған.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА