ҚАЗАҚ ОЮЫНДА ҚАНДАЙ СЫР БАР?

Уақыты: 02.04.2023
Оқылды: 1185
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жақында мен қазақтың ұлттық ою-өрнектері туралы ақпарат іздеп, зерттеп, шәкірттеріме айтуды жөн көрдім. Өйткені, біз әдетте халықтың тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын айтамыз, ал ұлттық қолөнер тақырыбы көбіне терең зерттелмей жатады.

Қазақ халқының ою-өрнегі – байырғы ұлттық өнерлердің ішіндегі ең ежелгісі, әрі кең таралған түрі. Ою-өрнек – ұлтымыздың мәдени дамуының шежіресі, халықтың өткен тарихы – рухани, мәдени-материалдық өмірінің айнасы. Ертеде адамның қай руға, қандай жүзге жататынын ою-өрнектен-ақ анықтаған. Сонымен қатар, көшпенділердің ою-өрнегі сиқырлы мағынаға да ие. Мысалы, тұмар үшбұрыш иесін жаман көзден қорғайды.

Қазақ ою-өрнегі халық мәдениетінің маңызды бөлігі болып табылады, тұрмысқа ең қажетті зат болған. Оның элементтерінде ежелгі наным-сенімдердің, дүние туралы түсініктердің жаңғырығы жатыр. Әр ою-өрнектің өз тарихы бар. Сонымен қатар, түстер де айтарлықтай маңызға ие. Ақ түс – адалдықты, қызыл түс – шапағатты, көгілдір түс – бейбітшілікті айқындаса, көк түс – молшылық пен ырыс-несібені айшықтайды. Мұнымен қоса адам мен табиғат арасындағы тылсым мен ұлы сезімді жалғаса, ертеде ұзатылған қыздарына аналары кестелі орамалға ою-өрнек салып, сыр бөліскен.

Ежелгі ою-өрнектердің негізінде қазақ халқының табиғат құбылыстары әсерлерін дәл түсіруге деген ұмтылысы жатыр. Киіз үй есігінің үстінде орналасқан ою-өрнек «Осы үйдің оты сөнбесін!» деген мағына. Жылқы әшекейінің детальдары дала халқы сенгендей шабандозға сәттілік, атқа жүйрік, шаршамаушылық әкелетін ою-өрнектермен безендірілген. Сәндік әшекейлеуге қолданылған материалдар да семантикалық мағынаға ие болды. Алтын немесе янтарь – байлық пен қасиетті білдіру үшін қолданылған. Қызыл  маржан – қуаныш, інжу немесе күміс – адалдық пен шыншылдық, көгілдір – адалдық пен мәңгілік, мөлдір тазалық. «Қошқар мүйіз» – қазақтың кең тараған ою-өрнектерінің бірі. Қошқар мүйіз – неше түрлі формаға еніп, қазақы бұйымдарда кездеседі. Әсіресе, киіз жасауларының барлық түрінде қолданылады. Мәселен, текеметтің ортасына осы ою түрі түссе, шетіне «тұмар», «шаршы» деген сияқты ою түрі салынады. Бұл туған жер отар-отар қойға толсын деген мағынаны білдірсе керек-ті.

Светлана ЖАНБАЕВА
 Алакөл ауданы