Арман Әлменбет: "Кім көрінгеннің одақ туралы жазуы да адамды ойландыруы керек"

Уақыты: 17.04.2023
Оқылды: 893
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АНЫҚТАМА: МАТЕРИАЛ "ЖАС АЛАШ" САЙТЫНАН АЛЫНҒАНЫН ЕСКЕРТЕ ОТЫРЫП, ҚАЗ-ҚАЛПЫНДА ҰСЫНАМЫЗ. 

 

Арман Әлменбет: Жазушылар одағының төрағалығына кандидатурамды ұсынамын

«Егер мен одақтың төрағасы болсам». Жазушы, баспагер Арман Әлменбет одақты жандандыру, жаңаша реформалау туралы өз пікірін әлеуметтік желіде ортаға салды. Бастапқы кезде оның бұл сөзі құлаққа сәл тосындау естілді. Ары қарай бағдарламамен танысқан соң, оны қолдаушылардың аз болмайтыны байқалды. Әрине, бұл әзірге қағаз күйіндегі пікір ғана. Мұны қалай іске асыруға болады, кедергі, қиындықтарды еңсерудің нақты әдіс-тәсілі бар ма, Арман шынымен алдағы Жазушылар одағының құрылтайында өз кандидатурасын ұсынбақ па, өзінен сұрадық.

– Арман, жақында facebook әлеуметтік желісінде жазба жарияладың. Содан бір күн бұрын Қазақстан Жазушылар одағының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек жұмыстан кететіні туралы айтып еді. Сенің жазбаңның бұған қатысы бар ма?

– Сіз айтқан оқиғадан кейін тағы бір жағдай болды. Яғни Ақберен Елгезек кеттім деп жазған соң, келесі күні Ұлықбек Есдәулет nege.kz сайтына жедел сұхбат берді. Мен содан кейін барып одақтың төрағасы болсам, осылай дамытар едім деп, өзімнің бағдарламамды жарияладым.

– Бағдарламаң туралы әр түрлі пікірлер айтылып жатыр, көбі жылы қабылдады. Бұл сонда соңғы бағдарлама ма, оны жазу барысында кейбір дүниелерді зерттеп, зерделедің бе?

– Бұл өзі бірнеше жылдан бері ойда жүрген шаруа еді. Шет елде оқып келген бір досым бар, сол былтыр күзде кандидаттарды бағдарламасына қарап таңдау керек деген ой айтты. Батыста сөйтетін көрінеді. Осыны естіген соң, Жазушылар одағын дамытудың бағдарламасын жазып көрейінші деген ой келген. Мынау, негізі содан туған дүние.

Егер Жазушылар одағы өзінің бюджетін ашық жариялайтын болса, тіпті нақтылап жазуға болар еді. Бірақ бізде ондай мүмкіндік жоқ. Сондықтан біз одақ қай жаққа қарай даму керек деп ойланып, сол тұрғыдан ғана жаза аламыз.

– Жаңа «әр түрлі пікір айтылды» деп қалдым ғой, соның ішінде «Жазушылар Одағын жауып тастау керек» деген пікірлер көп болды, бұған қалай қарайсың?

– Мен одақты дамыту туралы айта келіп, егер дамыта алмасақ, одан да жабылып қалғаны жақсы деп айтқанмын. Мені қолдамайтын адамдар бағдарламама қатысты ештеңе айта алмағандықтан, жабу керек деп айтты деп байбалам салып жатыр. Бір жағы әдебиетке қатысы жоқ әлдебір кісілердің одақты жабу туралы жазып жатқандары да сәйкесе кетті-ау деймін.

Негізінде кім көрінгеннің одақ туралы жазуы да адамды ойландыруы керек қой. Одақтың да, жазушылардың да салмағы кетіп, ешкімнің алдында абыройы қалмағанын көрсетеді. Шын жаны ашитын адам мәселеге осы тұрғыдан қарап, абыройымызды қалай көтереміз деп ойланса керек-ті.

– Енді мына бір сұраққа көшейікші, бағдарламаң жақсы, қолдаушы да табылып жатыр. Бірақ не дегенмен үлкен өзгеріс қомақты қаражатты қажет етеді, осы жағын қалай реттер едің?

– Егер адам басшылыққа келген адамның ойы сол шаруаны жүргізу ғана болса, онда тапқан ақшаңның бәрін сол шаруаға салады. Ондай кезде шартты түрде аз көрінген ақшаның өзі берекелі болады. Бұл – бір дейік. Екіншіден, біз осы күнге дейін одақтың бюджеті қандай екенін білмейміз (білсек жақсы болар еді деп жоғарыда да айттым). Мүмкін қазіргі бюджетінің өзі біраз шаруаны реттеуге жететін шығар? Жетпесе, жеткізу үшін не істеуге болады деп бас қатыру керек. Философияда дұрыс қойылған сұрақ – жауаптың жартысы дейді ғой. Бір нәрсені істеу үшін бізге мемлекет ақша бере ме демей, біз осы нәрселерді істеу үшін қолда бар мүмкіндікті қайтып дұрыс қолданған жөн деп ойлануымыз керек.

Компаниялар нөлден бастап құрылып, екі-үш жылда табысқа жетіп жатады. Алюминий өңдейтін, шина шығаратын компанияларды айтып отырғаным жоқ. Кітап шығаратын, шара ұйымдастыратын компаниялардың да гүлдеп кеткенін көзіміз көріп отыр ғой. Оның жанында мемлекеттен азды-көпті жоба алып отырған, анандай ғимараты бар (естуімше, балансында тағы да бір ғимараттар бар көрінеді), газеті мен журналы бар, билікпен тікелей байланысы бар, өңірлерде филиалдары бар, сегіз жүз мүшесі бар жазушылар одағы мына заманда күнін көре алмайды деу – онша қисынға келмейді-ау.

– Өзің осыдан біраз жыл бұрын «Muqaba» баспасын ашып, кітап шығаруды қолға алдың, кейін «Qasym баспа үйі» деп аталатын баспаның негізін қаладың. Жоғарыда айтқаныңдай, «нөлден бастап жұмыс істеудің» қыр-сырын көрдің. Осыдан қандай ой түйдің, нендей тәжірибе жинадың?

– Мен кітап шығарамын дегенде біраз адам өзін-өзі ақтамайтын іске кіріп нең бар деп аяныш білдірген. Кейін ол жақта үлкен нарық бар боп шықты. Сол секілді сыртынан өмірі нәтиже шықпайтындай көрінетін жұмыстар нәтиже беріп те жатады.

Жеке өзіме тиесілі «Muqaba» баспасы көркем емес кітаптарды шығаруды ұстанады. Ол жерден шыққан үш кітап қазір барлық дүкеннің сөресінде тұр. Одан бөлек, жыл сайын шығаратын күнделігіміз бір айдың ішінде сатылып кетеді.

«Qasym баспа үйі» – үш адамның ниет біріктіруінен шыққан баспа. Серіктестерім – елге шын жаны ашитын кісілер. Сондықтан да болар, екі жарым жылдай уақыттың ішінде ол баспадан жүздей кітап шықты. Әлі де шыға бермек. Былтырдан бастап «Qasym баспа үйіндегі» жұмыстарымның денін басқа кісілерге тапсырып (қазір құрылтайшылардың бірімін және жаңа аудармаларға ғана жауаптымын), өзім «Muqaba-ны» қайта қолға алып жатқан жайым бар. Бұл баспам жылына елге пайдалы, сөреден түспей сатылатын екі-үш кітап шығарып отырса да жаман емес.

– Жаңа бір сөзіңде Одақты «мемлекеттен азды-көпті жоба алып отыр» деп айтып қалдың. Егер қандай да бір ұйым басқарушы биліктен қаржы алса, ақыр соңында соның саясатын насихаттаушыға айналып кетпей ме? Жасыратыны жоқ, мұндай үрдісті осы уақытқа дейін көріп те келеміз.

– Биліктің саясатын қолдау-қолдамау – әр адамның жеке көзқарасына да байланысты болуы мүмкін. Яғни қолдағандардың бәрі жоба алғаны үшін сөйтеді деуге болмайды. Сондай-ақ міндетті түрде өкіметпен дүрдараз болу керек деген де ереже жоқ. Бірақ қолбала болып кетуге тағы болмайды. Бағдарламамда айтқандай, өкіметке тілене-тілене жазушы деген ұғымның қадірін түсіріп болдық. Енді баяғының билеріндей тең дәрежеде сөйлесетін күнге жету үшін уақыт керек.

– Жазушының қадірін кетірген тағы бір дүние «Одаққа мүше болу» сияқты. Мұның екінші жағы тағы бар, мысалы, Жазушылар одағы дегенде менің көз алдыма мынадай екі түрлі бейне келеді. Біріншісі – одақты арқа тұтатын, соған жалтақтайтын үлкен буын, екіншісі – одаққа өткісі келетін, соны мақтан көретін жас буын. Одаққа мүше болу мәселесін қалай шешер едің?

– Одақты пана тұтатын үлкендердің көңілінен айналып кету керек. Төраға болған адам сол үмітті көздердің алдындағы жауапкершілікті сезінуі керек қой деп ойлаймын. Жастардың жаппай мүше болуы, үлкендердің ұялмай-қызармай оларды қабылдай беруі – бұл енді бір комедияға сұранып тұрған тақырып секілді. Ал не істейсің дегенге келсек, мүшелік дегенді тұтасымен жойып, санаулы кісіге ғана құрметті мүше деген атақ беру керек деп ойлаймын. Құрметті мүшелерге қолда бар мүмкіндікке қарай, әртүрлі жақсылықтар жасалуы керек. О баста әдебиетте орны бар, жасы да біразға келіп қалған кісілер ғана құрметті мүше болса, кейіндеп, еңбегі сіңген жастар да сол қатарға қосыла бастауы керек. Көп адам мүшеліктен айрыламыз деп менің бағдарламамды ұнатпауы мүмкін. Ол адамдар жерде қалмайды: я тізімге алынады, я болмаса мүше деген атты қалдырсақ (ондай да ой бар), сол күйі көп мүшенің бірі болып қала беруі мүмкін. Ол кісілер құрметті мүше болуға ұмтыла алады. Әдебиетте ұмтылыс керек. Адам бірнәрсеге ұмтылып, сол үшін ғажап шығармалар жазуы керек.

– Кезінде өзің де біраз уақыт «Қазақ әдебиеті» газетінде істедің, редакцияның қыр-сырын жақсы білесің. Негізі Одаққа қарасты екі-үш әдеби басылым бар, сенің бағдарламаңда осы басылымдардың жұмысын тіпті де жандандырудың нақты жоспары бар ма?

– «Қазақ әдебиеті» газетінің айлығы сол кезде газеттер арасындағы ең төмен айлықтардың бірі еді. Қазір тіпті ең төменгі айлықтан да төмен деген номинацияны иемденіп алды-ау деймін. Бұны реттеу керек. Реттелмесе, олай қор ғып ұстап отырмай, жабу керек. Жабу деген нәрсе – осындайдан шығады. «Бір нәрсені қор ғып болса да ұстап отыру – ерлік» деген қисынды мен түсінбейді екенмін. Өл, тіріл – дамыт. Дамыта алмайсың ба, не жауып таста, не өзің ол жерден кетіп қал.

Бағдарламамда прозаны осы екі басылым арқылы дамытудың жолын ұсындым. «Қазақ әдебиетіне» әңгімесі шыққан, «Жұлдызға» повестері мен романы басылған адам әжептәуір қаламақы алуы керек және әдеби жыл қорытындысы осы екі басылымға шыққан шығармаларға арналуы керек (мүмкін өзге басылымдарға аздап шолу жасап өтуге болатын шығар). Сонда прозада нақты бір алаң пайда болар еді.

Жалпы, Жазушылар одағының төрағасы газетті де мен дамытамын, журналды да мен гүлдендіремін, одақтың ішін де өзім құлпыртып жіберемін деп артық кетпеуі керек. Бұның бәрі – командамен жасалатын жұмыс. Әр тетікке жанашыр, істесем деп тұрған адамды қойып, жұмыс істеуіне мүмкіндік берген кезде жұмыс жүреді.

– Осыған дейін Одақты жақтайтын топтар «Одақтың шығыны шаш-етектен, соның бәрін реттеп, сақтап отырудың өзі неге тұрады» деген сыңайдағы пікірлер де айтылып келді. Сен мұнымен келіспейсің...

– Бұл сөзді Нұрлан Оразалин мен оның командасы да айтқан. Ұлықбек Есдәулет пен оның командасы да айтып жүр. Егер расында да жағдай қиын болса, онда ол кісілерге рақмет. Осы күнге Одақты аман-есен жеткізді. Енді өз-өздерін қинай бермесін де...

Менің білуімше, Одаққа қарасты бір-екі баспа бар, олар негізінен мемлекеттік тапсырыспен кітап шығарады. Сен өзің баспагерсің, біраз жылдардан бері сапалы, қажетті кітаптар шығарып, оны сатумен шұғылданып келесің, яғни баспа ісін жетік білесің, осы баспаларды басқаша жандандыруға бола ма?

– Бұрын «Ан-Арыс» деген баспа болған. Ол бұрынғы төрағамен бірге кетті. Қазір «Әдебиет» деген баспа бар деп естимін. Бірақ оның меншік иесі кім екенін білмейді екенмін. «Абай» деген баспа жекеменшік көрінеді.

Мен баспа ісімен айналысып жүргеніме алты жыл болды, осы уақытқа дейін бірде-бір рет мемлекеттік тапсырыс алып көрген жоқпын. Тек мемлекеттік тапсырыспен күн көретін, бірде-бір сатылатын кітап шығара алмаған баспаны өз басым баспа деп есептемеймін.

Егер мен төраға болатын болсам, «Жазушылар одағының баспасы» деген баспа ашып, одаққа келген ақшаның бәрін соған жіберер едім. Өзімнің қатысым бар баспаларға Жазушылар одағынан бір тамшы да тамызбас едім. Адам не ақша табудың жолына түсуі керек, не мойнына алған жұмысты елге қызмет ету деп түсініп, соны бірінші орынға қоюы керек.

– «Жақында Жазушылар одағының кезекті құрылтайы өтеді» деп естідік. Сонда сен шынымен де өз кандидатураңды ұсынасың ба? Оған лайықпын деп ойлайсың ба?

– «Мен лайықпын» деп айтудың жауапкершілігі қаншалық ауыр екенін жақсы түсінемін. Көріп тұрып, қалыс қала беруге тағы да дәтім шыдамайды. Қаламгерлер деген ел бар ғой деп, ойымды ортаға тастадым. Ол кісілер «одақтың төрағалығын жоғары жақ шешеді деп отыра бермей, мына ойың дұрыс екен, мына ойың қате екен, сені қолдайық, я сен қоя ғой» деп нақты айтса деймін. Әзірге олай болмай тұр. Бәрі әлденеден қорқады, бірақ оның не екенін өздері де білмейді. Басқа кандидаттар өздерінің бағдарламасын ұсынсын. Дебатқа шығайық. Менен мықты біреу шықса, өзім-ақ сол жерден тоқтап, соның тілеулесіне айналамын.

Халел Досмұхамедовтың «Біз білім қысқаннан кітап жазған жоқпыз» деген сөзі бар. Сол секілді мен күшім тасығаннан одақтың төрағасы боламын деп отырған жоқпын. Жағдайды көріп тұрып, үндемей қалу – азаматтығыма сын болар деп осы шаруаға ден қойдым. Кейін өсіп шығатын буын бізге келіп, сол кезде отыздан асқан жігіт екенсің, не қарап отырдың десе, міне деп көрсететін жұмысым болуы керек. Көресіздер, уақыт өткен сайын қазіргі ұсақ тірлігімізді ақтап алу қиындай береді. Кәкір-шүкір әңгіменің бәрі бізге көмек болмайды ертең. Қазір мен осындай дүниелер айтып отырмын ба, он жылдан кейінгі жастар тіпті ашық айыптайды.

Осы күндері кандидатурамды ұсыну жолдарын зерттеп жатырмын. Өкінішке қарай, одақ құрылтай өткізбейді, одақ съезд өткізеді. Атауы да, оның өту жолы да баяғы КПСС үлгісімен қалып қойған. Партия ішінде дауыс беру сияқты тура. Жарғысы да құпия сақтаулы. Бұның бәрін келешекте өзгерту керек деп есептеймін. Қорыта айтқанда, мен құр пост жазып, сұхбат берумен шектелейін деп отырған жоқпын.

– «Отыздан асқан жігіт екенсің» дегеннен шығады, жасымыз отыздан асса да бізді әлі «жас ақын, жас жазушы» деп атайды. Сенің бұл шешіміңе де «әлі жас қой, қолынан не келеді» деп күле қарайтындар, қомсынатындар да табылады.

– Адамдар өзара сыйласқанда жасқа мән берсе де, шығармашылыққа, шаруаға келгенде үлкен-кіші деген болмауы керек қой деп ойлаймын. Алдымен шығармашылықты айтатын болсақ, Гоголь «Ревизорын» 26 жасында жазып, 33 жасында соңғы түзетуін енгізіпті. Лермонтов пен Сұлтанмахмұт 27 жасында о дүниелік болып кетті. Әлі жаспыз деп жүре берсе, түк жазбай кетер еді.

Шаруаға келсек, Абай 27-сінде тобықтыны түгел билеп отырған. Шоқан мен Смағұл Сәдуақасовқа сол кездің үлкендері қазіргі үлкендер сияқты «жассың, қоя тұр» дей берсе, түк бітірмей кетер еді. Жасты көлденең тарта беру өте зиян әдет. Зияны ұлтқа тиеді. Біздің алдымыздағы буын әлі жаспыз деп ойлайды. Жастары қырықтан асты. Жаспыз деп жүріп, қартайып барады. Біз ол қателікке ұрынбауымыз керек.

  Әңгімеңе көп рақмет!

Арман Әлменбеттің Жазушылар одағын дамыту жөніндегі қысқаша бағдарламасы

1. Жазушыларды жұмысқа тарту туралы. Қазір істің басына шет тілдерін жақсы білетін, заманауи жаңалықтарды қадағалап отыратын сауатты жастар келді. Телеарнада, кинода, анимацияда, әлеуметтік желілердегі әртүрлі жобаларда солар жүр. Қазақ тілін терең білетін, шығармашылық қабілеті бар қаламгерлер, әсіресе қырықтан асқан буын осы қайнаған тіршілікке араласа алмай қалғаны байқалады. Халыққа ұсынылатын өнімдерді (кітап, комикс, кино, мултьфильм, видео, ән) жазушылар қарап, олардың тілі мен ұлттық мазмұнын байыта алар еді. Ол үшін Жазушылар одағының сапа белгісі жасалып, сол белгіні алу үшін студиялар, баспалар кезекке тұратын күнге жетсе, қаламгерлерге әжептәуір жұмыс болар еді және де халыққа да сапалы дүниелер ұсынылар еді. Сондай-ақ, авторлық құқық мәселесін де жолға қойып, қаламгерлерге табыс әкелу жолын қарастыру қажет.

3. Прозаға қатысты. «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз» журналы арқылы жазушыларға біраз қозғау салуға болар еді. Мәселенки, «Қазақ әдебиеті» газеті жылына 52 рет шығады. Әр нөмірінде проза беті бар. Осы бетке ең жақсы деген жаңа әңгіме шықса және де соған қомақты қаламақы төленсе. Әр әңгімеге 100 000 теңге қаламақы төленсе, жылына небәрі 5 200 000 теңге кетеді екен. Ал «Жұлдыз» журналына ең мықты деген повестер мен романдар (бірнеше санға бөлініп) басылып, повеске 200 000, романға 500 000 теңге көлемінде қаламақы төленсе, жылына 5 400 000 теңге ғана кетеді екен. Яғни, журнал жылына 12 рет қана шығады, әр нөміріне бір повесть пен бір романның жартысы шыққанда, айлық қаламақы 450 000 деген сөз. Сонда осы екі басылымның проза бөліміне жылына 10 600 000 теңге қаламақы керек деген сөз. Бұл дегеніңіз айға шаққанда бар болғаны 884 000 теңге шығын екен. Содан кейін, жыл сайын болатын әдеби жыл қорытындысында осы «Қазақ әдебиеті» мен «Жұлдыздағы» шығармалар ғана талданса, сол жерде жазушылар әділ бағасын алса, бәсеке туар еді.

4. Жазушылардың абыройы жөнінде. Мәдениет министрлігіне бір айда жазушылардан екі жүздей хат келетін кездер болады екен. Соның барлығы дерлік шығатын кітабы мен өтетін мерейтойы, алатын сыйлық, марапатына қатысты өтініштер. Мемлекетке алақан жая беретін жазушылар шығармашылық интеллигенция бола алмайды. «Кісі жылап сүйкімді болмақ емес» деп Әлихан Бөкейхан айтқандай, сұраншақ жазушының пікірін кейін кім ескереді, ондайдан кейін оны қай шенеунік қадірлейді? Осы әдетке тоқтау салудың жолын ұсынамын. Мемлекеттік мекемелерге елдің мүддесін қорғап хат жазуға болады, бірақ жеке басының игілігі үшін хат жазған жазушылар одан кейін Жазушылар одағының қара тізіміне ілініп, жақсылықтарынан құр қалатындай етер едім. Егер жеке басына қатысты өтініші бола ма, оны Жазушылар одағына жазсын.

5. Митинг мәселесі. Совет кезінен қалған жексұрын дәстүрдің бірі – қайтыс болған жазушыға арнап митинг жасау. Жаназасы шығарылған мәйітті одақтың ғимаратына әкеліп, бетін ашып қойып айнала қоршап тұру. Бұл дегеніңіз кезіндегі Сталиннің жерлеу рәсімінен басқа ештеңені есімізге түсірмейді. Өзіміздің дінімізге, өзіміздің ұлттық болмысымызға мүлде жат дүние. Жазушылар шын зиялы боламыз десе, осындай нәрселерді қорықпай реттеуі керек. Сондықтан, христиан дініндегі жазушылар болмаса, дүниеден мұсылман болып өткен кісілерге митинг ұйымдастыруды тоқтату керек.

6. Жазушылар одағында тіршілікті қайнату жайында. Оның ішенен кітапхана мен кітап дүкені ашылуы керек. Маңайдағы консерватория мен өнер академиясының студенттері, таяу-жырақтағы университет студенттері сол жерге келіп кітап оқып, кофе ішіп, бір-бірімен араласуы керек. Сол жерде ылғи кездесулер өтіп жатуы керек. Ол еркін форматта, оқырманмен кездесу секілді өтуге тиіс. Тек жазушылар ғана емес, ғалымдар, саясаттанушылар, кәсіпкерлер де келіп жатуы керек.

Одақтың ішінде тіл үйрететін курстар ашылуы керек.

Сондай-ақ, өнер академиясының және басқа да оқу орындарының студенттерінен құрылған әуесқой театр жұмыс істесе, оған жас драматургтар пьеса жазса, ақылы қойылымдар қойса, қала халқы келетініне күмән болмас еді.

7. Өңірдегі филиалдардың жұмысы турасында. Олар кітап сату, газет-журналды тарату ісіне тікелей ат салысатындай болуы керек. Бұл олардың жергілікті халықпен етене араласуына себеп болады. Филиал басшысы жергілікті қаламгерлерді халыққа таныту; жергілікті қаламгерлерді орталыққа (яғни Алматы мен Астанаға) таныту; республиканың басқа өңірлеріндегі, орталықтағы қаламгерлерді өз өңіріне таныту секілді негізгі үш бағытта жұмыс істеуі керек.

Сұхбатты ұйымдастырған: Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ