"12000 гектар суармалы жер айналымға енеді": су тиімді бөлінетінін айтты

Уақыты: 03.04.2023
Оқылды: 540
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Сарқан ауданындағы 33410 гектар суармалы жерге 784 шақырым канал арқылы су тасымалданады. Оның ішіндегі 169 шақырым шаруааралық каналдар облыстық, ал 615 шақырым ішкі тоған аудандық коммуналдық мекеменің меншігінде.

–  Кәсіпорнымыз Сарқан, Басқан және Новоантоновка деген 3 бөлімшеден тұрады. Мекеменің балансында Басқан және Лепсі өзендерінің бойында орналасқан екі су торабы бар. Жалпы каналдардың ұзындығы 169 шақырымды құраса, оның 9-ы магистральді, 8-і су бөлуші, таратушы каналдар. Осы каналдардың бойында 70 дана гидротехникалық және 17 дана су өлшегіш жабдықтар орналасқан. Сонымен қатар, Бөгембай, Мұшұмбай, Объединительный мен Левобережный магистральді каналдары арқылы Ақсу ауданының (2500 га.) және Ащылы өзек магистральді каналы арқылы Алакөл ауданының (2000 га.) су пайдаланушыларына су жеткізіледі, – дейді «Сарқанирригация» су шаруашылығы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Заманхан Әшірбеков.

Өткен жылы 711 су пайдаланушымен келісімшарт жасалып, нақты берілген судың көлемі 180,3 млн.м3 құрады. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу комитеті Алматы облысы бойынша департаментінің 2021 жылғы №22 бұйрығымен «Сарқанирригация» мемлекеттік кәсіпорны 2021-2025 жылдарға бекітілген тариф бойынша жұмыс атқарады. Жыл сайын жоспар бойынша су беру науқаны басталмас бұрын ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізіледі. Биыл шамамен 46 шақырым каналға механикалық тазалау, 44 дана гидротехникалық құрылым мен 10 дана су өлшегішті ретке келтіру және өзендерден тікелей алынатын магистральді каналды ашып-жабуға 752 м3 құм бекіту жұмысы жоспарлануда. Оған облыстық бюджеттен бөлінген 286,0 млн. теңгеге 7 дана техника сатып алынды.

Жоғарыда айтып кеткен 169 шақырым шаруааралық каналдардың 41,7 шақырымы темір-бетон блок пен плиталар. Осы каналдың іске қосылғанына 40 жылдан асқан. Содан бері ешқандай күрделі жөндеу жұмысы жүргізілмегендіктен қирап-сынып, су өткізу сыйымдылығы азайып, пайда әкелетін коэффициенттер күрт төмендеген. 2021 жылдан бастап ұзындығы 21,4 шақырымды құрайтын Тәуке мен Ащылы өзек шаруааралық каналына облыстық бюджет есебінен күрделі жөндеу жұмысына 1,6 млрд. теңге қарастырылып, жұмыс жүргізілуде. Жөндеу жұмысы биыл аяқталуы тиіс.

Аудан бойынша 1991 жылдан бастап айналымнан шығып қалған суармалы жерлерді қайта қалпына келтіру үшін және су өткізу қабілетін жақсарту мақсатында 615 шақырым болатын 90 ішкі тоғанға өткен жылы облыстық бюджеттен 207 млн. теңге бөлініп, 119 шақырымына механикалық тазалау жұмысы жүргізілді. Биыл ұзындығы 111 шақырымды құрайтын 10 ішкі тоғанға механикалық тазалау жұмысын жүргізуге 176,0 млн. теңге қаражат қарастырылған. Сонымен қатар, апатты жағдайда тұрған, Көктерек ауылдық округінде орналасқан «Тілеулі» су бөлгіш құрылымын қайта қалпына келтіру үшін жобалық-сметалық құжатын дайындауға бюджеттен 38,9 млн. теңге қарастырылуда.

– Су тапшылығын болдырмау үшін келешекте Басқан өзенінің бойында орналасқан, 1991 жылдан бері істен шығып қалған Покатиловка су қоймасын қайтадан жаңғырту қажет. Бұл жаңа жоба бойынша қойманың су жинау көлемі 80 млн. м3-ті құрайды. Осы су қоймасы іске қосылған жағдайда Сарқан мен Ақсу аудандарында қосымша 12000 гектар суармалы жер айналымға енеді, – дейді Заманхан Манапұлы.

Айта кетерлігі, ауданда 1991 жылғы суармалы жер көлемі 34124 гектар болса, 2013 жылы 30419 гектарға, яғни 3705 гектарға азайған. Биыл суармалы жер көлемі 33410 гектарға жетіп отыр. Демек, егістік алқабын суландырумен айналысатын кәсіпорынның жауапкершілігі арта түсуде. 

Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы