"КІШКЕНЕ БАЛА СЕКІЛДІ БҰРТИЫП, ӨКПЕЛЕП ҚАЛАДЫ": БҮРКІТШІ АЙТҚАН ҚЫЗЫҚ ДЕРЕК

Уақыты: 24.03.2023
Оқылды: 799
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Әлемде құс салып, ит жүгіртетін ұлт аз. Солардың басында қазақ тұр. Ғасырлар бойы халқымызбен жасасқан құсбегілік бүгінгі күні кенжелеп қалғандай. Бүркіт баптаудың өзі үлкен еңбекті, қайрат-қажырды, ынта-ықыласты қажет етеді. Қалай болғанда да нешетүрлі азап пен қуғын-сүргінді көрген қазақ атасынан қалған бүркітшілікті тастамады. Еліміздің көк байрағыда күн астында қанат жайған қыранның бейнеленгені де сондықтан болар.

Белгілі ақын Маралтай Райымбекұлы:
«Көк байрақты, қыран текті қазаққа,
Күн астында қанат жаяр келді кез», – деген  жыр жолдарын жазғанда еліміз әлі тәуелсіздік алмағанын, өлеңді жаратқан Алла тағала аузына салғанын айтады. Сол айтқандай құсбегілік те Жаратқанның қазаққа берген асыл өнері. Ғасырлар бойы ұлтпен бірге жасасып келе жатқан құс баптауды бүгінде ұстанатындар баршылық. Солардың бәрі де құсбегілікті кейінгіге қалдыруға күш салуда.
Мәселен, Жетісу жерінде 20 шақты құсбегі бар. Бірақ олардың 5-6-уы ғана бүркіт бағады. Оның себебі, қыран құсты ұстауға рұқсат жоқ. Өйткені бүркіт жойылудың алдында тұрған құс ретінде Қызыл кітапқа кірген. Елімізде Алматыда ғана бүркітті өсіріп сататын питомник бар. Олардың бағасы аспандап тұр. Ең сорақысы қолда өсірілген бүркіт табиғи қасиетінен айырылып, аңға түсуден қалады.
Негізі қазақ бүркітті аулап алған. Ондай түзде жетілген құс табиғи қабілет-қарымын толық сақтайды. 4-5 жасқа дейінгі қыранның бойындағы табиғи алғырлығы, батылдығы ерекше болады. Ондай құсты арнайы тор құрып немесе тояттатып алып ұстайды. Себебі, табиғатта бүркіт 1 отырғанда өзінің салмағынан 2 есе етті жеп қоятындай қомағай келеді. Ондайда орнынан көтеріліп ұша алмай қалады. Егер талпынып, көтерілмек болса, бірнеше метрге қанат қағып, аузын ашып жата қалады. Оған бойындағы батырлығы да ықпал етсе керек. Ондай құсты бүркітші оңай алады.
Ал ұядан алынған құсты қазақ «қолбала» деп атаған. Ондай бүркіт қолда өскендіктен көзіне не көрінсе соған түсуге талпынып, арандап қалады. Тіпті, адамға да, малға да, қасында жүрген итке де түсуі мүмкін.
Қазақ көбіне ұстаған құсын он шақты жылдан соң бостандыққа жіберіп отырған. Ең алғыр қыранды бауыр басып қалғандықтан қимай                             20 жылдай ұстағандар болған. Бірақ құстың көбеюі үшін жіберіп, жаңасын ұстаған дұрыс.
Бала күнінен бүркіт бағудың қыр-сырына қанығып өскен Бүркітбай Фазоллаұлы ақсақал өз есімінің де қыранға орай қойылғанын айтады. Атқа мініп жүре алатындай жасқа жеткенде әкесіне ілесіп аң қағуға шығыпты. Содан бері қыран баптап, құс ұшырған бүркітші бүгінде облыстық «Жетісу саятшылары» федерациясының құрылуына ықпал етіп, ұлттық өнерді ұлықтап жүрген жан.
Оның айтуынша, бүркіт табиғатта бір адамның ғұмырындай өмір сүреді. Ел ішінде айтылып жүрген: «Қартайған бүркіт өсіп кеткен тұмсығы мен тырнағын түсіру үшін өзін тасқа тастайды екен» деген сөз – бос қауесет, өсек әңгіме. Өйткені 70-ті еңсерген бүркітші өз өмірінде ондай деректі кездестірмегенін айтады. Керісінше, табиғаттағы құстың тұмсығы мен шеңгелі біз секілді өткір келеді. Себебі әрдайым тасқа егеп, қайрап отыратын қыран өзін қатты күтеді.
Аналық бүркіт күйіті келіп, өзіне сыңар іздегенде бір ағаштың сынығын биікке алып шығып, қалықтап жүреді екен. Оны көрген саршалар айналшықтап, етегіне ұшып шығады. Биікке жеткенде шеңгелін ашып, тастап жіберген таяқты жерге түсірмей қағып алған қыранмен аналық жұптасады. Бұл табиғи іріктеудің асыл үлгісі. Балапанын ұшырғанда да аталық төменге құлдилап, құлап бара жатқан жас қырандарды астынан көтеріп, қайта тастап баулиды. Сол арқылы бойындағы алғырлығын, ұшқырлығын ұштайды.
Жалпы, бүркіт бағудың қиындығы көп. Күніне 1,5-2 келі таза ет жейтін қыранның тамағын табу оңай емес. Сол үшін қаршыға, сұңқар сынды қоса өсіріп, қаз-үйрек, кекілік, дуадақ, қырғауылмен бүркітті асыраған.
– Оның ең басты қасиеті кекшілдігі, намысшылдығы дер едім. Кейде өзіңе ренжісе шақыруға келмей, аңға түспей қояды. Кішкене бала секілді бұртиып, өкпелеп қалады, – деген Бүркітбай Файзоллаұлы қыран құстың қарапайым мінез-құлқын таныстырып өтті. – Ондайда сылап-сипап, қарнын тойдырып, әбден тынықтырып, арадағы кірбіңді жуып-шаюға тырысамыз. Аң ұстағанда бауыр-жүрегінен жылыдай ауыз тигізіп, мәпелейсің. Сөйтіп, иесіне өкпелегенін қояды. Ал бөтен біреуге кектенсе өте қиын. Өмір бойы ұмытпайды. Оны өз басымнан өткен соң айтамын. Жастау күнімде әкемнің ағасының бір бүркіті жайлауға көшерде маңайына жолатпай жатырқады. Аяғымды сояудай тырнағымен осып жібергені үшін бір тептім. Шыжым жіппен күштеп, орап жүктің үстіне лақтыра салдым. Жайлауға жеткен соң жүктің үстінен жерге лақтырдым. Уақыт өте келе бәрін ұмытып кете бардық. Келер жылы қаңтардың сақылдаған аязында аңға шықтық. Көзімнен басқа жерім жабық. Түлкі қағып, бір шоқының етегіне жете бергенімде жоғарыдағы кісілердің айқайы шықты. Сөйтсем әлгі бүркіт маған түсіп келеді. Қашып құтыла алмайсың, күтіп тұрдым. Әбден басыма шеңгелін сала бергенде бұлт етіп, бір жағыма ауып кеттім. Осылайша қыранның кекшілдігін өз көзіммен көріп едім.
Қазақтың өзімен ерте заманнан бірге жасасып келе жатқан құсбегілік – ұлттық мәдениетті, сал-серілікті, атбегілікті, қолөнерді, қазақы сән-салтанатты әлем жұртшылығына таныстыратын өнер деуге болады. Сондықтан, оны өнер немесе спорт түрінде дамытуға мемлекеттен көңіл бөлінсе деймін. Оған қажетті заңнаманы шығарып, игілікке жаратсақ. Сол арқылы ата-бабасынан құсбегілікті жалғастырып келе жатқан адамның қыранды ұстауына мүмкіндік берілсе. Себебі, қазақ құсбегілері табиғаттың қорғаушысы іспетті. Ал тікұшақпен жүріп, аңды мылтықпен атып алатындардың ермегі нағыз қанішерлік. Жүйрік атпен, алғыр тазымен, қыран бүркітпен аңға шыққан бұйырғанын ғана алады. Осының өзі көп жайттан хабар берсе керек.
Осылай деген Бүркітбай Файзоллаұлының айтуына қарағанда, қыран құстың бабын келтірудің бір жолы қоясын алу. Яғни, «жүн қоя», «тал қоя», «тұз қоя», «мейіз қоя» деп аталатын тәсілдермен құстың жемсауын тазалап, ішегін кеңейтеді. Ондай құс ашқарақ келеді. Аңға аянбай түседі. Осындай баптаудың жолы 2 мың жыл бойы қалыптасқаны анық. Ғасырлар бойы құсбегіліктің қыры мен сырын меңгерген қазақ ертеректе бүркіт салу үшін апталап, айлап жолда жүрген. Ол үшін қасына көмекшілерін, дос-жаранын ертіп, ұзақтағы жерлерге сапарлап қайтатын. Ондайда түнімен ел мен жерге, ерлікке, елдікке қатысты әңгіме айтылып, өскелең ұрпақтың бойына ұлттық дүниетаным сіңіріледі. Күндіз алған аңның терісін сыпырып, кештете етті қазанға салып, таңға әңгіме-аңыз шертіледі. Неше түрлі қызықты оқиға мен ғибратты сөзді әкесінің тізесінде жатып тыңдаған бала ұйқыға қалай кіріп кеткенін байқамай қалады. Осының бәрін көріп, қаршадайынан әсерлі әңгімеге қанығып өскен текелілік бүркітші бүгінгі саятшылықты ермекке балайды.
Қазір еліміздің әр өңірінде өтетін құсбегілердің жарысына қатысатын қыран құсты тасымалдаудың өз ауыртпалығы бар. Әсіресе, теміржолмен жүру қиын. Себебі, бүркітті жарысқа апару үшін кейде пойызға мінуге тура келеді. Оған арнайы билет алмасаң кіргізбейді. Қасыңдағы адам кім екені тағы белгісіз. «Қыранның шаңқылынан шошып қала ма?» деп қорқасың. Ұлттық өнер ретінде бүркітшіге құсымен бірге бөлек орын алуға мүмкіндік берілсе. Оны заң жолымен шешу аса қиын емес. Осындай ұсыныстар жыл сайын «Қазақстан Теміржолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның басшылығына айтылып тұрады. Бірақ нәтиже жоқ.
Шынында құсбегілік қазақтың келмеске кетіп бара жатқан мұрасы секілді. Оны қорғау, келешекке қалдыру мемлекеттік деңгейде қаралуы тиіс.
Күн мен түннің теңелер шағында жолығып, тілдескен бізге Наурыз айын халқымыз бекер таңдамағанын айтқан Бүркітбай Файзоллаұлы жылдың өзі тіршіліктің жаңаруындай болған көктемнен басталатынын айтады. Көктем – жастық шаққа, жаз – толысқан орта жасқа, күз – бойындағы барын сарқып, жиғанын ұрпағына берген егде тартқан кісіге, қыс – бақилыққа бет бұрған ақ шашты, ақ сақалды қарияға ұқсайды. Осының өзі өмірдің бейнесін көрсетеді. 5 күндік жалғанда келешегіне өлмес мұра, өшпес өнер қалдырған қазақтың ұғымында наурызкөжеге малдың кәрі жілігін салу кетпес бақ, кемімес дәулеттің қорғау керегін ұғындырады.
Ертеде бір байдың үйін торыған 40 қарақшы малды қорадан әкете алмапты. Себебі әр түн сайын ұрылардың алдынан мылтық асынған күзетші шығып, кері қайтарып отырған. Ақырында байдың өзіне барып мұның сырын сұраған қарақшылардың басшысы қарттың кәрі жілікті сындырмай, бүтін күйінде қорасының маңына іле бергенінен біліпті. Содан ел ішінде кәрі жілікті дәулеттің қорушысы деген ұғым қалыптасыпты.
Ендеше, әрбір үйдің ырыс-берекесін кіргізіп, бақ-дәулетін бекіткен Наурыз мерекесі құтты болсын!

Мәди АЛЖАНБАЙ