1000 айдан да қайырлы Қадыр түні

Уақыты: 17.04.2023
Оқылды: 801
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

БисмилләҺир рахманир-рахим! Алла қалап, ораза айын да аяқтап, қасиетті Қадір түніне де келдік. Ұстаған оразамыз бен дұға тілегіміз қабыл болсын. Баршамызға тура жолда жүруді Жаратқан нәсіп етсін.

Қасиетті Рамазан айында адамдар ауызашар беріп, дәм татысып жақындаса түсуде. Ісі оңға басқан азаматтарымыз жақын туыстар мен көмекке зәру отбасыларға қайырымдылық шаралар өткізіп, сауапты істің үлгісін көрсетіп жүр. «Имандылық – Алладан, қайырымдылық – адамнан», деген осы болар. Рамазан – жақсыға да, жаманға да сабырмен қарайтын төзім айы. Ешқашанда пайда бермейтін кек, ашудан, жаман әдеттен, денсаулыққа зияны көп артық ас ішуден, артық сөйлеуден тоқталатын ай. 30 күн ораза ұстап, адал аспен ауыз ашып, 5 уақыт намазын оқыған адам өзін ақ қанатты періштедей сезінеді. Рамазанда Алла адамға сыйлаған, 1000 айдан да қайырлы Қадыр түні бар. Мейірім түнін ақ тілекпен қарсы алуға амал жасайық, ағайын. Ләйім дүниежүзіне тыныштық орнап, қазақтай текті ұлтымыздың аспаны шуақты, болашағы жарқын болсын!

Адам басына түскен ауыртпалықты тек қана сабырмен жеңе алады. Дін бар жерде тазалық пен береке бар. Мысалы, кезінде Кеңестік жүйе ыдырап, ел қатты қиналып күйзеліске ұшырағанда, ауылдарда көптеген мешіт салынып, дінге деген бетбұрыс басталды. Тәрбиені тал бесіктен бастап кеткен тәрбиешілер мен ұстаздар мектеп пен балабақшаларда діни танымдық шараларын өткізді. Ата дәстүрімізді қайта жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жоспарланды. Діни сауаты бар азаматтар уағыз айтып, азан шақырып, намазға үйірген амалдарды жүргізді. Халықтың Аллаға деген сенімін, келешекке деген үміт отын жақты. Мешіт қоғамға өте қажет рухани, мәдени орын екенін түсіндірді. Құран аяттарының мағынасын талдап, халыққа таныстыру өте сауатты имандардың міндеті. Байқасақ, әлі күнге дейін әртүрлі ағымның адамдары, жастарымызды адастыру үшін түрлі әрекет жасауда. Солардан сақтану әр адамның өзінің діни сауаттылығына байланысты. Осындай келеңсіздікті тыйу мешіттегі имамдардың жұмысы. Мұның жүгі күрделі де ауыр екенін сезінулері өте қажет. Сауатты, саламатты, сабырлы болып, көрегенділіктің тұтқасын ұстағандар озатын заман қазір. Жасаған құлшылығы шынайы болғанның ісі сәтті, басы аман. «Алла да сақтанғанды сақтайды» дегендей, жақсы өмір сүру адамның өз әрекетіне байланысты екені шындық. Осы Рамазан айында санамыздың көкжиегін кеңейтіп, Алланың нұрына бөленудің қамын ойлағанымыз жөн болар.

Қадыр түні

Ораза айы келіп жетті аңсаған.
Қуат берер, рух берер ол саған.
Пенделердің пейілдерін кеңейтіп,
Мейірімнің нұрын төкші Жасаған.

Періштедей жаман жерді баспаған,
Нәрестедей жаңа қадам бастаған,
Мұхамедтің үмбеті боп жаралған,
Мұсылманбыз құран, хадис жаттаған.

Қадыр түн бар, ораза айда аяулы.
Дәл сол түні барлық шайтан байлаулы.
Шапағаттан қалыс қалып жүрмейік,
Мүмкіндіктің сағаттары санаулы.

Қадыр түнін Алла адамға сыйлаған,
Пенделерін жаман жолға қимаған.
Нұрландырып аспан жердің арасын,
Адамзатты тура жолға жинаған.

Қадыр түнін қарсы алуға жарайық,
Намаз оқып, шыққан күнге қарайық.
Қадыр түнгі қабыл болсын тілектер,
Кел, мұсылман, қайырымды болайық.

Ұлбатыр БАЙБОЛҚЫЗЫ
зейнеткер
Талдықорған қаласы