"Қыстағы орын алған жағдайлар көптеген мәселенің көзін ашып берді": Жылыту маусымына дайындық пысықталды

Уақыты: 12.04.2023
Оқылды: 769
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Өткен жылыту маусымында қазақстандықтар үлкен сынақтарға бетпе-бет келді. Атап айтқанда, Екібастұз, Рудный және Риддер қалаларында жағдай өте күрделі болды. Ондағы мәселелерді күні-түні бақылауға алып, шұғыл түрде шешуге тура келді.

Сондықтан келесі жылыту маусымына қазірден бастап дайындық жұмысын қолға алған дұрыс. Үкімет отырысында осы мәселелер толық қаралып, нақты тапсырмалар берілді.

Шара аясында  Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Мұрат Қарабаев, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарының әкімдері баяндама жасап, орын алған келеңсіздіктердің себебін нақтылап, қолға алынған жоспарларымен бөлісті.

 Баяндамадан кейін Премьер-Министр Әлихан Смайлов:

– Өткен қыстағы орын алған жағдайлар көптеген мәселенің көзін ашып берді. Барлық әкімдіктер бұдан қорытынды шығарып, мұндай жағдайға енді қайтып жол бермеу үшін сапалы жұмыс істеуі керек, – деді.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, бұған дейін жабдықтардың техникалық жай-күйіне уақытылы, кешенді және объективті қадағалау жүргізілген жоқ. Одан бөлек жылу электр орталықтарының басшылығы мен иелерінің жауапкершілігі төмен. Меншік иелері өздерінің жауапкершілігін толық орындамайды. Сондай-ақ, жылу желілерінің тозуы да көбейе түскен. Осыған байланысты Үкімет энергиялық бақылау қызметін заңнамалық тұрғыдан күшейтіп, оларға жоспардан тыс тексерулер жүргізу құқығын берді.

Жиында өңірлерден келіп түскен өтінімдер негізінде желілерді ауыстыру бойынша құны 69 млрд. теңгені құрайтын 47 жобадан тұратын пул жасақталғаны айтылды. Бұл жұмысты сапалы және уақытылы жүргізудің маңызы өте зор. Айта кетерлігі, бүгінде 2 мың шақырым жылу желісі жекеменшіктің иелігінде. Оның тозу деңгейі шамамен 77%-ды құрап отыр. Осыған байланысты желілердің жағдайына және жөндеу жұмыстарының міндетті түрде жүргізілуіне бақылауды күшейту керек. Энергия объектілерін тиісті деңгейде күтіп ұстамаған меншік иелерінің құқығы мемлекетке қайтарылады.

– Энергия объектілері иелерінің жауапкершілігін арттырып, оны қызмет көрсету келісімшарттарында қарастыру керек. Шарт талаптарын орындау ұсыным түрінде емес, міндетті болуға тиіс, – деді Үкімет басшысы.

Оған қоса Премьер-Министр облыс әкімдері мен тиісті министрліктерге 1 маусымға дейін қолданыстағы жылу желілерінің жағдайына техникалық тексеру жұмысын аяқтау және оның қорытындысы бойынша апатты жағдайдағы жекеменшіктегі жылу желілерін коммуналдық меншікке берудің қажеттілігін анықтау керектігін айтты.

Өткен жылыту маусымында Жетісу облысында тұрғындарды алаңдататындай жағдай болмағанымен, ұсақ-түйек келеңсіздіктің орын алғанын жасырмаймыз. Әрине, айналамыз көктемнің шүлен шуағына шомылып тұрғанымен, қылышын сүйреткен қыстың да ертең-ақ жетіп келетіні анық. Сондықтан келесі жылыту маусымына дайындықты ертерек қолға алғанымыз жөн.

Қажет Андас