СУ ТАСҚЫНЫ. ҚҰРБАНДАР МЕН ЗАРДАП ШЕККЕНДЕР ЖОҚ

Уақыты: 06.03.2023
Оқылды: 781
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу облысындағы су тасқыны жағдайы бақылауда. Кербұлақ пен Алакөл өңірлеріндегі қауіпті жағдай да қазір оң өзгерісте тұрақталды.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Игорь Жуков мәлімдеді.

Осыған дейін 5 наурыздағы жағдай бойынша "САҚТАНЫҢЫЗ! ҚЫЗЫЛЖАР АУЫЛЫНДА АУЛАЛАР МЕН КӨШЕЛЕРДІ СУ БАСТЫ" атты мақала жариялағанбыз. 

Дәлірек айтқанда, наурыздың 6 жұлдызындағы жағдай бойынша Кербұлақ ауданы, Қызылжар ауданында 4 ауланы су басқан. Оқиға орнына 19 қызметкер мен 6 техника жұмылдырылды. Қазіргі уақытта арық жүйесін тереңдету және тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

"Жетісу облысы ТЖД-не Кербұлақ ауданы Сарыөзек-Көктал автожолының бойында 9 км жерде орналасқан цемент өндіру бойынша "Alacem"  зауытының аумағын су басу туралы ақпарат түскен жоқ. Алайда, әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында  егістіктерден мол қар ерунәтижесінде зауыт аумағының еңіс ағынымен су басқаны туралы видео түсіріліп, әлеуметтік желілерге жарияланғаны анықталды. Қызметкерлердің жұмылдырылуымен еріген қар суын бұру бойыншам шаралар қабылданды. Зардап шеккендер  жоқ. Сондай-ақ, зауытқа да залал келген жоқ", - деді Игорь Жуков.

Алакөл ауданының Қабанбай және Жайпақ ауылдарында да аула аумағын су басу салдарының алды алынды. Жергілікті жерлерде жеке құрамның 10 қызметкері мен 3 техника жұмылдырылды. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. 

Ал, Ескелді ауданында қардың қарқынды еруі мен арық жүйесінің тазаланбауы салдарынан Жалғызағаш ауылының маңындағы жол бөлігі су астында қалды. Құтқарушылар шұғыл түрде оқиға орнына барып, каналдарды тереңдету және тазалау жұмыстарын жүргізді. Айта кетерлігі еріген су Биғаш өзеніне транзиттік режимде өтеді. 
«Қазгидромет» РМК дауылды ескертуіне сәйкес, жаңбыр түріндегі жауын-шашын болжамына, сондай-ақ, 2023 жылғы  6-8 наурыз аралығындағы кезеңде температуралық фонның жоғарылауына байланысты қардың қарқынды еруі күтілуде. Жетісу өңірінде еріген және еңіс ағынының қалыптасуы, мұз құбылыстарының әлсіреуі және өзендердегі су деңгейінің көтерілуі, бұл ретте судың төгілуі  мен  су басуы мүмкін», - деді спикер.

Жалпы, Жетісу өңіріндегі су тасқыны жағдайы бақылауда. Су тасқынының алдын алу үшін ТЖД қызметкерлері азаматтарды канал жүйелерін тазартуға және аула аумақтарын тазалауға көмектесуге шақырады.

"ЖЕТІСУ" АҚПАРАТ