Жапон елі бастауыш сыныпта тек жапон тілін ғана оқытады

Уақыты: 27.04.2023
Оқылды: 561
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қай заманда болмасын ұрпақ тәрбиесіне аса мән берген бабаларымыз өзінен кейінгі толқынға күмәнмен қараса да, қара қайысты шарт тілген қанжардай өткір кесімге бармаған. Тентегін тезге, ессізін жөнге салған сол данагөйлер қатты айтса «ақыр заманның қазан түйнектері» деп қоятын болған. Одан арғы-бергі кезеңдегі аталы сөздердің аражігін ажыратып, түгелін тізбектей талдасақ та асылық кеткен тұсты байқамаймыз. Тіпті, жазба әдебиетіміздің басында тұрған данышпан Абайдың өзі: «Қорқамын кейінгі жас балалардан», – деп сипай қамшылап жыр қалдырыпты.

Бүгінде хакім Абайдың жанын шошытқан буынның тектілігі мен намысшылдығына, еңбекқорлығы мен адамгершілік қасиетіне қызыға қарайтын секілдіміз. Данышпанды ойлантқан буын мен бүгінгілерді салыстырып, таразының екі басына қасиеттерін теңдеп, шақты-шанақтысы қайсысы, зілмар тартар асылы кім екенін ажыратып жатудың өзі артық. Десе де, бүгінгі жан ауыртқан, жаға ұстатқан түрлі жайттарды, ақпарат тасқынында тақырыпқа орым болған оқиғаларды тізбелеп кеп жіберсек көңілімізде көп ой күлбілтеленіп шыға келмек. Оның себебін ашпаққа талпынғанда маңдай тіреп жығылар жеріміз «тәрбие» деген асыл құндылық екенін жасырмаймыз.

Бүгінде жас ұрпақтың тәрбиесіне, танымына қарата түрлі пікір айтылып келеді. Бірін тағылымды түзден алған, бірін батыс пен шығысты құбыла, үйін құжыра еткен деп қазақ психологтарының кейбірі ой тұжырса, дені жаһандану кезеңі туындатқан жағдаяттарды алға тартады. Сол психологтардың дені «бүлдіршіндерді телефон тәрбиелеп, смартфон сомдап» жатыр деп дабыл қағуда. Бұл пікірмен де санасуға болады. Өйткені қазақ әдебиетіне олжа салған ақын, танымал бір журналист ағамыз: «Үйдегі немерелерім ағылшын тілінде шүлдірлеп кетті. Сөзін мүлдем ұқпаймыз. Орысша су сұрап ішерлігі бар, қазақшаға ғана жетік біздің ол тілді меңгеруіміз қияндау. Алайда еңбегі жаңа қатқан жас балалардың бейімі, қабілеті керемет қой. Байқасам ютуб арнасындағы мультсериалдарды тамашалап жүріп әлгі тілді меңгеріпті», – деп айтқаны бар еді. Осы бір әңгіме арасында мақтаныш ретінде айтылған сөздің астарында да үлкен қауіп бұғып жатыр емес пе? Қазіргі таңда бүлдіршіндеріміздің көзайымына айналған жалғыз «Балапан» арнасының өнімі тұтас қазақ балапандарын қанағаттандыра алмайды. Соның нәтижесінде бүлдіршіндер қай тілдің туындысын тамашаласа сол елдің танымын, тілін, салт-санасын қанына сіңіріп жатыр. Мұның өзі жоғары мінбеде өз ұлтының тілінде ағылып сөйлей алмағандармен күрес жүріп, оларға тосқауыл бола алмай жатқан кезеңде жас бұлағымыздың суытын өзге арнамен ұластырып, кемерін басқа ұлт құндылығымен молайтып жатқанымыз емей не?

Осыдан біраз уақыт шамасында «Жетісу» телеарнасындағы «Безбен» бағдарламасының жүргізушісі, журналист Айбек Құттыбекпен пікірлескен едік. Билік пен бұқара арасындағы алтынкөпірлік міндетті қатари-хәлінің келгенінше адал атқарып жүрген әріптесіміз: «Бүгінгі күнгі жалаң ұрандарға сенгім келмейді. Біз қағазбастылықтан арылтамыз деп жүріп ұстаздар қауымын ескі сүрлеуге қайта салып, иығындағы жүгін еселеп қойдық. Оны жасырып қажеті қанша? Соның салдарынан әлгі ұлағат иесінің үйреткен дүниесіне іштей қанағаттанбаушылық пайда болып, амалсыз қосымша мұғалім жалдап, бала білімін жетілдіруге тырысып әлекпіз. Бұл жолдағы ата-ана қарасы қалың», – деп толғана келе балаларын телефоннан аулақтатқанын, күніне тек 1 сағат қана еркіндік бергенін айтқан болатын. Оған қоса алдағы уақытта Түркия еліне сапарлаймыз, сондықтан жаппай түрік тілін үйреніңдер деп қара домалақтарына тапсырма жүктепті. Бүгінгі күнді бағамдай білген, болашақ ұрпағынан үміті бар ата-ана есебінде әріптесіміздің айтқан пікірін қасаң дей алмаймыз әрі балаларына тіл үйрену үшін мотивация беріп, шетелге сапарлауды ұсынғаны да жарасымды. Әрбір ата-ана баласына осылайша мүмкіндік сыйлап, оларға жігер беруге міндетті. Оның түрлі жолы бар.

Қарап отырсаңыз біз екі мысал келтірдік. Бірі миы қатып, санасы қалыптаспаған баланың телефон арқылы өздігінен шет тілде шүлдірлеп кетуі, екіншісі ата-ананың тіл меңгеруге балаларын ынталандыруы. Бір қараған адамға бұл жазба жаңылтпаштай көрінуі мүмкін. Бірақ зейінмен зер салсақ парқы жер мен көктей. Бүгінде әдебиеті мен мәдениеті, экономикасы сынды сан саласы бойынша әлемнің алдына шыққан Жапон елі жастарына бастауыш сыныпта тек жапон тілін ғана оқытады. Өз тілінің шырынына толық сусындап болған уақытта барып өзге тілдерге мүмкіндік тудырады екен. Біз баламыздың болашағын ұлт келешегімен қатар ойласақ осындай ұлағат жолына ұйысуымыз керек-ті.

Хош, тіл мен ұлт мәселесі, бала болашағы туралы тарқата берсек тарау-тарау толғамның ұшығына жете алмаспыз. Десе де, бүгінде бала тәрбиесіне көбіне-көп ата-аналар салмақ салуы керек деп ойлаймыз. Ата-ана мен ұстаздар қауымы екі жақтап өскелең ұрпақ тәрбиесіне жауапты болғанда ғана ұл ұлағатты, қыз инабатты болмақ. Бұл күнделікті айтылып жүрген таптауырын тақырып, толғамы жазылған ақыл болуы да мүмкін. Алайда, ащы сынап, ұрпақты ұнтақ көрмес бұрын біз осы сүрлеуді мықтап жаңғыртуымыз керек. «Абай бүйтіп сынаған, бабам үйтіп сынаған» деген ақылмандыққа баспай, ұлы ақын Махамбет Өтемісұлының: «Асылдан болат ұл туса», – деп арзу-арманын айтқандай, Мағжан ақын Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» деген ұранын ұрпақ санасына сіңісті етуіміз әрі жастарды сол үдеден шығуға талпындыруымыз керек-ақ. Сонда ғана «Ұлттық патриотизм – бұл ұлттың ішіндегі жеке адамның асыл белгісі мен қасиеті, өз халқы­на деген сүйіспен­шілігі, өз хал­қы­мен қан жағынан да және шыққан тегі, территориясы, тілі, тұрмыс-тір­шілігі, мінез-құлқы, психоло­гия­лық және этнография­лық ерекше­лік­тері қалыптасқан, тарихи дәс­түр­лері жағынан да әб­ден айқын әрі дербес басқа қасиет­тері және ерекшелік­терімен де бай­ла­ныс­ты» деген Бауыржан Момышұлының пікіріне сай ұрпақ қалыптастыра алармыз. Ол үшін де ата-аналар қауымы алғашқы болып ұрпақ тәрбиесіндегі өзіне түсер салмақ пен терең жауапкершілікті сезіне алуы керек-ақ.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Сурет ғаламтордан алынды