Қазақтың мәдениеті немен өлшенеді?

Уақыты: 03.04.2023
Оқылды: 1019
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мәдениет пен өркениет – ел дамуының негізгі өзегі. Мәдениеті қалыптасқан, өркениеті дамыған мемлекеттің алға жылжуы тез, халқының жағдайы жақсы, тұрмысы оң болмақ. Мәдениет пен өркениет өзара тығыз байланысып дамиды. Олар объективті негізде бір-біріне тәуелді. Өркениет мәдениеттің дамуына ықпал етсе, мәдениет сол өркениетті жетілдіреді.

Қазіргі қоғам өркениетті үшке бөліп қарайды. Олар техника, әлеуметтік құрылым және философия. Ал мәдениетті екі түрге бөледі: материалдық (техника, материалдық құндылықтар) және рухани (өнер, ғылым, философия). Ата-бабамыз көшпелі бола жүре әлем халықтарымен салыстырғанда түрде рухани бай, ішкі мәдениеті терең, сол заманға сай өркениетті меңгерген еді. Бүгінде асыл мәдениетімізді былғап алғандығымыз, өркениет көшінің соңында жүргеніміз жасырын емес. Өндірісіміз әлемдік нарықта жоғары бағаланбаса да басқа мемлекеттермен салыстырып көреміз, артық-кем тұсты бағамдаймыз. Мәдениет пен өркениетіміз қай бағытты бетке алып барады? 

Белгілі академик Еренғайып Омаровтың айтуынша, қазақ өркениетінің даму проблемасы кейін ғана жолға қойылған. 

«Қазақ халқының қалыптасуы туралы мәселені тарих ғылымы көптен бері зерттеп келсе, қазақ өркениетінің даму проблемасы таяу уақытта ғана жолға қойылды. Қазақ өркениетінің қалыптасуы мен генезисі қазақ этносы мен мемлекетінің қалыптасуымен тікелей байланысты. Өркениеттің қалыптасуына игі әсері тиген басты себеп – адам тіршілігінің тарихи ортасы немесе әншейін жағдай теориясы. Осыған байланысты біз өркениеттің негізгі түрлерін және нақты әрі тарихи динамикада қазақ өркениетін олармен салыстыра қарастырамыз» – дейді.

Осы саланы зерттеп, сан саласына талдау жасап жүрген жанның айтқанынан ұққанымыз өркениет жолындағы ел дамуын  кеш бастағанымызды аңғартады. Ал мәдениет ше? Мәдениетіміз бізде семсерге шабылмас, тоқпаққа майыспастай еді. Алайда заман ағымы құндылықты, көзқарасты түбегейлі өзгертті. Бүгінгі мәдениет басқа, өркениет те өзгерген. Еліміз үшін кез келген алға басу, ілгерілеу де осы екі негізге байланысты болмақ. Мектептегі мәдениет кіреберістен басталатындай адам мен адам жолыққандағы амандасудың өзінде белгілі бір мәдениеттің үлгісі болады.

Осы сұрақты жастар арасында есімі белгілі SMM менеджер Мейірхан Амангелдиевке қойғанымызда: «Әр елдің өзіне тән мәдениеті мен өркениеті бар. Бұл жерде екі немесе одан да көп елді салыстырған дұрыс емес деп ойлаймын. Мысалы, бір елде қол беріп амандасу мәдениеттің белгісі болса, басқа жерде оны ерсі санауы мүмкін және бұл қалыпты жағдай. Тек айналамыздағы адамдар мәдениет пен өркениеттің шегарасы ретінде сызып берген ережелерді сақтамаған жағдайда көңілімізге ауыр тиюі мүмкін.

Тағы бір мысал. Көшеде қақырынып,  түкіріп жатқан адамды көрсек, «Былтыр Дубайға барып едім, көшеде түкіретін адам таппадым» деп өзімізді басқа елмен салыстырып, «қазақтар мәдениетсіз», «өркениеттен мақұрым қалған» деп айналамыздағы адамдарға ренжиміз. Ал негізі бізде де көшеде түкіруге болмайды. Тіпті, мұны заң ретінде енгізіп, қоғамдық орындарды былғағандарға айыппұл да салады. Яғни, мәдениет деңгейі барлық елде бірдей, тек оны сақтау, күнделікті өмірде қолдану аясы әр жерде әртүрлі болуы мүмкін.

Шетелмен салыстырсақ, кімнен кембіз деп сұрадыңыз. Біраз уақыт бұрын Стамбулға жол түсіп еді. Қалаға кіре сала байқағаным, қала халқы сырттан келген адамды көрсе бірден жүзі нұрланып, жылы шыраймен қарайды. Жол сұрасаң, жөн сілтейді. Бір апта көшелерін аралап, бұл әрекеттің себебін тапқандай болдым.

Яғни, стамбулдықтар оларды сырттан келген туристер асырап отырғаны өнте жақсы түсінген. Туристер келіп, ақша төлейді. Сол ақша арқылы мұғалімдер айлық алады, жол жөнделеді, зейнетақы төленеді. Сол үшін туристер көбірек келсін деп бүкіл қала халқы өзін мәдениетті ұстауға тырысады. Егер бізде де туристерді көбірек келсін дейтіндей қамшылау  немесе қажеттілік туындаса, Алматы әлде Астана көшелері де Стамбул сияқты жарқырап, адамдары мәдениеттің асқан шыңын көрсететін еді» – деген жауап қайтарды. 

Рас, мәдениет қалыптастырғымыз келсе әркім өзінен бастауы керек. Сәлемдесуден бастап қоштасуға дейін келістіру қажет. Мәдениетіміз арқылы өркениетіміз бір ізге түсер. Яғни, мәдениетті болу арқылы өркениетімізді кез келгенге көрсете аламыз, мақтанышпен айтамыз. Турист тарту мәселесі де бүгінгі күннің басты тақырыбы. Табиғатымыз керемет болғанымен оған сапа, мәдениет, жетпейтінін мойындауымыз керек. Өркениеті дамыған елдердің мәдениеті де көрер көзге жылылық ұялатады. 

Қоғамда қызу пікір тудырған америкалық саясаттанушы Самуэл Хантингтонның «Өркениеттер қақтығысы» атты геосаяси трактатында: «Мәдениеті мықты мемлекетті бағындыру қиын. Себебі, адамзат тарихының өзі өркениеттер тарихымен тең. Өркениет сонау шумерлер мен мысырлықтардың, классикалық және мезоамерикалықтардың қалыптасуынан бастап, бүгінгі христиан және ислам, қытай мен үнділердің кезеңін қамтиды. Демек, ғаламда адам баласы дүниеге келген күннен бері өркениет ұғымы ажыраған жоқ», – дейді.

Мәдениеті әлсіз мемлекет өркениетін жоғалтады. Бүгінгі жастардың көпшілігінен «сіз өз тіліңіздегі әндерді тыңдайсыз ба?» немесе «отандық киноларды көресіз бе?» деп сұрасаңыз, жартысынан көбі бас шайқайды. Себебі, заман жаңарған сайын  жастар санасы да шетелдік өнімге құштар. Бұл – ойланатын жағдай. Тағылық кезеңге сылдыр ақпарат, өзгеге еліктеу және мәнсіз сөз арқылы жету жеңіл. Ал тағылықтан сақтайтын бірден-бір  «дәрумен» – ертеден қалыптасқан өркениет.

Жаһандық проблеманың пайда болуы заманауи өркениеттің қауіпсіздігін сақтау үшін барлық адамдардың бірігуін талап етеді. Қоғамның жақсы жаққа дамуына жету үшін барлық әлеуметтік, экономикалық, экологиялық институттар жұмыла жұмыс істеуі керек. Экологиялық проблемалардың шешімі ғылымның дамуына тікелей байланысты. Адамзатта жүз миллиондаған аш адамды тойдыру мен кедейлікті жою мәселесі бірінші орында тұруы қажет. Қазіргі қоғамның қажеттіліктерін өтеп, болашаққа да көп нәрсе қалдыруға тиіспіз.

Серік ҚАНТАЙ