Жетісу  облысының  358  елді  мекені  бас  жоспармен қамтамасыз етілді

Уақыты: 29.03.2023
Оқылды: 1056
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бүгінгі таңда өңірдің елді мекендерін  бас  жоспарлармен  қамтамасыз  етілу  көрсеткіші 100%.  Оған  барлық  358  елді мекен қамтылған.

Облыс бойынша елді мекендердің егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларымен қамтамасыз етілу көрсеткіші 15,6%. Бұл  туралы Жетісу облысының Сәулет және қала құрылысы басқармасының сәулеттік қызмет және бас жоспарлар бөлімінің басшысы Асанәлі  Жанабай баяндады.

«2022 жылы Ескелді ауданы  Қарабұлақ  ауылы  мен Қаратал ауданы Үштөбе қаласының бас жоспарларына түзетулер енгізілді. Қазіргі уақытта қалақұрылыстық сараптамадан өтуде. Биыл Алакөл ауданы Қабанбай ауылы, Кербұлақ  ауданы Сарыөзек ауылы, Көксу  ауданы Балпық  би  ауылы, Панфилов ауданы Жаркент қаласы және Текелі қаласының қалақұрылыстық құжаттамаларына өзгеріс енгізіледі», – деді Асанәлі Мамырханұлы.

Өңірдің  туризмін дамыту мақсатында  Алакөл  көлінің жағалауындағы елді мекендерінің қарқынды дамыуына байланысты  курорттық  Ақши,  Көктұма ауылдарының қалақұрылыс құжаттамаларына өзгерістер енгізілмек.

«2022 жылы облыстық мәслихат бекіткен  2 жоба әзірленді. Аталған жобалар өңірдің қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бекіту туралы, сондай-ақ, облыстың жасыл екпелерін күтіп-ұстау және қорғау қағидаларын бекіту туралы.«Жобалар бойынша барлық қажетті келісімдер жүргізіліп, қорытындылар алынды. Сондай-ақ, басқарма «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы» интернет-порталын құру мақсатында облыстың барлық елді мекендерінің электрондық картасын әзірледі. Осы жұмыстардың шеңберінде облыстың барлық елді мекендерінің мекенжайларын түгендеу бойынша жұмыстар жүргізілді. Электрондық картаны жаңарту мақсатында тоқсан сайын  карталарға салынған объектілерді жинау, тексеру және салыстыру жүзеге асырылады», –  деді спикер.

Мемлекет басшысының соңғы 3 жылдағы тұрғын үйді пайдалануға беру жөніндегі деректердің дұрыстығын анықтау туралы тапсырмасын орындау үшін мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы 2019-2021 жылдардағы пайдалануға беру актілері бойынша мәліметтерді толтыру бойынша іс-шаралар жүзеге асырылуда.

«Басқарма аудандық және қалалық құрылыс, сәулет және қалақұрылыс бөлімдерімен көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге мониторинг жүргізеді. Мәселен, 2022 жылы облыста 1851 сәулет- жоспарлау тапсырмалары берілді, 1201 эскиздік жобалар келісілді. 2023  жылдың  қаңтар-ақпан айларында 251 сәулет- жоспарлау тапсырмалары беріліп, 130 эскиздік жобалар келісілді», – деді Асанәлі Мамырханұлы.

Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қалақұрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңының  24  бабы және «Діни  қызметінің саласында мемлекеттік қызмет көрсету ережесі» бойынша облыс бөлінгеннен бері басқармаға «ғибадат  үйлерін салу, олардың орналасқан жерін айқындау туралы шешім беру», «үйлерді ғибадат үйлеріне қайта бейіндеу туралы шешім беру»  мемлекеттік қызметін көрсетуге жалпы 1 өтініш келіп түсті.

"ЖЕТІСУ" АҚПАРАТ