КИІЗ ҮЙДІҢ КИЕСІ АҒАШЫНДА

Уақыты: 22.03.2023
Оқылды: 1169
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Көксу ауданына қарасты Мұқыры ауылы шағын ғана елді мекен. Бірақ бұл ауылдан түлеп ұшқан азаматтардың атақ-даңқы жайлы көп әңгіме айтуға болады. Алғашқы өркендеуін Нұрмолда атамыздан бастайтын жұрттың бүгінгі тірлігін көркейтіп отырғандар көп. Солардың бірі «Темір материалдарын пайдаланып, киіз үй жасайтын шебер» деген атпен танылған Жарқын Қайсаұлы дейтін азамат. Көп көзіне түсе бермеген іскер жанның жомарттығы мен еңбекқорлығы, айналасындағы жұртын бауырына басып, олардың кәсіптенуіне мүмкіндік тудырған азаматтығы Түркияда болған зілзаладан кейін көпке мәлім болды.

Расында, біздің қоғамда адал еңбегімен игілікті іс істеп, онысын алыс-жақынға мақтан ете бермейтін азаматтар көп. Олардың атқарған жұмысына, істеген ісіне, елге тигізген көмегі, өңір экономикасын еселеп жатқан табысына қарап тәнті боласың. 2003 жылдары арғы беттен атажұртына оралған Жарқын Қайсаұлы бастапқыда Алматының қара базарында ұсақ-түйек саудамен айналысып көрді. Арғы бетте ұстаздық жұмыста болған соң бизнесті бірден дөңгелентіп кету қиындау болыпты. Десе де, уақыт өте келе кәсіптің қыры мен сырын жақсы меңгерген оның тіршілігі де, жұмысы да жандана түсіпті. 
2017 жылы Мұқыры ауылына көшіп келіп, қазіргі тұрып жатқан үйінің ауласынан көлікке керекті жабдықтар сататын дүкен ашады. Жұрттың сұранысына қарай жұмыс атқарғандықтан оның тұтынушылары да көбейе түседі. Арасында Мұқыры ауылы әкімдігінің ұсынысымен жылыжай салып, оны да сынап көреді. Бүгінде сол жылыжайдан жақын туысқандары нәпақа тауып келеді. Уақыт өте саудасы жүріп, алып-сататын жұмыспен қоса шағын цех ашып, ауыл шаруашылығы жерлерін қоршайтын түрлі өлшемдегі темірторлы қоршауларды шығара бастайды. Сонымен қатар, өз жобасы бойынша шағын жүк таситын көлік құрастырып, оны сатылымға қояды. Осылай шағын дүкеннен басталған кәсіп жолы өркендеп, бүгінде тұтас бір кәсіпорын өндіретін бірнеше түрлі өнімді нарыққа шығаруда.
Жарқын Қайсаұлының жұмыс орнында күн сайын тынымсыз жұмыс жүріп жатады. Бір жағында көліктерге қажетті құралдар еліміздің әр өңіріне жөнелтіліп жатса, цехта дәнекерлеушілер тапсырыс бойынша неше түрлі темірторды шығарғанын, келесі бір кең бөлмеде бірнеше қыз-келіншек киіз үйдің жабындысын, ішкі безендірілуіне пайдаланатын құралдарын тігумен әбігер болып жатқанын көрдік. 
– Қазір еліміздің бірнеше өңірінде өзіміздің бөлімше дүкеніміз бар. Оларға керекті тауарлар осы жерден жөнелтіледі. Басында соқыр тиын қаражаты жоқ талай азамат сол бөлімшелердің жұмысын реттеп, өздеріне нәпақа тауып келеді. Тіпті, осы жұмыстың нәтижесінде бір-екі жылда тұрған жерінен пәтер алып, тұрмысын түзеп алды, – дейді Жарқын Қайсаұлы.
Әсіресе, Жарқын Қайсаұлының темірден қазақ үй жасау технологиясы көптің қызығушылығын тудырғаны анық. Өткенде Түркиядағы зілзала кезінде 34 киіз үй жасап,  өзіндік құнынан 20% арзан бағада түрік ағайындарға жіберді. Бұл адамзатқа жасаған жақсылық ретінде бағалауға болатын адамгершілік.
Бүгінде Жарқын Қайсаұлының жеке кәсіпкерлігінен 30-ға жуық адам жұмыс тауып, еңбек өнімділігі және тапсырылған міндетті орындаған мөлшерінің аз-көптігіне қарай 150-400 мың теңге айналасында жалақы алады. 
–  Өткен жылдан бері темірден киіз үй жасай бастадық. Оның терісі, жүні, мақтасы, тағы да басқа материалы өзіміздің отандық өнімдер. Ал сыртқы киіздің қаптамасына қытайдан әкелінген су өткізбейтін материалды істетеміз. Дәнекерлеу, тігу, құрастыру, тағы да басқа жұмыстарын өзіміздің ауылдың азаматтары атқарады. Бір кісіге көмектессем, көңілденіп қаламын, – дейді кәсіпкер Жарқын Қайсаұлы.
Дегенмен, темірден киіз үй жасау құлаққа оғаштау естілетіні белгілі. Осы жолы кәсіпкер азаматтан ағаштан үй жасау жоспарының бар-жоқтығын сұрап едік:
– Ағаштан иіп, үй жасау туралы ұсыныстар түсті. Бірақ оның өзіндік құны жоғары және ұзақ уақыт алады. Алдағы уақытта халқымыздың киіз үй мәдениетін  таныстыратын үйлерді жасауды ойластырып жүрмін, – дейді ол.
Бір айта кетерлігі, киіз үйдің темір керегелері мен уықтары Мұқыры ауылынан жарты шақырым іргесіндегі мекенжайға орналасқан цехта жасалады. Бірақ, сол жерге баратын жолдың жағдайы қиын. Кәсіпкер жігіт: «Соны жөндеп берсе, нұр үстіне нұр болар еді», – деген тілегін жеткізді. Аудан тізгінін ұстаған азаматтар бұл ұсынысты ескереді деген ойдамыз.

Қажет АНДАС
Мұқыры ауылы,
Көксу ауданы