Түйеге қатысты ат-атаулар

Уақыты: 16.04.2023
Оқылды: 1003
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Адам өз жұртының таным-тағылымы, салт-санасы туралы терең білемін деп ойлауы заңдылық десек те, заман жаңғырған сайын көмескі тартатын құндылықтардың ат-атауы, оған байланысты жосық-жоралғы деген секілді дүниелер де түрленіп немесе қолданыстан шығуына байланысты ұмытылып қала береді екен. Біз де түрт түлікпен тірлік жалғаған бабалардың танымындағы дүниенің негізгісін қанға сіңіргенбіз деп ойлап жүрген едік. Қасымхан Бегмановтың «Этнографпен әңгіме» кітабын парақтап-тарақтап отырып ол ойдың қате шыққанын түсіндік.

Аталмыш еңбекті саралап, керектісін елге ұсынып келе жатқанымыз оқырман қауымға белгілі. Өткен жолы жеті қазынаның бірі – итке қатысты атау сөздер мен нақылдарды тізбеледік. Осы ретте төрт түліктің төресі болған түйе жануарына қатысты салтымызға сіңісті болған, қазақ тілінің қолданысына енген сөз бен тіркестерге тоқталуды жөн санадық.

Қазақ халқының «маң-маң басқан, маң басқан, шудаларын шаң басқан, екі өркешін қом басқан» деп келетін жұмбағындағы түйені суреттеудің өзі ғажап емес пе?! Ендеше, «Ойсылқара төліне қатысты қазақ тілінде анша-мұнша сөз болғанымен, соғырлым көп емес-ау» деген жанның үлкен қателік жіберетінін айта кеткен жөн. Біз де осылай пайымдаған едік. Алайда, белгілі этнограф Жағда Бабалықұлының тірнектеп жиған сөз тіркесі, мәтелдер қорына зер сала отырып, ұшқары байлам жасап, өзімізше тоқмейілсіп жүргенімізге шын ұялдық. Сол себепті «Адам болар жігіттің жары өзіне лайықты, керуен бастар жігіттің нары өзіне лайықты» деп келетін түйе жануарына байланысты сөз тіркесінің біразын санада жаңғыртып көрелік.

«Ақсақ түйенің аузына жел айдаған қаңбақ түсер», «алпыс күн атан болғанша, алты күн бура бол», «арқалағаны алтын, жегені жантақ», «аталы сөз – атан түйеге татиды», «атан түйе жүк астында қартаяр», «Ашуланса, көшке берген тайлағын қайтып алсын», «әркім өз ботасын үкілейді», «жаман түйе бір күнде өрісін тауысар», «жуас түйе жүндеуге, бұралқы сөз күлгенге жақсы», «жылан өз бойына қарамай, түйе бойын «иір» депті», «жантақ көрсе түйеден шыдам кетер», «жығылсаң, нардан жығыл», «ит үреді, керуен көшеді», «атан түйе ойнаса жұт болады», «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің», «қырсыққанда қымыран іриді», «өзі түйе үстінде келе жатып жаяуға «бұқ» дейді», «сырын білмес атанға жүгіңді артпа», «түйе аунаған жерде жүк қалады, ат аунаған жерде түк қалады», «түйе күндіз жайлып, түнде күйіс қайтарады», «түйе көп болғанмен, қонаққа сойылмайды», «түйе қартайса ботасына ереді», «түйе шудасын, есек қу басын төсейді», «түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізде», «түйесі жоқ ауылға тайлақ атан көрінер», «түйешіге жолықсаң, өркеші биік тайлағын айтар», «ұрғашы түйе ыңыранса, еркек түйе боздайды», «халық ұйғарса, хан түйесін сояды», «інген ыңғай бермесе, бурашын бұйдасын үзбейді» деп келетін сөз тіркесі, нақылға айналған, мәтел түзген дүниенің бәрі ана тіліміздің қамбасында жатыр.

Осы орайда түйе малының бабына, оны шақыру, айдау, міну, шөгеру секілді іс-қимылдық дүниелерге қатысты пайда болған сөздерді айшықтап өтейік. Бұл тұрғыда Жағда Бабалықұлының еңбегіне жүгінген жөн. Этнограф жазбасында: «Түйе малын шақыруға келсек, қораға, келеге, ботасына шақырғанда «кәус-кәус», «көс-көс», «қоңс-қоңс», «бот-бот» дейді. Тұзға шақырғанда «қуай-қуай» десе, суға шақырғанда «соррап-соррап», «әрей-әрей», «жәуіт-жәуіт» десе, айдағанда, қайтарғанда «чу», «шу», «әт-шу», «әйт-чу», ейт-чу», ал жүк арту үшін шөгергенде «шөк-шөк», «чәк-чәк», «шұқ-шұқ», чүк-чүк» дейді» – деп көрсеткен. Мәтелге айналған сөз бен осындай іс-қимылға қатысты дүниелердің сыртында түйе малына қатысты шыққан қарғыс түрлерін де бір рет санада жаңғыртып өткен жөн шығар-ау. Мәселен, сүт шелегін аңдаусыз төгіп кеткен сиырға қаратып «қарасан келгір» деп тілдейтін үлкендерді талай көргенбіз. Қарасан дегеніміз – малда болатын ең жаман ауру түрі. Сол секілді, Ойсылқара төліне қаратып: ақ шелек түскір, борша болғыр, ақ шелек болғыр, қатпа келгір, жілігің шағылғыр, жайрағыр сынды ауыр сөздерді қазақ халқы ашумен айта білген. Мың жерден жақсы көрсе де, қадірін білсе де бір реткі ашумен осылай деп тілдеп тастайтынын көріп-келгенбіз.

 Иә, бүгінде дәстүрмен сабақтасқан тілдік байлығымызды тақырыпқа орап, ішіндегі маржанын тамызып-тамызып қана беріп келеміз. Десе де, бұл дәстүр туралы кітаптардан алынған толық еңбек емес. Өйткені жобаның бастапқы көлеміне байланысты сол форматты сақтап, оқырманға негізгі керек-ау деген тұсты ғана ұсынуды мақсат тұтқанбыз. Ендеше, қазақ тіл қолданысындағы аттың жалы, атанның қомында, ақ түйенің қарны жарылған күн, ботадай боздау, бір көш жер, бұйдасын мойнына салып жіберу, күлге аунаған түйедей, қос атан тарта алмау, биені түгімен, түйені жүгімен жұту, түйенің құйрығы жерге жетсе де, түйе үстінен сирақ үйіту, түйе қоманда жүру, түйенің жарты етіндей, түйенің басындай, түйе үстінен ит қабу, үстінен түйе аунаса да деп келетін сөздердің бәрі де қазақ тілінің байлығы екені даусыз. Философиялық мәні бар, мағынасы терең бұл дүниелерді арнайы түсінік бермесек те жалпылама түрде ұғынықты деп білеміз. Сондықтан салалап, талдап жатуды артық санадық.

Қарап отырсақ бір ғана жануардың өзінен шешен халқымыз сан сөз тарқатып, әлденеше мәтел құрастырған екен. Өзге елге осыны түсіндірсең, көзі шарасынан шыға таңданар-ау деп топшылаймыз. Өйткені біз мәтел мен мал бабына қатысты дүниелерді ғана санамалап, артынан афоризмге тән, кейіптеу, сипаттау, теңеу тұрғысындағы кейбір дүниені шекіп қана оқырманға ұсындық. Ал, ат-атаулардың жалпы тізімін әлі қаламға дәйек еткеніміз жоқ.

Хош, «айран сұрап келіп, шелегіңді жасырма» деген қазақ нақылына басып, айтқымыз келген, тізбелеуге құлшынған дүниемізді мақалада көрсетпей кетсек дұрыс болмас. Сондықтан түйеге қатысты негізгі атауларға көшейік: айыр түйе, айыр бота, айыртайлақ, қайыр қоспақ, айыр өркеш, азған, атан, ала бас түйе, ала бас тура, алаша, ала бота, ала бауыр, алмас өркеш, ала гүлік, ақшомшы, ақ кемік бота, ақ иық түйе, ақ мая, түйе жоңышқа, ақ қаптал түйе, ақтайлақ, ақтүйсай, ақшелек, қабас, ара қоспақ, аспалдақ, атанша, байтайлақ, басқоспақ, бактериан, ботакөз, жабу, ботақан, жатаған, жампоз атан, шүбат, кейуана, күлге шөгер, көмей құт, күркіреу, күпі көрпе, маймақ бота, мұрындық, сақа түйе, теңөркеш, түйеқұйрық, түйежапырақ, түйекекілік, түйеқұс, табан, тығырық – осылай шұбалып кете беретін 300-ден астам атаулар бір ғана түйе жануарына қатысты, оның жасына, түр-сипатына, мүшелеріне байланысты сөздер. Біз көп ретте жалпыұлттық ұғымда кең қолданылатын көптеген атауды мақалада ашып бермедік. Мәселен, шұбат,  ақінген, бозінген, аруана секілді сөздер айшықталмады.  Бұларды түгел тізбелесек, әрі бастапқыда айтылған нақылдарды тұтасымен берсек бір кітаптың тарауындай толғамға басарымыз хақ.

Ғажайып жаратылысытың бірі, қазақ тұрмысының, әсіресе көшпелі өмір салтанатын сан ғасырға ұластырған байырғы бабаларымыздың негізгі көлігі саналған түйе малына қатысты толғамды тізбелеп отырған соң, біз бір дүниені де бедерлеуге тиіспіз. Ол түйе жануарына байланысты балаға қойылған есім-ныспы тізбегі. Жаны қалаған, шын сүйсінген дүниесін ұрпағының атына таңатын ырымшыл да ақкөкірек халқымыз түйеге қатысты ат қойғанда: Түйебай, Нартай, Бурабай, Атантай, Бота, Ботагөз, Ботабай, Тайлақ, Байбура, Нариман, Нарынбет, Бұйдаш сынды елуге тарта сөз қолданған екен. Оның сыртында Ақтайлақ, Ақінген, Ақмая, Буратиген, Бурақожыр, Наршөккен  сынды көптеген жер-су атаулары бар.

Сөз бен сөйлемді, тіркес пен тағылымға толы мәтелді жуық маңда тауыса алмайтын түріміз бар. Өйткені біз мақаламызда алабота, бозінген, түйебүлдірген, түйежантақ пен түйежапырақ секілді өсімдік атауларын, ойсылқара төліне байланысты дәстүрімізге сіңген ойын түрлерін, оның сыртында «Бурадай бұрқ-сарқ етіп долданғанда, алты қанат ақ орда шайқалады», – деген Абай ақынның өлеңінде айтылған мезгілге, күннің райына қатысты болжамдарды, суреттеуді толық  атап көрсетпедік. Мұның бәрін дәстүрін танығысы, құндылығын терең білгісі келген оқырманның ізденуіне сеп болсын деп жұмбақ күйінде қалтырып отырмыз.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ