АТА-АНА АЛАҢДАМАУЫ ҚАЖЕТ

Уақыты: 11.03.2023
Оқылды: 663
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен аса өзекті екі мәселе – білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік және оқу процесін цифрландыру бойынша қаралған Үкіметтің кезекті отырысы өтті. Тақырыпқа орай  оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, ішкі істер министрі Марат Ахметжанов, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек баяндама жасап, еліміздегі мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жолдарын қарастырды.

Алдымен сөз алған оқу- ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, еліміздің мектептеріндегі қауіпсіздікті ұйымдастырудың қазіргі жағдайы орташа. Атап айтқанда, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісі кешенді тәсілмен жүзеге асырылады. Бұл Мемлекет басшысының білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүргізіліп отыр.
Мектептердегі қауіпсіздіктің сақталуына тоқсан сайын арнайы мониторинг жүргізіп отырғанын айтқан оқу-ағарту министрінің сөзіне сүйенсек, бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз ету былтырмен салыстырғанда 2,5 есеге, жедел басқару орталықтарына қосылу 11 есеге, лицензияланған күзетпен қамту 7 есеге, дабыл түймесін орнату 21 есеге артқан. Мектептер бейнебақылау жүйесімен толық қамтылса, жедел басқару орталықтарына 6 мыңға жуық білім ошағы қосылған. 2 мыңға жуық мектеп лицензияланған күзетпен, 2400-ден астам білім беру нысанына дабыл түймелері орнатылған. Дегенмен, бұл жұмысты бірқатар өңірлер биылғы қыркүйекке дейін толық аяқтауы қажет.
Орта мектептердің қауіпсіздігіне толық тексеру жүргізу үшін мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйым өкілдерінен құралған 162 мониторингтік топ 20 өңірде жұмыс істеп, 10 мыңнан астам білім беру ұйымының 7 мыңға жуығын тексеріп шыққан. Осыған орай оқу-ағарту министрлігі оқушылардың қауіпсіздігін жетілдіру үшін, мектеп директорларының жауапкершілігін күшейтуді, қауіпсіздік жүйесіне мониторингті тұрақты түрде жүргізуді, мектепке кіруге рұқсат берудің жаңа тәртібін әзірлеп, енгізуді, оқушы қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан тәрбие жұмысын жаңғыртуды, педагогтерді қайта даярлау бағдарламаларына балалар қауіпсіздігіне қатысты жаңа курс модульін енгізуді іске асырмақ.
Мектептердегі оқуды цифрландыру жайын әңгімелеген Ғани Бейсембаев бұл бағытта да бірқатар жұмыс атқарылғанын алға тартып, республика бойынша 7 мың мектепте Kundelik, Білімал, EDUS сынды электронды журналдар мен күнделіктерді жүргізу, бағалау, үй тапсырмасын беру, жоспар қалыптастыру және қашықтан оқыту сияқты негізгі қызметтерді қамтитын білім беру платформалары енгізілгенін жеткізді. Бұл платформалардың оқушылар мен ұстаздарға арналған мобильді қосымшалары, аналитикалық бақылау тақталары, мектептегі ас мәзірі және онлайн біліктілікті арттыру курстары секілді қосымша қызметтері іске қосылыпты.
Мектептегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы есеп берген ішкі істер министрі Марат Ахметжанов бұрын терроризмге осал нысандар қатарына 200 адамнан тұратын барлығы 6,5 мың мектеп кіргенін, былтыр бұл критерий 100 оқушыға дейін өзгергенін, мұндай білім беру нысаны 9 884-ке өскенін атап өтті. Жалпы, 300-ге дейін оқушысы бар мекемелер бейнебақылау және ескерту жүйелерін іске қосса, 700 оқушыға дейінгі нысандар бейнекамераларды жедел басқару орталығына қосып, дабыл түймелерін орнатуға міндетті. Ал 700-ден астам білім беру ұйымы мен облыс орталықтарындағы барлық мектеп қосымша лицензияланған күзетпен келісімшарт жасасуы және турникеттер орнатуы қажет. Жүргізілген кешенді тексеру кезінде ірі қалалардағы мектептің көпшілігі дабыл түймесімен, турникетпен және бейнебақылаумен жабдықталғаны анықталғанын айтқан Марат Ахметжанов бейнекамералардың 62%-ы жедел басқару орталығына қосылғанын, биыл жыл басынан бірқатар мектеп пен байланыс каналдары компаниялары арасында  келісімшарт жасалмағанын сынға алды. Бұған мемлекеттік сатып алу рәсімінің созылуы кедергі келтірген.
Мектепті қорғауға 700-ден астам орынға арналған мектеп лицензиясы бар күзет құрылымдарын алуды алға тартқан ішкі істер министрі ондай құрылымдарда радиобайланыс, қызметтік қару, және жедел әрекет ету мобильді топтары, лицензияланған күзет болуы керегін атап өтті. Бүгінгі күні ондай күзетпен мектептер толық қамтылмаған.
– Көбінесе білім беру мекемелерін күзетуді кәсіби мамандар емес, қарапайым тілмен айтқанда «вахтерлер» қамтамасыз етеді, сондықтан олардың қауіпті заттар мен қаруды кіргізуге тосқауыл қояды деп үміттену – бос амал, – деген Марат Ахметжанов мектеп әкімшілігі күзетті қамтамасыз ету тәсіліне, қызметкерлердің шекті жасына және олардың арнайы дайындық деңгейіне қойылатын талаптарды дұрыс қоя білу керегін атап өтті. Оның айтуынша, ірі қалаларда балабақшалардың 51%-ы, колледждердің 65%-ы, жоғары оқу орындарының 35%-ы жедел басқару орталықтарына қосылса, балабақшалардың 82%-на, колледждердің 90%-на, жоғары оқу орындарының 45%-на «Дабыл түймелері» орнатылған. Сондай-ақ, балабақшалардың 51%-да, колледждердің 79%-да, жоғары оқу орындарының 54%-да ғана күзет ұйымдарымен келісім бар.
Одан соң цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров, Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов және Абай облысының әкімі Нұрлан Уранхаев тақырыпқа қатысты баяндама жасады.
Оларды мұқият тыңдаған Премьер-Министр Әлихан  Смайылов бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтіп:
– Ата-ана мектептегі баласының жағдайы мен қауіпсіздігі үшін алаңдамауы қажет. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес балаларды қорғау жөніндегі кешенді жоспардың жобасы әзірленді, – деп аймақтарда проблемалар әлі де бар екенін, 1100-ге жуық мектеп жедел басқару орталығына қосылмағанын, бақылау режимі қатаң сақталмайтынын сынға алды. – Білім беру ұйымдарын дабыл кнопкаларымен және бейнебақылау жүйелерімен жабдықтауға, оларды полиция бөлімшелеріне қосуға, лицензияланған күзетпен қамтамасыз етуге қойылатын талаптар күшейтілді. Күзетке көбінесе арнайы даярлықтан өтпеген адамдар тартылады. Осы мәселелердің барлығын дереу шешу керек.
Осыған орай Үкімет басшысы 3 күннің ішінде балаларды қорғау жөніндегі кешенді жоспардың пысықталған жобасын енгізуді тапсырды.

Мәди АЛЖАНБАЙ