ДАСТАРҚАН – БІЗДІҢ ПАРЛАМЕНТ

Уақыты: 22.03.2023
Оқылды: 1301
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

ұлыстың ұлы күні өзіміздің төл, ұлттық мерекеміз жыл басы келді. Қыстан қысылып шыққан қазақ малы төлдеп, жер көктеп, арқа басы кеңіп, күн мен түн теңеліп, жер аяғы ұзарған кезде кебежесінің түбіндегі соңғы сүрлерін алады. «Есіңе алсаң, ескіңнен сақта» деп құйымшақ асып, жеті түрлі дәмнен көк көже жасайды. Бірін-бірі қонаққа шақырып, ренжісіп, өпке артып қалғандар табиғаттың тамаша бір түлежіген кезінде табысып, құшақтасып, арқа-жарқа болып қалады. «Маған тарт» деп би, батырлар өзі үміт күткен жігіттерге көжесінің сарқытын беріп жатады. 

Қазақтың дастарқаны – оның парламенті. «Таспен атқанды аспен ат» дейді атам қазақ. Көрдіңіз бе, не деген дипломат халық?! Қылыш ала жүгірмей, сондай жұмсақтықпен келген. Енді сол қасиетті дастарқанды бастан бастайықшы. Қазір базардан басты сатып әкеледі де, асқаны жылқының, не болмаса сиырдың еті болады. Басты әкеп қақитып үлкен кісінің алдына қоя салады. Бас тартудағы себеп – ол бастың құндылығы емес, сол кісіге арнап бата жасатып, сойған қойдың белгі, нышаны. Біздегі шығыс менталитетінде беделді ақсақалға алдымен бастың тұмсығын қаратып қояды. Маңдайына қас белгісін тіледі. Оны ашамай, қастаңба деп те атайды. «Төрт құбылаң тең болып, маңдайың жарқырап жүрсін» деген жақсы ниеттен туған ырым бұл.
Басты алған беделді адам езуінен бір кесіп аузына салған соң айналасындағыларға дәм тарттырады. «Таңдайын тақылдаған шешен, қол бастаған көсем, елдің сөзін сөйлейтін данагөй бол» деп таңдайын береді. «Бүрік құлақ емес, түрік құлақ бол» деп құлағының біреуін кесіп алады да, сол үйде жүгіріп жүрген балаға ырымдап береді. Мұның бәрі ел болып, жалау желбіретудің үлкен дәстүрлі     белгісі. Енді мына бір қызық деректі айтып берейін. Атап сойған малдың басын кейде далаға қойғанда байқаусызда ит алып қашады. Мал шаруашылығы бар жерде ит жүреді емес пе? Сатып әкеле салатын жер жоқ, бір қойдың басын кесіп алатындай емес. Сол кезде не ісейді? Табаққа бас қоймаса ұят. Ол кезде мойынды жамбастың үстіне қойып тартады. Сонда барып қонақ «Е, мыналар басты итке алдырып алған екен ғой» деп түсіне қояды. Үндемей, онысын бетіне баспайды. Көрдіңіз бе? Этикамыз өте мықты болған. 
«Төс жеген адамның еркектік қуаты күшті болады» деген сөз бар. Бұл ұлттық менталитетке мүлдем келмейді. Ұят нәрсе. Қызын беріп отырған адамның «Еркектік қуаты мықты болсын» дегені қай сандалғаны? Қазақ ондай анайылыққа бармайды. Оның денсаулығы онсыз да мықты. Кеудеңді ешкімге бастырма, басыңды көтеріп, өр жүр, менің қызым да биік жерде жүрсін деген ниеттен туған. Ұлттық менталитеттен адасқаннан кейін әркім әртүрлі болжай береді. Төс өзі майлы, қыртысты, дәмді жер. Аңшылар аң атқанда ең оңай жер болғасын төсті тіліп жібереді. Оны айналдырып ойып алады да, отқа қақтап жейді.
Әйел босанып үйге келген соң қалжа береді. «Менің де намысым бар, мені туғанда анам еркек қой қалжа жеген» деп жігіттердің  топқа түсіп, даудан қалмайтыны сол. Қалжа – қайтадан әл жинау. Босанған әйел сорпа ішіп, ет жеп, терлеп, шілде терін шығарады. Қырық күн оранып, қымтанып, желге тигізбейді. Әйелдің денсаулығына қазақ қатты мән берген. Қалжа бергенде ер адам бармайды. Маңайдағы көрші-қолаң, үлкен апалар жиналып мойын асады. Оған пышақ тигізбей бәрі жұлып жейді. Тақырлап мұжыған соң ұзын ағашқа «баланың мойны қатсын, мықты болсын» деп жұлынның тесігінен өткізіп, іліп қояды. Мойын қату деген сөздің өзі үлкен мәнге ие. Кішкентай баланың дене салмағының 40 пайызы басында болады. Қатты бір соққыдан мойны үзіліп кетеді. Міне, «Мойны қатпаған жас баланы атқа салма» дегені сол. Бала мен анасын күтіп-баптайтын аталарымыз ғылым, гигиена, денсаулықтың бәрін ырымға кіргізіп, тұрмысқа айналдырып жіберген.
Енді құйрық-бауырға келейік. Құйрық – өте дәмді, құнарлы. Ал бауыр майсыз. Бауыр – үлкен қор. Бауыры мықты адам батыр болады. Жүрегі емес. Бізден басқа өзге түркі жұрттар оны жігер дейді. Қазақ батыр адамды жігерлі санайды. Айналып келгенде түбірі бір. Құйрық-бауырды айранға, не қатыққа араластырып асатады. Құдаға қызыл қасқа қойды көлденең тартып, тірідей бата сұрайды. Көрсетпей соймайды. Осылайша, жаңа туыстық байланыс нығаяды. Бас тартып, жамбас, кәрі жілік салады. Кәрі жілік мал сақтайды, мал сақтамаса жан сақтайды. 
«Баланы жастан, қатынды бастан» демекші, баланы кішкене кезінен ұлттық тамаққа тәрбиелеуіміз керек. Қойдың майы баланың өкпесін, сүйегін жетілдіреді. Ерте кезінде құйрық сормаған бала малдың етінде иіс бар дейді де, көбіне ет жемей жатырқап кетеді. Содан кейін жасанды тамақтарға бейімделіп алады. Олардың ішінде түрлі химиялық қоспалар бар. Ет жеп, сүйек мүжу керек. Жіліктің майы ең қажетті дәруменге бай. Сүт, май, құрт, айран, ірімшікпен өссек, денсаулығымыз мықты болады. 

Саяхат ӘСІМХАН