ЦЕМЕНТ ЗАУЫТЫ ҚОСЫМША ЖОЛ САЛУҒА ҮЛЕС ҚОСУЫ ТИІС

Уақыты: 24.03.2023
Оқылды: 938
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Кербұлақ ауданы жұртшылығының Сарыөзек – Көктал бағытындағы республикалық маңызы бар жолмен ауыр жүк тиеген көліктерді жүргізбеу туралы талабы орындалуы тиіс. Себебі, мәселеге Үкімет назар аударып отыр. Жетісу облысына ресми іссапармен келген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев осындай мәлімдеме жасады.

Облыс әкімінің орынбасары Ернат Бәзіл және «ҚазАвтоЖол» Ұлттық Компаниясы» АҚ-ның, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшыларымен бірге Алтынемел асуы арқылы өтетін жолдың жай-күйін саралаған елордалық қонаққа көпшілікті алаңдатқан жолдың мәліметтерін «ҚазАвтоЖол» Ұлттық Компаниясы» АҚ Алматы облыстық филиалының директоры Нұрхат Ақылтаев таныстырды. Жолға жауапты мекеме басшысының айтуынша, «ALACEM» цемент зауытына шикізат таситын 40 тонналық жүк көліктері жолдың тоз-тозын шығарған.

Сондықтан жергілікті тұрғындар зауыттың өзіне қажетті шикізат тасуы үшін қосымша жол салуы керектігін алға тартып отыр. Цемент зауыты биылғы жылға дейін Сарыөзек – Көктал бағытындағы жолды жөндеуді өз міндетіне алған. Бірақ зауыттың ауыр жүк көліктері әлі де толассыз жүріп жатыр. Соның кесірінен жолдың жөнделген жерлері қайтадан жарылып, асфальті уатылып кетуде. Мұны растаған жергілікті қоғам белсенділері министрге өздерін толғандырған сауалдарын қойып, лайықты жауап алды.

Күреңбел өңірі тұрғындарын алаңдатқан мәселеге ерекше назар аударған Үкімет осыған орай биылғы бюджеттен қаржы бөлдіріп, Алтынемел асуы мен Сарыөзек кентіне дейінгі ұзындығы 68 шақырымдық жолды жөндеуді «РСУ-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тапсырып отыр. Бұл мақсатқа 10 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Серіктестік директорының орынбасары Нұрсұлтан Нұрғисаны қасына шақырып:
– Алтынемел асуына дейінгі жолдың жөндеуін биыл толық бітіре аласыз ба? Өйткені, жолдың осы бөлігін бітіру аса маңызды болып тұр. Әсіресе, 45-68 шақырымының құрылысын аяқтау кезек күттірмейтін мәселе.

Себебі, осы бағыттағы жұмысты бітіруді Мемлекет басшысы тапсырып отыр, – деген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев мәселені аяқсыз қалдыруға болмайтынын атап өтіп, салынатын жолдың сапасын қадағалауды жергілікті қоғам белсенділеріне міндеттеді. – Осы жұмыстарға межеленген 30,5 миллиард теңгеге қосымша 4,7 миллиард теңге биылғы бюджетке енгізілген толықтырулар кезінде бөлінді. Осылайша асудан өтетін жолды биыл толығымен бітіруді жоспарлап отырмыз. Бұл жергілікті тұрғындардың қуанышын еселеп, жол қиындығын жеңілдете түседі деп сенеміз. Мәселені толық шешу үшін «ALACEM» цемент зауытының басшылығымен кездесіп, өзекті тақырыпты талқылаймыз.

Бұдан соң Қазақстан – Сингапур әріптестігін әйгілейтін «ALACEM» цемент зауытына барып, жауапкершілігі шектеулі серіктестік бас директорының орынбасары Станислав Щербаковқа жергілікті тұрғындардың талабын жеткізген Марат Кәрімжанұлы жүк көліктеріне қосымша жол салу керектігін ескертті. Ол үшін қысқа уақыттың ішінде, атап айтқанда, келесі сенбіге дейін Сарыөзек – Көктал бағытындағы автожолдың Алтынемел асуынан асар тұсындағы 45-68 шақырымын жөндеу мәселесін шешу жолдарын заңдастыруды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты комитет мамандарына тапсырды. Осыған орай цемент зауытының басшылығы қосымша жол салуға үлес қосуы тиіс. Сонда ғана жолаушыларды толғандырып отырған мәселе шешімін табады. Есесіне елімізді цементпен қамтамасыз етіп отырған зауыттың басқа да бастамаларына қолдау көрсетіледі.
 

Мәди Алжанбай