Форум. Қолөнер, сәнді бұйымдары арқылы сынға түсті

Уақыты: 18.04.2023
Оқылды: 841
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу облысының білім басқармасының дене тәрбиесі, спорт, алғашқы әскери дайындығы және қосымша білім берудің ғылыми-тәжірибелік орталығының ұйымдастыруымен Талдықорғандағы Оқушылар сарайында «Алтын қазына» көркем және сәндік-қолданбалы өнер бойынша балалар шығармашылығының облыстық байқауы және  «Мамандықтар әлемін ашамыз» атты аймақтық форум өтті. 

Бір аптаның екі күніне жоспарланған екі жоба  көп көңілінен шықты. Алғашқы күні «Алтын қазына» байқауында балалар өзара қолөнер, сәнді бұйымдары арқылы сынға түсіп, үздіктерді анықтады. Облысымыздың 8 аудан, 2 қаласынан келген 70 оқушының еңбегін әділқазылар жоғары бағалады. Келесі жарыста сапа артып, сан жағы да көбейеді деп сендірді. Сайыс болғаннан кейін «үздік» деп танылғаны, «жақсы» деп бағаланғаны бар. Кәсіби мамандар төрелік жасаған жарыста Сарқан ауданы бас жүлдеге ие болып,  200 мың теңге алды.

Одан кейін І орын  Ақсу ауданына (150  мың теңге), ІІ орын Кербұлақ ауданына  (100 мың) және ІІІ орын Қаратал ауданынан (80 мың теңге) келген оқушыларға бұйырды. Жарысқа қатысқандар марапатсыз қалмады. Арнайы номинациялар бойынша «Үздік тоқыма бұйымы» – Көксу ауданына, «Үздік өңделген бұйым» – Ақсу ауданына, «Үздік металл бұйымы» мен «Үздік тоқыма мүсіні» – Сарқан ауданына, «Үздік оригами» – Ескелді ауданына табысталды.  

Ал «Мамандықтар әлемін ашамыз» облыстық форумында бас жүлдені Талдықорған қаласы, І орынды Алакөл ауданы, ІІ  орынды Ақсу ауданы, ІІІ-орынды Қаратал ауданы алды. Арнайы аталымдар бойынша «Үздік бизнес жоспар» – Панфилов ауданы, «Үздік бейнесюжет» – Текелі қаласы, «Үздік презентация» – Көксу ауданы, «Креативті презентация» – Кербұлақ ауданы марапатталды.  Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы Диплом мен Алғыс хат, ақшалай сыйлықтар берілді. 

Қали АСҚАР