Тарихи ескерткіш тозып барады: Тоғызқұмалақ тасын ғалымдар зерттесе екен

Уақыты: 15.04.2023
Оқылды: 867
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ақсу ауданына қарасты Баласаз ауылының Көксай қонысында  тасқа ойылып жасалған тоғызқұмалақ тасы бар.  Жәдігер Көксай бөктерлері жазыққа таянып келіп аяқталған жерде, қырқа беткейінде тұр.  Ойын тасы  тау бөктері мен шабындықтың  ортасына қойылған. Оң жағынан  өзен ағып өтеді.

Тоғызқұмалақ  деп аталатын себебі, сандықтай  көлемдегі үстіне тоғызқұмалақ  тақтасы ойылып салынған. Тастың үстіне ойын ұяшық қашалып жасалған. Мұнда екі-екіден төрт адам отырып қатар ойнауға болады.Тас орналасқан жерден Сарытау, Ащыбұлақ, Маңдай, Баянжүрек, қысқасы барлық тарап алақандағыдай көрінеді.

Тоғызқұмалақ тасының қай ғасырда ойылып қашалғаны әзірге беймәлім. Орналасқан жеріне қарағанда жаугершілік заманда сарбаздар жасаған сияқты. Немесе сарбаздарға арналып жасалған. Екінші себеп, судың жақындығы. Үшінші себеп, Көксай өзенінің жағалауы қалың тал.  Бұл аумақ жауынгерлердің от жағып, су тасып, ағашқа саялауына ыңғайлы.

Тоғызқұмалақтың жанында бірнеше  жерге  тас үйілген.  Бұлар жау келе жатқанда от жағып, белгі берілу үшін жиналып, дайындалған. Жауының жақындағанын түтін арқылы білдіру ежелгі сақ-ғұн дәуірінен бері келе жатқан әскери тәсіл.

Тастың күнбатыс жақ шетіне ерекше белгі өрнектеліп, қашалып жасалған. Тоғызқұмалақ тасын ғалымдар тереңдеп зерттесе  ғой деген ой мазалайды. Бүгінде, осы бір тарихи ескерткішті жел, жаңбыр, қар тоздырып барады.  Тездетіп, мемлекет қарауына алып, құнды жәдігер ретінде дәріптесе жөн болар еді.

Гүлім Жанғазы
Ақсу ауданы