ҮМІТ ҰШТАЛҒАН КҮН

Уақыты: 01.04.2023
Оқылды: 1018
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімі Бейбіт  Исабаев тұрғындармен кезекті  қоғамдық қабылдау өткізді. Күрмеуі қиын мәселелерін арқалай келген көпшілік қабылдауға үмітпен кіріп жатты. Шындығы керек, көптеген жағдай заңға қайшы келетіндіктен шешілмей келген. Бірақ, таяқтың екі ұшы болатынындай, жағдайды адамдық тұрғыдан қарастырса  шешіліп-ақ кететіні байқалып тұрды. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев  әр басшыға «талап солай» деп қатып қалмай әр адамның жағдайы, мүмкіндігін ескеріп, мәселесінің оң шешілуін жан-жақты қарастыруды  тапсырды. 

Алакөл ауданының тұрғыны, зейнеткер  Дәмеш Ордалина көп жылдан бері  баспанасын жекешелендіре алмай жүргенін айтты.  Бейбіт Өксікбайұлы мәселенің мәнісін білу үшін бейнебайланыс арқылы  Алакөл ауданының әкімі  Алмас Абдинов және  «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ-ның өкілі Болат Жадырасыновпен сөйлесті.  

Мәселенің мәнісі зейнеткер тарапынан ҚТЖ балансындағы үйдің ай сайын төленуі тиіс  жалгерлік ақысының төленбегендігіне байланысты туындаған.  Болат Жадырасыновтың айтуынша,  қарызы төленбейінше баспана жекешелендірілмейтін көрінеді.

Екі жақты мұқият  тыңдаған Бейбіт Өксікбайұлы  ҚТЖ  мен аудан басшылығына  жалгерлік қарызды төлеудің жолдарын жан-жақты  қарастырып, құжаттарды реттестіріп, тұрғынның мәселесін  шешіп беруді сұрады.  

Баспана қашанда басты мәселе. Сондықтан әртүрлі жағдайға байланысты  үй-жайларын заңдастыра алмай жүргендердің көп екені мәлім. Облыс бойынша қордаланған мәселелер біртіндеп шешімін тауып жатыр.  

Қабылдауға келесі кірген Өрік Отыншиева мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй берілсе деген өтінішпен келіпті. Ол Алакөл ауданында әлеуметтік әлжуаз топтар санатында кезекте 65-ші болып тұр.

Аудан әкімінің айтуынша, биыл Үшаралда әрқайсысы 60 пәтерлік үш үй салынады. Бейбіт Исабаев Ө. Отыншиеваға сол 180 пәтердің бірі кезек ретімен берілетінін айтты.
Жер мәселесі де өзекті тақырып. Әсіресе, аграрлы аудан Ақсуда бұл жай жиі көтеріледі. Себебі, мұнда шаруа қожалықтарының саны өсіп келеді.  «Азамат» шаруа қожалығының төрағасы  Зейнелхан Галиев жайылымдық жерді кеңейтіп беруді сұрады. Бұл орайда  Ақсу ауданының әкіміне жайылымдық жер қарастыру тапсырылды.

Бұл күні қабылдауға  14 азамат кірді. Олар негізінен тұрғын үй, жер, инвестиция, жол жөндеу, сол сияқты денсаулық сақтау, мәдениет салаларына байланысты мәселелер көтерді. Сауалдардың барлығы хаттамаға енгізіліп, тиісті басқармалар мен аудан, қала басшыларына нақты тапсырма берілді.

Гүлжан ТҰРСЫН