ТОҚАЕВ: МЕН БІРҚАТАР ТЫҢ БАСТАМАЛАРДЫ ОЙЛАСТЫРЫП ЖАТЫРМЫН

Уақыты: 13.03.2023
Оқылды: 704
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министрдің, мемлекеттік органдар басшыларының, облыстар мен  бірнеше қала әкімдерінің қатысуымен кеңес өткізді.

Президенттің айтуынша, мемлекетті жан-жақты жаңғыртуға қатысты жұмыс болашақта жалғасын таппақ. Ол үшін қоғам тәртібі мен бірлікте білек сыбана жұмыс істеу қажет. 

– Біз тұрақсыздыққа апаратын әрекеттерге жол бермейміз. Мұндай заңсыз әрекеттердің алдын алу қажет. Елге іріткі салып, қоғамдық тәртіпті бұзуға шақырған адамдар қатаң жазаланады. Арандатуға қарсы күрес заң аясында, жедел әрі жүйелі түрде жүргізілуі керек. Тиісті заңдарымыз бар, оларды қатаң сақтауымыз керек. Әйтпесе әрекетсіздіктің салдары еліміз үшін өте қауіпті болуы мүмкін. Мен бірнеше рет айтқанымдай, бізге, ең алдымен, заң үстемдігі аса қажет.  Заң сақталса және азаматтық жауапкершілік жоғары болса, қоғамда тәртіп болады. Тұрақтылық бар жерде ғана даму, өркендеу болады.  Ел бірлігі – реформаларды табысты жүзеге асырудың басты кепілі. Сондықтан ырысты ынтымақпен білек сыбана жұмыс істеуіміз қажет. Мемлекетті жан-жақты жаңғыртуға қатысты жұмыс болашақта жалғасын табады. Осы орайда мен бірқатар тың бастамаларды ойластырып жатырмын. Оны сайлаудан кейін жария етемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев . 

Бұдан бөлек,  Тоқаев әкімдер мен мемлекеттік органдар басшыларына азаматтармен өзара байланысты күшейтуді, кездесулер мен жеке қабылдаулар өткізуді тапсырды.

Фото: Ақорда

"ЖЕТІСУ" АҚПАРАТ